Руханият • 01 Тамыз, 2022

Ақжайықтың Шәмшісі

413 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Жайық жұрты Ғұбайдолла Хибашевты жақсы біледі. Бүгінде сексеннің сеңгіріне келген, «КСРО үздік мәдениет қызметкері», «Еңбектегі ерлігі үшін» медалінің иегері, Ақжайық ауданының құрметті азаматы ағамыздың әндерінің әуеніне тербеліп, бірнеше ұрпақ өсіп шықты.

Ақжайықтың Шәмшісі

Ғұбайдолла Хибашев – бала­лы­ғын сұм соғыс ұрлаған ұрпақ­тың өкілі. Ғұбайдолла ағамызбен замандас, тағдырлас талант, дана Қадыр бір өлеңінде: «Үл­кендерге ұқсамаған еште­ңе­міз қалмады, бұтымызға кигеніміз әкеміздің шалбары», деуші еді ғой? Міне, сол күй, сол жағдай айнымастан біздің кейіпкердің де басынан өткен! Қанды соғыс қайнап тұрған 1942 жылдың қара суық қарашасында шыр етіп дүние есігін ашқан пәк сәби әкесін көрген жоқ. Базартөбенің қырындағы Сопы құмын жаң­ғыр­та келген сәбидің даусын есту әкеге жазбапты. 1944 жылы соңғы хаты келген әке ақыры хабарсыз кетті... Қанқызыл күн батар тұсқа елеңдеумен, қайран Ана да өмірден өтті.

Ғұбайдолла аға айтады-ау: «Шиіттей шикі балаларды шырылдап жүріп, жалғыз жеткізген анамыз 2005 жылы дүниеден өткенше, өткен өмірімді айтып ешкімге өксіген емеспін. Кешегі қасаң заманда соған қызығушылық танытқан жан да болған жоқ. Мойныңдағы міндетті жұмысыңды дұрыс ат­қарсаң – жақсысың, атқармасаң – жамансың. Сол кездегі өкімет пен партияның ұстанымы осы болатын. Әрине, туғанымды көрген көзі тірі қариялар, өзіммен тел өскен «жетімдер армиясы» қадірлейтін, сыйлайтын. Күні кешегі «жәмән шопыр» баламыз Тайпақ өнерінің тізгінін ұстап жүр – деп мақтанып қоятыны да бар еді! Әсіресе жалаңаяқ тікенек кешкен құрдастарым, марқұм Тілекқабыл, Рамазан­дар­дың ор­ны бөлек еді! Со­ғыс жетімдерінің өзі бірнеше категорияға бөлінетін. Сәл-сәл ауқаты бар ағайының болса, қарының толмаса да, тоқмейіл жүресің. Тілекқабыл құрдасым: «әй, Құбес, мына Рамазан екінші категорияға жатады. Себебі ағайыны болды. Нағыз тұлдыр жетім екеуміз ғой. Не тойып тамақ ішпестен, не бүтін киім киместен, балалықсыз, бірден жігіттікке аман өтіп кеттік, яғни нағыз бірінші категориямыз, деп әзілдейтін. Қайбір жетіскен әзіл дейсіз, балдәуренсіз өткен өксікті жылдардың запыран зары да! Бері келе, өзіңдей інілер сұрай бергесін аздап сыр ашқаным. Әйтпесе, ол заманды онша еске ала бергім келмейді. Елге ортақ ойран еді ғой... Шүкір, ғұмырымның сәулелі сәттері де жетерлік. Одан да сол соңғы жылдар жайлы сыр шерткенді қолай көремін».

Міне, Ғұбайдолла ағамыз осылай дейді.

Әлқисса, Алмалы орта мек­те­бін бітірген бозбала Ғұбай­долла әскерден мақтаулы жү­р­­­гізуші атанып, абыроймен елге оралды. Міне, нағыз бо­ла­шақ осы кезде басталды. Ғұбайдоллада Ананың алтын жа­ты­рында жатқанда-ақ сіңген бір ерекше қасиет бар-тын. Ол – өзгеге бұйыра бер­мей­тін өрелі өнер еді. Бойда бұ­ғып жатқан тасқайнардай талант бұ­лағы осы кезде буырқанып шық­ты да, Ғұбайдолла Хибашев Тайпақ өнерінің теңізінде жүзіп жүре берді. Халық ән-күйге шөл болатын. Өнер өзені өз арнасын жаңа тауып жатқан сәт. Құбе­ке­ңе бірден өнер ұжымының жетекшілігі тапсырылды. Содан, сол 1966 жылы есігін ашқан Тай­пақ ауданының мәдениет үйінен 1999 жылы зейнетке шығып барып жапты.

