06 Мамыр, 2014

Тоқтағұл – жырдың жарық жұлдызы

965 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін
Токтагул-2Түркі жұртының алтын бесігі – қасиетті қазақ жері шаттық пен салтанат құшағында. Ұлы Абай еліне үлкен мейрам – жыр мейрамы келді. Бұл – Халықаралық түркі мәдениеті ұйымы ТҮРКСОЙ шешімімен 2014 жыл қырғыздың ұлы ақыны, ойшыл, композитор Тоқтағұл Сатылғанов жылы болып белгіленуіне байланысты мерейтойлық шаралар. Биыл туғанына 150 жыл толып отырған ақиық ақынды еске алып, талантына тағзым етуге арналған мерекенің түп қазығы ауылы аралас, қойы қоралас, түбі бір қырғыз ағайын жерінде сән- салтанатымен басталған толағай тұлғаның екі халыққа да ортақ екені, екі халықтың да мақтан етер перзенті екендігі. Біз жыр жүйрігінің гуманистік ұлы мұраттарға қызмет ететін озық ойлы өлеңдері жүз елу жылдан кейін де ел есінен кетпей, бауырлас елдерді тоғыстырып, әдебиет мейрамына, достық пен жарастық мейрамына айналғанын ерекше мақтан етеміз. Тоқтағұл ақын есімін біздің елімізде жақсы біледі. Жыр алыбы қырғыз елінде қалай құрметтелсе, қазақ халқы үшін де соншалықты қастерлі. Осыдан бір жарым ғасыр бұрын Ош облысының қазіргі Тоқтағұл ауданындағы Кетмен-Төбе алқабында өмірге келген ақын жастайынан халық фольклорынан сусындап өсті. Анасы Бұрманың көптеген ертегі-аңыздарды біліп, жоқтау жырларын шығаруы, әкесі Сатылғанның өзінің жеке әндерін орындаған талант қырлары әсер етсе керек, Тоқтағұл он екі жасынан суырыпсалма ақындығымен ерте танылып, табан астында өлеңдер шығарады, қомызда ойнап, жиын-тойларда өнерін көпшілікке паш етеді. Есенаман, Нәкен, Чонды, Сартбай сияқты атақты ақындардан үлгі алады. Он сегізінде айтысқа түсіп, бүкіл қырғыз еліне танылады. «Жоқшылықтың кесірінен», «Баспанам Қабақ жер болды» атты алғашқы өлеңдерінде тұрмыста көрген зардабын айтып, жеке тағдыр тауқыметін жырға қосады. Балаң жігіт шағында шығарған «Сүйім­­қан», «Насылқан», «Алымқан», т.б. ғашықтық сарынға құрылған жырлары кейін қырғыз махаббат лирикасының клас­сикалық үлгілеріне айналды. «Бес қабан» атты сатиралық туындысы мен «Өсім­қор Чақырбай», «Дотқанбай асында жыр­ланған жыр», «Мұратбек», «Эшен қалпе» жыр­ларында ашкөз бай-манаптар мен дүние­қоңыз дінбасыларды ащы тілмен әжуа­лайды. Ал терең ойлы, өміршең тебі­ре­ніске толы «Насихат», «Терме», «Үлгі жырлар», «Даналық жырлар», «Түзу жол­дан шықпағын», «Рахатта өмір сүр», «Не қызық» және т.б. шығармаларында тірші­лік мәнін, имандылық мұраттары мен жан тазалығын, жасампаз еңбекті жыр­лады. Өзі өмір сүрген қоғам шындығын еш бүркемелемей айтып, заман әділетсіздігі мен келеңсіздіктерін аяусыз сынаған туындылары жергілікті билеушілердің ашу-ызасын тудырып, ақын қудалауға түседі. 