«2022 жылдың 30 шілдесі күні облыс аумағында жалпы COVID-19 дертінің 28 215 жағдайы тіркелді. 100 мың тұрғынға шаққанда аурушаңдылық көрсеткіші 2 451-ді құрады. Пневмонияның 8 661 жағдайы тіркелген (100 мың тұрғынға шаққандағы көрсеткіш – 752,4). Ал өткен тәулікте коронавирус дертіне шалдыққандардың 101 жағдайы анықталды, пневмония ауруын жұқтырған азамат тіркелген жоқ. Жалпы, бүгінге дейін 26 738 азамат дертінен сауығып шықты», дейді облыс әкімдігі денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әсет Қалиев.
Басқарма басшысының айтуынша, қазіргі кезде сырқатқа шалдыққандарды инфекциялық стационарға орналастыру бойынша ешқандай мәселе жоқ. Бүгінгі таңда өңірде 261 төсектік орны бар болса, оның 29 пайызы ғана дерт жұқтырған азаматтармен толған. Оның ішінде 8 азамат жансақтау бөлімінде ем қабылдап жатыр. Бұл қарастырылған төсектік орынның 28 пайызын құрап отыр.
Жалпы, облыс бойынша 23 БМСК ұйымдарында 45 егу пункті бар, олардың 16-сы қалада орналасқан болса, 29-ы – аудандарда.
2021 жылдың 1 ақпанынан бастап облысқа 380 440 доза QazCovid-in – отандық вакцинасы (190 220 адамға), 843 590 доза Спутник V (421 795 адамға), 60 мың доза (30 мың адамға) Хаят Вакс, 34 мың доза (17 мың адамға) КоронаВак, 303 мың (151 500 тұлғаға) арналған VeroСell Синофарм, 10 мың доза Спутник Лайт, 333 450 доза Pfizer (США) вакцинасы жеткізілген болатын.
«Өңірде 638 897 азамат вакцинаны (101,2%) бірінші компонентімен, 633 121 адам екінші компонентін (100,3%) салдырды. Вакцина қабылдағаннан кейін дерттің асқыну жағдайы тіркелген жоқ. Бүгінгі таңда 18 жастан асқан азаматтарды вакциналау үшін екінші компонент бойынша 2 313 доза вакцина қалды. Ревакциналаудан өткен азаматтардың саны 408 984 адамды құрап отыр. Файзер вакцинасының бірінші компонентімен 133 531 адам (бұл 139 230 адамның 95,9%-ы), екінші компонентімен 129 233 адам (92,6%) қамтылған. Оның ішінде 113 936 (103.4%) жасөспірім, 4 441 (57,4%) жүкті әйел және 15 154 (71,2%) бала емізетін әйел қамтылды», дейді Ә.Қалиев жағдайды түсіндіріп.
Оның сөзіне сүйенсек, өңірде коронавирус инфекциясымен күрес қалыпты деңгейде жүргізіліп жатыр. Мамандар қауіпті дерттің алдын алуда аянбай еңбек етуде. Әйткенмен, тұрғындар сақтық шарасын сақтағаны ләзім. Аталған дертке шалдыққандардың қарасы артқан жағдайда, оларды қабылдау үшін резервте тұрған қосымша төсектік орындар жеткілікті.
«Жалпы, өңірдегі жағдай бақылауда. Дегенмен тұрғындар сақтық шарасын сақтағаннан ұтылмайды. Азаматтар осыны қаперден шығармаса екен», дейді өңірдің бас дәрігері.
Жамбыл облысы