Семейліктермен кездескен аталған ұйымның өкілі бүгінге дейін қор 5 қазақстандық балаға құны млрд теңге болатын «золгенсма» инъекциясын алуға жәрдемдескенін жеткізді. Денсаулық сақтау саласынан басқа бұл ұйым білім беру саласында да қолдау көрсетуге әзір.
«Қазақстан халқына» қоры Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен құрылғаны баршаға мәлім. Оның қызметті екі бағытқа арналған. Атап айтқанда, атаулы көмек көрсету және даму бағдарламаларын іске асыру. Облыстағы көптеген ірі кәсіпорын мен іскер азаматтар бұл бастаманы бірден қолдап, қорға қомақты қаражат аударғанын айта кеткен орынды», деді Абай облысы әкімінің орынбасары Айдын Кәрімов.
Оның айтуынша, қазір жергілікті атқарушы органдар осы бағытта жұмыс жүргізіп келеді. Қазіргі басты міндет – қормен өзара іс-қимылдың ортақ нүктесін тауып, азаматтардың өмір сүру сапасын жақсартуға байланысты ұсыныстарды жеткізу.
Л.Шыңғысбаева қорға мыңдаған өтініш келіп түсетінін және басым бөлігі денсаулық сақтау саласына қатысты екенін айтты.
«Бізге келіп түскен 40 мың өтініштің басым бөлігі денсаулық сақтау саласына қатысты. Әлбетте, бұл бізді алаңдатпай қоймайды. Осы күнге дейін дамыл таппай қызмет етіп келеміз. Өйткені қорға үлкен үміт артылып отыр. Әрине бұл жеткіліксіз және әр өңірдің өзіндік ерекшелігін ескеру керек. Сондықтан қордан қандай көмек қажет екенін талқылау қажет», деді «Қазақстан халқына» қоры басқарма төрғасының орынбасары.
Бұдан бөлек «Қазақстан халқына» қорына студенттер мен талапкерлердің ата-аналарынан 1,5 мың өтініш келіп түсіпті. Оның басым бөлігінде жастардың оқумен қатар жұмысты бірге алып жүргені айтылып, пандемияның салдарынан студенттердің көпшілігі оқу ақысын төлей алмай, тағы бірі аурудың кесірінен академиялық демалыс алуға мәжбүр болғаны жазылған. Соған сәйкес жас азаматтар кем дегенде соңғы оқу жылының ақысын төлеп беруге қолдау сұраған.
«Қазақстанда 120 жоғары оқу орны бар. Оның 75-іне мемлекеттік грант беріледі. Олармен конференция өткізіп, келісімшартқа отыру көзделуде. Әр оқу орынға шәкіртақымен 3 грант бөлеміз», деді қордың өкілі.
Қордың білім гранттарын иелену үшін үміткерлер ауылдық жерден, сол секілді өзінің немесе ата-анасының мүгедектік мәртебесі және әлеуметтік аз қамтылған отбасыдан болуы шарт. Семейде бұл жобаға Alikhan Bokeikhan University, Шәкәрім атындағы университет және Семей медициналық университеті қатысып, оларға 3 гранттан тағайындалды.
Абай облысындағы ауыл мектептері де аталған қордың дамыту жоспарына енгізіліп, 17 білім беру ұйымының оқу кабинеттері заманауи құрал-жабдықтармен жарақталады.
Абай облысы