1898 жылы патшалық отарлау жүйесіне қарсы Мәдәлі ишан бастаған қозғалысқа қатысқан Тоқтағұл соншалықты ауыр қылмысы болмағанымен, бұрыннан өші бар кейбір манаптардың жалған ақпарымен өлім жазасына кесіледі де, соңынан жиыр­ма бес жылға Сібірге жазасын өтеуге жі­беріледі. Алыс жаққа кетіп бара жатып «Қош бол, ана», «Қош бол, халқым» ат­ты отан­­­шылдық рухтағы өлеңдерін шы­ға­ра­ды. Сібірде айдауда жүріп, адам төзгісіз азапты жылдарын өткерсе де, қайтпас қайсар ақын тағдырына мойымай, өлеңін өміріне серік етеді. Сібір шыршасын балтамен шауып, күндіз-түні бірдей сарнайтын қомыз аспабын жасап, тіршілік түйткілдерін жыр етеді, бай-манаптар мен түрме айдауылдарына өшпенділігін, жан күйзелісін баяндайды. Мұнда ол уақытын бос жібермейді. Орыс тілін үйреніп қана қоймай, сауатын ашады, айдауда жүрген озық ойлы орыс зиялыларымен етене жақын араласуы көптеген жайлардан көзін ашады, бұл оның елін азат ету жолындағы ойларын ширықтыра түседі. Сібірдің ит тұмсығы өтпес қалың ну орманы мен қатал табиғаты аясында оның «Тауды айнала ұшқан бүркіт», «Осындай ма сұрағың?», «Азапқа түсті өмірім», «Тұтқынның жыры», «Қамауда» және басқа өмір қайшылықтарына үңілген, заман тылсымдарын ашқан сырлы да мұңлы, ғибратты өлеңдері туындайды. 1902 жылы қасындағы орыс жолдас­тарының көмегімен тұтқыннан қашып шығып, қазақ даласы арқылы жаяу-жалпы жол жүріп, бір жылдан астам уақыттан кейін Алатаудағы атамекеніне оралады. Осы сапарында «Қазақ жеріндегі жыр» атты көлемді толғау жырын шыға­ра­ды. Елге келгендегі «Туған жермен қауыш­­­­­қанда», «Армысың, сүйікті хал­қым!», «Аман-саусың ба, туған анам?» сияқты өлең жырлары туған жерге деген сағыныш пен терең сырға толы. «Барпы ақынмен кездескенде», «Диірменші Жаналының үйінде» өлеңдерінде ақын патша билігінің құрдымға кетіп, жаңа өмір орнайтындығы туралы көрегендік танытады. Ақынға өш болыстар күрескер ақынның турашыл жырларынан қауіптеніп, оны Наманган түрмесіне отырғызады. Алайда, Оңтүстік Қырғызстан мен Талас алқабының жұртшылығы сүйікті ақынын жақтап өре түрегеліп, билік орындары оны босатуға мәжбүр болады. Кеңестік кезеңде ақын жаңа өмірді жырға қосқан бірнеше өлең-жырлар шығарды. Жас шағында бастан кешкен азап зардаптарынан денсаулығы күрт төмендеп, 1930 жылы өмірден өтеді. Артында бай мұрасы: өлмес өлеңдері мен өрнекті ән-күйлері қалған үлкен дарын иесі: «Қызыл тілім сөйлесін, Қызыл тіл жалғыз кем соғар, Қомузым қоса гулесін! Қайран Тоқаң, көз жұмса, Қайрылып келіп кім қарар Қара шам басқан мүрдесін?.. Халқымнан кетсем қайғырман, Қалың жұртым гүлдесін!» – деп қызыл тілін сөйлетіп, қомызын қоса гулетіп өмірін өлең-жырмен, ән-күймен өрнектеп өткізген дарабоз ақын соңғы демі бітіп бара жатып: «Елімнен кетсем өкінбен, Еркіндеп елім гүлдесін!» – деп өлеті­ні­не қайғырмай, туған халқының тілеуін тілеп, еркін ел болуын арман еткен. Жыр жүйрігі айтыс өнерінде де алдына жан салмаған. Оның Ешмәмбетпен, Қа­лықпен, Әлімқұлмен, Барпықпен сөз сайыстары айтыстың озық үлгілері қата­рында аталып, бұл жанрдың клас­­­­сика­лық деңгейге көтерілуіне зор үлес қос­ты. Жыр