Байжан Бижанов Қызылорда облысындағы «Қарақұм» кеңшарының іргетасын қалап, бүгінде үлкен ауылға айналуына ерен еңбек сіңірген білікті басшының бірі еді. Елдің атын ер шығарады демекші, директор ретінде ол ауылдың ынтымағын сақтауға ұйытқы бола отырып, кеңшарды облыс, республика көлеміндегі алдыңғы қатарлы табысы тасыған рентабельді шаруашылықтар қатарына енгізді. Сондай-ақ шаруашылық бірнеше жыл қатарынан ауыспалы «Қызыл туға» ие болды және ұжымның жоғары көрсеткіштері үшін КСРО халық шаруашылығы көрмесінің жеңімпазы ретінде бүкіл Одаққа танылды. Өзі де көп жылғы нәтижелі еңбегі үшін «Халықтар Достығы», «Еңбек Қызыл Ту» және «Құрмет Белгісі» ордендерімен, көптеген медальмен марапатталды.
Елге шындап қызмет етемін деген адамға ештеңе кедергі еместігін Байжан Бижанов кеңшар директоры кезіндегі еңбегімен айқын дәлелдеді. Сонау қиын-қыстау, ешқандай техника дамымаған заманда ауылға жылу жүйесін жүргізудің өзі неге тұрады?! Осындай елге еңбегі сіңген азаматтың есімін елеусіз қалдыруға болмайды деп білеміз. 2017 жылы жергілікті халық Байжан Бижановтың 100 жылдығы мен кеңшардың 60 жылдығын атап өтті. Сол кезде Арал ауданының Абай елді мекеніндегі №59 орта мектепке Байжан Бижановтың есімін беру туралы көтерілген, кейін мектеп ұжымы, Арал аудандық білім бөлімі мен ономастика бөлімі мақұлдап, оң шешім алған бастаманың әлі жүзеге асар түрі көрінбейді.
Шешімнің әлі орындалмай келе жатқанына қарап, бір кедергілер кесе-көлденең тұр ма деген де алаңдаушылық бар. Қысқасы, қандай жағдай болса да тиісті орындарға шешім тезірек жүзеге асырылса екен деген тілек білдіреміз.
Тағай ӘЛИЕВ,
ауыл шаруашылығына еңбек сіңірген зейнеткер
Қызылорда облысы,
Арал ауданы