Қоғам • 31 Шілде, 2022

Сарсаңға салған «самокат»

476 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Қала көшелерінде электрсамокатпен зулай жөнелгендерге көз үйрене бастады. Алғашқыда қызыға қарайтын едік. Кейінгі кезде «самокат» тізгіндегендердің қатысуымен жол-көлік апаттары жиілеп кетті. Тәртіп сақшылары да оны тізгіндегендерге жылы қабақ танытпайды. Былтыр елімізде электрсамокаттардың қатысуымен 68 оқыс оқиға орын алып, 1 адам қаза тапқан, 70 кісі жарақаттанған. Ал жыл басынан бері 41 оқиға тіркеліп, бір адам жан тапсырып, 40 адам зардап шеккен.

Сарсаңға салған «самокат»

Суретті түсірген Ерлан ОМАР, «ЕQ»

Жүрмейтін жері жоқ...

Алыстан мысал іздеп керек емес. Осыдан 4-5 күн бұрын Алматы қала­сында самокат мінген әйел көлік есігіне соғылып, ауруханада қайтыс болды. 27 жастағы қыз электрсамокатпен жолда көлік арасымен келе жатқан. Кенеттен «Nissan Patrol» көлігінің есігі ашылған. Сол кезде самокат мінген қыз тоқтап үлгермей қатты жылдамдықпен есікке соғылған. Жарақат алған қыз дереу ауруханаға жеткізілгенімен, бірнеше сағаттан кейін қаза тапты.

Электрсамокат сатып алуға екі­нің бірінің жағдайы келе бермесе де, жыл сайын қала көшелеріндегі оны тізгіндегендердің үлесі артып келеді. Аталған көлік құрылғысы әу баста көбіне алматылықтардың қызығушылығына ие болған-ды. Бұл түсінікті де. Кеп­телістен құтылудың амалы ғой. Мұндай оңтайлы мүмкіндікті мүлт жібермейтін пысықай кәсіпкерлер самокаттарды жалға беру орындарын ашуға асықты. Алматылықтар жаппай Eleven, Ozim, Jet секілді электрсамокаттарды жалға ала бас­тады. Көлік кептелісі елордалықтардың да жүйкесіне әсер етіп, бас қаланың тұр­ғындары да самокатпен сабыр сақтауға ұмтылды.

Төрт түліктің саны артса, жер мәсе­лесі алдан шығатынын білеміз. Сол секілді «самокаттардың» саны артқан сайын проблемалар да туындай бас­тады. Әсіресе жол-көлік оқиғалары жиі­леп кетті. Бұл проблема қоғамда қызу тал­қыға түсіп, соңғы 3 жыл бойы барлық тараптан ұсыныс-тілек ағылған. Былтыр сенатор Нұртөре Жүсіп өзінің депутаттық сауалында элек­тр­самокат, гироскутер тек олар­дың иелерінің ғана емес, жаяу жүр­гіншілердің өмірі мен ден­­сау­лығына қауіп төндіретінін айтқан
еді.

– Өздігінен жүретін машина­лар­дың жылдамдығы өте жоғары және ол тротуардың кез келген нүк­тесінде пайда болуы мүмкін. Бас прокуратураның Құқықтық ста­тис­тика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеті мұндай құрыл­ғы­лардың қатысуымен болған оқи­ға­лардың ресми статистикасын жүр­гізбейді. Электрсамокаттар, самокаттар, гироскутерлер қазір азамат­тар­дың өміріне қауіп төндіретін жағдайға тап болды. Ведомстволық деректер бо­йынша 8 айда осындай құрылғылардың қатысуымен 387 оқиға тіркелді, 25 адам қаза тапты, 411 адам жарақат алды, – деді Н.Жүсіп.

Сенатордың айтуынша, «Жол қозғалысы туралы» заң­ның 64-бабына сәйкес аталған құрыл­ғылар уәкілетті органда мемле­кеттік тір­кеуге жатпайды. Қазіргі уақытта норматив­тік акті­лерде осы типтегі құрылғы­лар­дың жіктелуі жоқ. Ішкі істер министрлігі электрсамокаттарын кез келген көлік құралына, мысалы, мопедтерге немесе скутерлерге тағайындау бір­қатар тех­никалық айырмашылық пен пай­­далану ерекшеліктеріне бай­ла­нысты мүмкін емес екенін айтады.

– Кеден одағының доңғалақты көлік құралдарының қауіпсіздігі туралы техникалық регламентіне сәйкес, жалпыға ортақ пайдаланылатын жолдарда пайдалануға арналған кез келген көлік құралы жақын және алыс жарықпен, жарық шағылыс­тырғыштармен, бұры­лу көрсеткіштерімен, габаритті жарық­тан­дырумен, тежегіш сигналымен, спидометрмен және бүйір айна­лармен жарақтандырылуға тиіс. Бізде олардың ешқайсысы жоқ, қалай?

Көрсетілген құрылғыларға тиісті жік­теудің және техникалық талап­тар­дың болмауы мұндай құралдарды басқаратын тұлғалардың құқықтары мен міндеттерін заңнамалық түрде бекітуге мүмкіндік бермейді. Сон­дай-ақ техникалық реттеудің қа­жет­ті әдістерін, нарықтағы айналым немесе пайдалануға беру қағи­да­ларын, қауіпсіздік талаптарын, сәй­кестікті бағалау рәсімдерін, таң­балаудың бірыңғай талаптарын бел­гілеу қажет. Осыған байланыс­ты электр самокаттарын әкелу мен қауіпсіз пайдалануды құқықтық реттеу қажет деп санаймыз, – деген еді Н.Жүсіп.