жампозы қырғыз эпос­тарын жат­қа біліп, шебер орындай білген. «Жа­ным – Байыш», «Сарынжи- Бөкей», «Кедей­кан», «Құрманбек», «Нариккан», «Шыр­дакбек», «Олжабай мен Кішімжан» жыр­­­ларын тамаша орындаушы ретінде танылған. Сегіз қырлы, бір сырлы талант иесі Тоқтағұл жыршылар мен қомыз­шы­лардың ұлық ұстазы ретінде өз мек­тебін қалаған. Қалық, Коргол, Алым­құл, Атай ұлы ақыннан тікелей тәлім алып, өздері де басқаларға игі ықпалын тигізеді. «Шешендік сөзге қырғызда бас бәйгені бермеген сәйгүлік» Тоқтағұл жыршылық, ақындық талантымен елге қалай танылса, өз жанынан күй шығарған асқан қомызшы ретінде де белгілі болған. «Ботай», «Тоғыз қайрым», «Қыз кербез», «Чоң кербез», «Мырза кербез», «Мин қиял» сияқты атақты күйлерін шығарған. 1928 жылы музыка зерттеуші әрі жинау­шы А.В.Затаевич ұлы композитордың 18 күйін нотаға түсіріп алып, 1934 жылы Мәскеуде шыққан «Қырғыздың аспаптық 250 күйі және әуендері» жинағында жариялаған. Дара дарынның ән-күйлері қырғыз кәсіби музыкасының қалыптасып дамуына қосылған үлкен үлес болып табылады. Жақында ғана Астанада өткен шығармашылық концертінде күй орындаудың асқан шебері Жанғали Жүзбай ерекше шабыт үстінде кең жайлауда көсіле көшкен көшпенділерге ортақ мұңды қозғап, Тоқтағұлдың әлгі «Тоғыз қайырымының» біреуін қайы­рып, жұртшылықты бір серпілткен еді. Ұлы ақын қазақ пен қырғыз халықтары достығының жаршысы болды. «Қазақ жеріндегі жыр» толғауында: «Сәлем берем жалпыңа – Бір туған қазақ халқына!» – деп ақын өз басынан өткен тауқыметін «Ағайын қазақ халқыма, Арызымды айтып қайтайын» деген өлең жолдарымен тізбектеп, қазаққа мұңын шағады, елдік-еркіндік мұраттарын тілге тиек етеді. Өзіне жақсылығы тиген ел жақсыларын жырға қосып, «Ел екенбіз әуелден, Қырғыз-қазақ бір туған» деп туысқан екі халықтың мызғымас бірлігін айта келе: «Ризамын қазақ халқына Ұзақбай мен Сүлеймен, Жаманбай, Жәке бір туған Құдай мені оңдырмас Қасиетіңді ұмытса», – деп жүрек­жар­ды ықыласын білдіреді. Ақын қазақтың атақты ақындарымен етене жақын араласқан. Оған оның жыр алыбы Жамбылмен, ақын-композитор Кененмен, айтыс ақыны Үмбетәлімен достығы куә. Қырғыз еліне жиі қатынаған Жамбыл кезекті бір сапарында: «Айдауды көрген Тоқтағұл, Байлауды көрген Тоқтағұл, Зынданды көрген Тоқтағұл, Мұң-зарды көрген Тоқтағұл, Қол, аяғы кісенмен Қинауды көрген Тоқтағұл, Қайда екен сол Тоқтағұл!...» – деп талантына сүйсінген қадірлі досы Тоқтағұлды іздейді. Екі ақынның алғашқы кездесуі 1912 жылы қырғыздың Үлкен кебін деген кең жайлауында атақты манап Шабданға берілген аста өтеді. Бұл туралы асқа куә болған орыстың этнограф-ғалымы С.Дмитриев өзінің «Известия императорского русского географичес­кого общество» басылымының 1912 жылы шыққан ХІ томында жарияланған мақаласында: «Пішпек уезінде өткізілген Шабдан Жантаевтың асына...