Туризм • 02 Тамыз, 2022

Туризм саласындағы тәуекелдер

336 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін

Айналайын, Жетісу! Табиға­тыңды қалай мақтасақ та Тәңірдің мерейі өн бойына құйылып түскендей жараса кетеді. Анау Алакөл, мынау Балқаш көлі, таулы аңғарлар, қызылды-жасылды желектер, тарихи нысандар – бәрі-бәрі жанға сая, көңілге мерей. Жаз басталса жапатармағай көлге асығатын халықтың әу бастағы ойы – жұрт тамсанған туризм саласы. Бұл ретте өңірдің өрісі кең, айдарынан жел есіп тұр. Оның үстіне жылдан-жылға түрленіп те келеді. Бүгінгі біздің әңгімеміз осы жайында.

Туризм саласындағы тәуекелдер

Болашағы зор Балқаш көлі

Балқаш көлі жағалауының инфра­құрылымы және тау туризмін дамы­ту жүйелі түрде қолға алынбақ. Топо­левка ауылынан Жалаңаш кордонына дейінгі жол жөнделген жағдайда 4 ұзақмерзімді жоба жүзеге асып, жаңа жұмыс орындары ашылады. Бұл өз кезегінде тау туризмін дамытуға үл­кен септігін тигізері сөзсіз. Турбазаға ар­нал­ған үш жоспар бар. Бірінші жоба – Үлкен Басқан шатқалында, инвестор «Sadu Development» ЖШС, инвестиция көлемі 120 млн теңге. Екінші­сі – Жалаңаш шатқалында, инвестор «AQPANASSETS» ЖШС, инвестиция көлемі – 350 млн теңге. Үшінші жоба – Шолақ-жота шатқалында, инвестор «Sadu Development» ЖШС, инвестиция көлемі – 100 млн. теңге. Ал төртінші жоба бо­йынша 50 млн теңге құрайтын инвестицияға этноауыл ашылады.

Балқаш көлі жағалауында ұзындығы 16,3 шақырым, жалпы ауданы 860 гектар жер учаскесіне 7 демалыс айма­ғын салу қарастырылған. Қазіргі уақыт­та инженерлік коммуникациялар желі­сіне арналған жобалық-сметалық құжат­тамасы дайын. Жағалауға электр, ауыз су, кәріз желісі тартылмаған. Балқаш көлінде туризмді дамыту үшін алдымен су, электр жүйесін тартып, жол салу қажет. Жобаның құны 4,9 млрд теңгені құрайды.

Аталған жоба іске асса, инвесторлар демалыс орындарын, қонақүй салуға дайын. Нәтижесінде, отбасылық демалыс нысандары, емдеу-сауықтыру кешендері ашылады. Ерекше және VIP демалыс аймақтары туристерге қызмет көрсетпек. Құрылыс-монтаж жұмыстары аяқталғаннан кейін, 13 млрд теңгеге инвестиция тарту және 7 мың адамға жаңа маусымдық жұмыс орындарын ашу жос­парда бар.

Балқаш көлінің жағалауында қазіргі уақытта 18 демалыс аймағы жұмыс істей­ді. Әйтсе де әттеген-ай дейтін жері де жоқ емес. Өкінішке қарай, көл жағасында спорттық-бұқаралық ойындар өткізуге арналған спорттық алаң салынбаған. Сонда да жыл сайын шомылу маусымы ашылғанда жағажай футболы мен волейболдан жарыс өтіп тұрады.

Биылғы шомылу маусымының ашылуына жағажай волейболы, арқан тар­ту, гір көтеру және армреслинг бойын­­ша сайыстар өткізу жоспарланған. Одан бөлек бұл жақта жол мәселесі де әлі өзекті. Айталық, 2017-2020 жылдары бюд­жеттен 10 млрд теңгеге жуық қаржы шығынданып, «Алматы – Өскемен – Лепсі – Ақтоғай» автомобиль жолының тек 35 шақырымы ғана жасалған. Бас мердігер «Жол» ЖШС тақтайдай жол төсеп, жобаны сапалы атқарып шықты.