Қазір стандарт әзір

Бүгінде Ішкі істер министрлігі электрсамокаттардың қозғалысын реттейтін стандартты әзірлеп үлгер­ген. Атап айтсақ, 1 шілдеден бас­тап елімізде электросамокаттардың тех­никалық сипаттамасын анықтай­тын ұлттық стандарт күшіне енді. Әлі күнге дейін мемлекеттік органдар, қоғамдық бірлестіктер, урбанистер, қарапайым тұрғындар тарапынан ұсыныстар түсіп жатқан көрінеді.

ІІМ Әкімшілік полициясы коми­теті төрағасының міндетін атқа­рушы Жандос Мұраталиевтің айтуын­ша, өтініштер жіті назарға алы­нып, жыл соңына дейін Заң­ға өзгеріс­тер енгізу бойынша нақты қадамдар жасалмақ. Бір анығы, ендігі жерде 16 жасқа тол­маған жасөспірімдер самокатты тізгіндей алмайды. Самокаттардың жарықтандырылуы да – басты назарда.

– Электрсамокаттардың орташа жылдамдығына қатысты мәселе бар. Бұл мәселе бірінші жыл талқыланып жатқан жоқ. Аталған проблема Алматыда басталды. Себебі қаланың басым бөлігі электрсамокат қолда­ну­­шылары атанды. Біз 3 жыл көле­мін­де бұл түйткілді талқылап, заң жүзінде өзгеріс енгізуді жөн көрдік. Электрсамокаттарға қатысты стан­дарт қабылдауды дұрыс деп санадық. Жыл соңына дейін жол қауіпсіздігі туралы заңдарға және Әкімшілік кодекске өзгертулер енгі­земіз.

«Самокаттардың» түрлері, жүр­гізу­шісіне берілетін мәртебе және оның міндеттері мен құқығы се­кілді талаптар көрсетіледі. Бұл нор­­ма­ларды басқа мемлекеттік ор­ган­дар мен қоғам белсенділері тал­қылайды. Электрсамокатын қол­да­нушылардан жүргізуші куәлігі сұралмайды. Алайда самокат айдаушылар жолға, қоғамдық көлік жолағына шықса, жасы 16-ға толуы керек. Электрсамокаттарда міндетті түрде жарық болуы қажет. Қалған талаптарды заңға өзгерістер енгізу кезінде талқылаймыз, – деді Ж.Мұраталиев.

Жалға беретіндердің жағдайы жақсы

Электрсамокаттардың қоз­ға­лы­сын реттейтін өзгерістер оны жалға беретін компанияларға салқынын тигізбейтін сияқты. Әлеу­меттік желілерді шолып отырып, Jet Sharing электрсамокаттарды жалға беру ком­паниясы басшылығының пікірін көзіміз шалды. «Жаңа стандарт ха­лық­аралық тәжірибеге негіз­дел­ген соң иелігіміздегі электрсамокат құрылымына өзгеріс қажет емес. Себебі біздің компания ең заманауи шерингтік самокаттарды пайдаланады. Ол сигналдық ды­быс­­пен жабдықталған, ең жоғары жылдамдық 25км/сағ-пен шектелген. Сондықтан біздің тарапымыздан ешқандай жаңалық енгізілмейді», дейді компания бас­шы­лығы.

Jet Sharing самокаттары Қазақ­стан, Грузия, Армения, Сербия, Беларусь, Қырғызстан елдерінде қыз­мет көрсетеді. Елімізде 300 мың­нан аса пайдаланушысы бар екен. Компания басшысының сөзі­не сүйенсек, қалалардың көлік жүйе­сінде электрсамокаттар өзін­­дік маңызға ие. Компания өкіл­де­рі Алматы қаласы бұған дәлел бола алады деп есептейді. Бірақ Нұр-Сұлтан қаласында велоин­фра­құрылым енді дамып жат­қандық­тан, электрса­мокатты қала­ның көлік жүйесі­не толыққанды енгізу әзірге қиынға соғып тұр. Ірі қалаларда самокат­тардың қажет­тілігі қала тұрғындарының санына қа­рай есептеледі екен. Мысалы, инфра­құрылымы қатты дамымаған Түркияда «200 тұрғынға – 1 самокат» формуласы қолданылады. Ал Еуропа елдерінде 100-140 тұрғынға бір электрсамокаттан келеді.

Қорыта айтсақ, электрса­мокат­тар­дың қозғалысын реттейтін заң жобасы дер кезінде қабылданбақ. Әрине, бұл мәселе ерте қолға алын­ғанда бәлкім бірнеше адамның өмірін сақтап қалар ма едік, кім білсін?! Әйтсе де, ештен кеш жақсы. «Самокатқа» арнайы жол салынбайтыны бірден айтылды. Ендеше, құқықтық жауапкершілікті арттыратын қадамдарға барған жөн. Өз денсаулығы былай тұрсын, өзге­нің өміріне қауіп төнетінін ескерсек, заң жобасында шикілікке жол берілмейді деп сенеміз.