небір талантты ақындар келді. Олардың ішінде ең атақтылары Жамбыл, Қалмырза, Тоқтағұл, Өмірзақ, Кенжеқара еді. Олардың жырлары еш жерде жазылып алынбаған. Таңның атысы, күннің батысы тасқындай сапырып, дамылсыз жырлаған ақын-жыршылардың табиғатына, болмысына қайран қаласыз», деп таңғалып жазған еді. Міне, осы аста ұстазы Жамбыл мен замандасы Кененнен кейін Үмбетәлі өзіне жыр кезегі тигенде ақпалы термесіне Тоқ­­тағұлды қосқанда бір қырғыз бегі үйге кіріп келіп, ол: «айыпкер, қашқын» екен­ді­гін айтып, Тоқтағұлға тап береді. Сонда Жам­был Тоқтағұлды жанына шақырып алып: «Келдің бе, ақиығым алыс жерден, Өтіпсің самғап ұшып, асқар белден. Алмас пышақ қап түбінде жатпас деген, Хан төрі айналмай ма сендей ерден. Ер ғана елін табар іздеп жүріп, Жүрсе де ғұмырында қорлық көріп. Құландай-ақ бұғауын үзіп қашқан Жетіпсің енді міне елге келіп...» – деп құшағын жайып, қасынан орын берген сәтте әлгі манап енді қазақ ақынын тілдегенде даудан да, жаудан да беті қайтпаған Жамбыл жырау екілене түсіп, желісі ұзақ жырмен төкпелеп береді, «Ақынды ақын таниды, Сөз қадірін аңдайтын», деп ақындық өнерді биікке көтереді. Сонда жас жағынан үлкен ақын ағасына Тоқтағұл ризашылығын өлең жолдарымен білдірген: «Қазақта Жамбыл сен едің, Шалқып жатқан көл едің. Тасып жатқан сел едің, Тоқтағұлың мен едім, Қай қырғыздан кем едім? Қарсы болған манаппен, «Итжеккенді» көргемін. Қыспағында жүрсем де, Өлең болды ермегім...», – деп терме толғауын ағытқан екен. Бұл кездесу де екі ақынның достыққа адалдығын, бір-біріне деген зор қошеметін айғақтайды. Кенен ақын да Тоқтағұлмен үлкен жиындарда, ас-тойларда кездесіп, осылай ағалы-інілі қарым-қатынаста болған. Өзінің «Менің ұстаздарым» атты өлеңінде: «Ақындардың дүлдүлін сонда көрдім, Дауысын естіп Жәкеңнің күмбірлеген. Қырғыздың Тоқтағұл мен Қалмырзасы, Еліктіріп әкетті жырыменен», – деп Тоқтағұл талантына тәнті болып, үлгі тұтқан. Қазақ ғалымдары да қырғыз ақыны­ның шығармашылығына жоғары ілтипат білдірген. «Манас» жырын қызғыштай қорғап, құнды ғылыми еңбек жазған Мұхтар Әуезов Тоқтағұл талантына «қырғыздың дана ақыны» деп жоғары баға беріп, «халықтық қазынадан өрбіп-өскен, өз жырларын халықтың шынымен, сырымен суарған Тоқтағұл» деп ақын поэзиясының халықтық негізін атап өткен. Ал академик Қажым Жұмалиев 1966 жылы шыққан «Сөз зергерлері» атты жинақта түркі және парсы поэзиясының классиктері қатарында Тоқтағұл поэзиясы туралы арнайы мақала жазды. Ақын арманы орындалды. Егемен ел атанған Қырғыз Республикасы қазір тәуелсіздігін нығайта түсуде. Туған Отаны да аяулы ақынын әркез әспеттейді. Елдегі электр жарығын өндіруші негізгі су қоймасы, ұлттық филармония ақын есімінде. Ұлы тұлға атында қаншама мектеп, елді мекен аттары бар. Жүз сомдық банкнотада Тоқтағұл бейнесі жарқырап көрінеді. Бас ақынға көрсетілген құрмет деген осы болар! Серікқазы ҚОРАБАЙ, М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты Абайтану және жаңа дәуір әдебиеті бөлімінің меңгерушісі. АЛМАТЫ.