Былтыр «Алматы – Өскемен – Лепсі – Ақтоғай» автожолының 35-110 шақырым аралығы қайта есептеліп, жол құрылысы 1 3693,555 млн теңгені құрады. 2023 жылға дейін толық аяқтау «Жол» ­ЖШС-не тап­сырылған. Сондай-ақ Лепсіден көл жағалауына дейінгі 27 шақырым жолға 2 955,334 млн теңге бөлініп, құрылыс жұмысы бас мердігер «Казс-тройцентр» ЖШС-нің еншісіне тиіпті. Олар жобаны келесі жылдың шомылу маусымына дейін аяқтайтынына сенімді.

Қазір аталған аумақтарда топырақтың өсімдік қабатын алу, айналма жолды жайластыру, жер қазу, құбырлы және тюбенді өткелдердің құрылысы, тағы да басқа жұмыстар жүргізілуде. Дегенмен көлге шомылуға баратын жүргіншілер 2017 жылдан бері жыл сайын сағызша созылып келе жатқан жол құрылысына наразы. Осы жағдай биыл да қайталанғалы тұр. Сондықтан Балқаш көліне келетін демалушылардың қатарын көбейту үшін автожолды тездетіп жөндеген жөн.

Тағы бір айта кетерлігі, қазір демалу­шылардың талғамы жоғары. Неге десе­ңіз, шетелдің жанға жайлы, демалысқа қолайлы жерлеріне жиі баратындар елдегі демалыс айлақтарынан да сондай жағдайды талап етеді. Бұл ретте Сарқан ауданындағы туризм мен демалыс орындарын дамыту мақсатында 2012 жылдан бастап «Балқаш туристік-рекреация­лық аймағын» жоспарлау жобасы қолға алынды.

Тынымсыз жұмыстың нәтижесінде мемлекеттік сараптаманың және бас жос­пардың оң қорытындысымен 860 гек­тар аумақты құрайтын бас жоспардың ­560 гектарының техникалық-экономика­лық негіздемесі әзірленген. Оның жоба­сын «Казгипроград» жобалау институты» ЖШС 23 320 мың теңгеге орындапты. Бас жоспар Сарқан аудандық мәслихатымен 2013 жылғы 17 сәуірдегі №16-87 қаулысымен бекітілді. Бас жос­парда балық аулау және аңшылық демалыс аймағы, жастар аймағы, климат, су және балшықпен емдеу аймағы, қыс мезгіліндегі демалыс аймағы, балалар демалыс аймағы, отбасылық демалыс аймағы, элиталық демалыс аймағы мен бірнеше кешен қамтылған.

Есептік мерзімге жобаланған аумақ­тың жалпы сыйымдылығы шамамен 44,92 мың демалушыны және рекреациялық салада 7,5 мың адамды қамтиды. Олар жайлы демалып қайтуы үшін таза ауыз су желісі мен кәріз жүйесі тартылып, сорғы стансалары салынады. Электрмен толық қамтамасыз етіліп, көл жағасына жүргіншілер жүретін тротуар, оның бо­йына жарық шамдар орнатылмақ. Осы жұмыстар толық жүзеге асса, Балқаш көліне баратын демалушылардың қатары көбейе түспек.

Алакөлдің аяқ алысы жаман емес

Сөздің шыны керек, жетісулықтар үшін туризм саласы ең тиімді табыс көзі болып табылады һәм экономикалық негізгі салалардың бірі екені көпшілікке мәлім. Туризм жалпы ұлттық өнімнің артуына, қоғамды жаңа жұмыс орындарымен қамтамасыз етуге, сауда байла­нысы жандандуына үлкен ықпал етеді. Осы ретте Алакөл көлі туралы ауыз толтырып айтуға болады.