Тайпақ мәдениетін 32 жыл өрге сүйреп бақты. Қазақ әде­бие­тінің классигі, кәдімгі Сәбит Мұқанов «Мойныма шор түсер деп аямай сал, мен сенің өгізіңмін өрге сүйрер» – дегеніндей, ел мәдениетіне өлшеусіз үлес қос­ты, қосып та келеді. Қосып та келеді дейтініміз, Құбес зейнетке шыққан соң да қарап жата алмады. 1997 жылы Чапаев – Тайпақ аудандары қосылып, Ақжайық атты алып ауданға ай­налды. Алып емей немене, ару Жайықтың қос қапталын тең жайлап, Орал мен Атырау аймағын қосып жатқан Жұбан елінде 18 ауыл­дық округ бар. Мұндай аумақ­ты алып жатқан аудан­ елі­­­­міз­де си­рек шығар?! Осы өл­ке­­нің өнері де озық. Себебі  Ғұбайдолла сынды кәрі тарлан өнер­ден қол үзген емес. Ағамыз 2006 жылы Ақжайық аудандық мәдени-демалыс орталығына жұ­мысқа шақырылды. Оған себеп болған сол кездегі өнер жана­шы­ры аудан әкімінің орынбасары Меңзипа Дүйсенбайқызы мен аудандық мәдени демалыс орталығының директоры Ерлан Абайұлы еді. Мұнда 2008 жылға дейін жұмыс істеген ағамыз отбасы жағдайымен Ақсай қала­сына ауысты. 2010 жылға дейін Ақсай мәдениет үйінің ди­ректоры болды. 2015 жылы Орал қаласына оралған сексен жастағы «шалымыз» әлі жұмыс істейді десем, сенесіз бе? Сенсеңіз де, сенбесеңіз де, Ғұбайдолла Хибашев бүгінде бір белді мекемені күзетуде! Түр-әлпеті, жүріс-тұрысы Нұрғали Нүсіпжановтан аумайтын ағамыз әлі сергек, «жап-жас»! Кіндігінен өрбіген екі ұл, бір қыз да шетінен өнерпаз.

Ғұбайдолланың компо­зи­тор­­­лық қыры күллі қазақ бі­лердей, елі ескерердей-ақ! Әттең, музыкалық білім алмай, ел ішін­дегі елеусіз талант болып қалған. Бірақ Ғұбайдолла Хи­ба­шевтың алты Алашты аралап кеткен шығармасы көп. Мә­селен, біздің буын ағаның «Қаракөз қарындасым» атты әнін тыңдап, шырқап өстік. Жергілікті ақын Мәлік Берді Әлінің сөзіне жазылған «Ақжайық – өлкем» әні бүгінде Жұбан елінің әнұранына айналған. Кезінде, 1958 жылы өткен тұңғыш облыстық ақындар айтысының бас жүлдесін алған жерлес, ақын ағамыз Хамит Әбі­ловтің сөзіне жазылған «Жа­йық­тың ұл-қызын-ай» әні жарты ғасырға жуық ел аузында.

Атақ-мансап қумаған қара­пайым өнер өкілінің қадірін туған елі де бағалай білді. 2000 жылы сол кездегі облыстық филармония директоры, өзі де сазгер Донеділ Қажымовтың қолдауымен Орал қаласында үлкен авторлық кеші өтті. Бүгін­де Ақжайық ауданында екі жыл са­йын Ғұбайдолла Хибашев ән­де­рін орындаушылардың конкурсы өтіп тұрады. Әу баста, аудандық болып басталған ән-жа­рыс қазір республикалық дең­гейге дейін өсті. Алла қосса, биыл да жоспарда тұр.

Ғұбайдолла Хибашевты ұстаз тұтатын, оның қамқорлығын көрген өнерпаздар да аз емес. Алды атақты Көшерғали Ма­каров – бүкіл Түркі дүниесі жырау­лары конкурсының лау­реаты болды. Қазақстанның ең­бек сіңірген әртісі, дәстүрлі әнші Сәуле Таудаева, Зияш Аманғалиева, бүгінгі Рүстем Кереевке дейін атай беруге болар еді. Республикаға белгілі өнер топтары десеңіз: «Толқын» вокалды аспаптар ансамблі, «Жайық сазы» фольклорлық ансамблі, Шектібаевтар, Құсайы­нов­тар, Қарақойшиевтер, т.с.с. отба­сылық ансамбльдерінің бар­лығы да Ғұбайдолла Хиба­шевтың «өткелінен» өтіп барып жүлдегер болғанына ел куә.

Аймағын әсем әндерімен тербеген, жан баласына жамандық ойлап көрмеген, еліне сыйлы асыл ағамызға ұзақ өмір тілейміз!

 

Сағынтай БИСЕНҒАЛИЕВ,

Ақжайық ауданының құрметті азаматы

 

Батыс Қазақстан облысы