Биыл Алакөлге 1,5 миллион демалушы келіп, аудан экономикасына 9 млрд­ теңге қаржы түседі деп күтілуде. Деген­мен үйге келген бір қонақты жолға салу үшін біраз дайындалатынымызды ескерсек, 1,5 миллион адамды лайық­ты қарсы алып, ризалықпен аттандыру үшін де көп еңбек керек. Алайда оған алакөлдіктер сақадай сай.

Бүгінде Алакөл демалыс аймағында күніне 23 566 туриске қызмет көрсететін 278 демалыс орны бар, оның ішінде 11 қонақүй, 3 сауықтыру лагері, 44 демалыс үйі және 64 демалыс орталығы, 1 аң аулау, 1 санаторий, 154 қонақүй бар. Бір реттік сыйымдылығы – 24 529 адам. Сонымен қатар, былтыр өз қаражаты есебінен 750 орынды 14 нысан қолданысқа беріліп, аудан экономикасына 2,2 млрд теңге инвестиция тартылған. Нәтижесінде, демалушылардың саны 1 млн 407 мың адамға жетіп, 8 млрд 437 млн теңгенің қызметі көрсетілген. Осыған қарап салыстырмалы түрде биыл алға қойған жоспардың орындалатынына күмәнсіз сенуге болады.

Сонымен қатар ағымдағы жылы 1,4 млрд теңгенің 10 инвестициялық жобасы пайдалануға беріліп, 97 жұмыс орнын құруға мүмкіндік туды. Осылайша, бүгінде Алакөл жағалауының тұрақты даму тенденциясы жалғасуда.

«Аудандағы туристік нысандарға талдау жүргізе отырып, туризмді дамыту бойынша іс шаралар жоспары әзірленіп, соған сай жұмыстар жүргізілуде. «Даму» АҚ қоры арқылы барлығы 2011-2022 жылдар аралығында 143 жоба 9 млрд 26 млн теңгеге іске асырылды. Оның ішінде БЖК-2025 бағдарламасын жүзеге асыру кезеңінде 123 жоба 8 млрд 734,4 млн теңгеге 506 жұмыс орны ашылып, 86 жұмыс орны сақталды. «Жетісу» бағдарламасын жүзеге асыру кезінде 20 жоба 350 млн теңгеге 134 жұмыс орнымен іске асырылды», дейді Алакөл аудандық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Дәулет Жуандықов.

Оның айтуынша, көл жағалауында аталған бағдарламалар аясында 1,7 млрд теңгеге 28 туризм нысаны қолданысқа берілген. 2018 жылдан бері Ақши ауылында теміржол вокзалы жұмыс істейді. Көлдің жағасында 12 қоғамдық дәретхана мен қоқыс алаңдары орнатылған.

Демалушылардың судағы қауіп­сіз­дігін ұйымдастыру мақсатында Ақши ауылында Жетісу облысының төтенше жағдайлар жөніндегі құтқару қызметінің бригадасы құрылған, онда 13 адам жұмыс істейді. Одан бөлек ауылдық емхана, дәріхана және туристік полиция қызметі жанданған.

Тағы бір қуантарлық жайт, жақында Үшарал әуежайының ауқымы кеңей­мек. Аталған әуежай күніне 400 адам қабылдауға қауқарлы. Алакөл көлі жа­ға­лауын дамытудың бас жоспарына сәй­кес сумен, электрмен қамту, кәріз жүйе­сін жүргізу қолға алынған. Биыл жағалауда 3 ірі инвестициялық жоба жүзеге асырылып, ірі демалыс орындары іске қосылды. Былтыр жағалауда 1 млн 400 мың адам демалып, 8,5 млрд теңгеге қызмет көрсетілген.

«Әуежай 2018 жылы ашылған. 2021 жыл­дан бастап ұшу жолағын қайта жөндеу жұмыстары жүргізіле бастады. Осы айда жөндеу жұмыстары аяқталады деп жоспарлануда. Тамыз айынан бас­тап өз жұмысын жандандырады», дейді әуежай басшысы Әшірбек Бақытжанов.

Жергілікті билік өкілдерінің айтуын­ша, биыл жағалауды қоршау жұмыстары басталған. Ақши мен Көктұма ауылдық округтерінде жалпы ұзындығы 13,4 шақырым жағалау қоршалуға тиіс. Жоба­ның құны 6 млрд теңге, қаржы кезең-кезеңімен бөлінеді.

Адамдар демалысқа жайлы жерді таңдайды. Сондықтан мұнымен тоқтап қалмай, Алакөлдің туристік әлеуетін жақсарту үшін әлі де алдыға ұмтылу қажет. Әсіресе, демалушыларды таза ауыз сумен қамтамасыз етуді естен шығар­мау керек секілді. Осы мақсатта бүгінде құны 7,2 млрд теңгені құрайтын қуаттылығы 6,5 мың текше метр кәріз тазарту нысанының құрылысы басталған.

Келесі кезекте қонақтарды жиі тол­ған­дыратыны – автокөлік жолы. Жал­пы, аудан аумағында республикалық, облыстық, аудандық маңызы бар 1 448,3 шақырым автокөлік жолы қолданыста. Бірнеше жылдан бері аудан аумағынан өтетін Алматы – Өскемен автокөлік жолының 466-615 шақырымы қайта салынуда. Бүгінде осы аумақтың 128 шақырымы пайдалануға берілгенімен, 21 шақырымында «Ситик констракшн» компаниясының 3, 4, 5 учаскесі қызу жұмыс жүргізуде. Өкінішке қарай, құры­лыс материалдарының қымбаттауы, жаңғырту жұмысына әзірленген сметалық құжаттаманың қайта есептелуіне байланысты жұмыс уақытша тоқтап тұр. Жобаны аяқтау қазан айына жоспарланып отыр.

Одан бөлек Үшарал – Достық авто­көлік жолының 0-60 шақырым аралы­ғына асфальт төсеу жұмысының 90 пайызы орындалған. Үшарал – Достық бағытындағы 60-180 шақырым аралы­ғындағы автожолдың 87 шақырымы ғана пайдалануға беріліп, қалған бөлігі тоқтап тұр. Демек жолдың нашарлығы туристердің қызығушылығын төмендетуі де мүмкін.

Осыған орай алакөлдіктер қара жол­дың қиындығын көп көретін туристерді теміржол және әуе рейстері арқылы тасы­малдауға да барынша назар аударуда. Осы мақсатта Алматы – Достық бағы­тында «Қазақстан теміржолы» ҰК» АҚ-ның билет құны қолжетімді 12 «Тальго» вагоны қатынайды.

Көл жағалауында туристерге қолайлы жағдай жасау, бос уақытын тиімді пайдалану мақсатында волейбол, футбол жағажай спорт алаңдары мен 10 гектарды құрайтын «Тәуелсіздік» саябағы салынып, туристерге қызмет етпек. Сон­дай-ақ спорттық шаралар арқылы турис­тердің назарын аудару үшін триат­лоннан республикалық чемпионат, «Алакөл – 2022» жазғы спартакиадасы, жағажай волейболы, футбол, бильярд турнирі, республикалық «Алакөл алаулары» жайдарман ойындары, «Alakol Open» блогерлер мен журналистер слеті өткен. Бұл игі істер өз нәтижесін беріп жатыр.

Осындай шаралар Жетісу өңірінің туристік әлеуетін жақсартып, қызмет көрсету сапасын арттыра түспек. Табиға­тымен талайды таңдай қақтырған жер жәннатының бір ұтар тұсы да осы. Еуропаға уыстап ақша шашқанша ішкі туризмді дамытуға атсалысыңыз, құр­метті оқырман!

 

Жетісу облысы