Экология • 03 Тамыз, 2022

«Эко-сақшы» қосымшасы заңсыз қоқыс орындарын анықтайды

394 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Батыс Қазақстан облысының аумағында өңірдің әрбір тұрғыны «Эко-сақшы» мобильді қосымшасы арқылы заңсыз қоқыс орындарын анықтауға, оларды жоюға көмектесе алады. Жобаны «Volunteers» жастар қоғамдық бірлестігі жүзеге асырып жатыр, деп хабарлайды Egemen.kz.

«Эко-сақшы» қосымшасы заңсыз қоқыс орындарын анықтайды

«Қоқыс пен рұқсат етілмеген полигондар - біздің ұрпақтың өзекті мәселесі. Қосымша биыл «Шелл Қазақстан»  компаниясының және Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының қолдауымен іске асырылған «EcoBatys» жобасы аясында іске қосылды. Кез келген Android қолданушысы «Эко-сақшы» қосымшасын жүктей алады. Бұл қосымшада рұқсат етілмеген полигонға шағым түсіруге мүмкіндік беретін бөлім бар. Ешбір өтініш назардан тыс қалмайды», деді жоба менеджері Қасиет Балмолда.

Шағым түскеннен кейін еріктілер әкімдіктермен бірлесіп, рұқсат етілмеген полигонды жоятын эко-жасақты құрады.

Қасиет Балмолданың айтуынша, бүгінгі таңда Батыс Қазақстан облысының Зачаганск және Деркөл елді мекендерінде  рұқсат етілмеген 6 орында қоқыс үйінділері анықталып, жойылды. Олардың жойылғанын қосымшаның цифрлық картасынан көруге болады.

«Эко-сақшы»  қосымшасының арқасында Батыс Қазақстан облысы мен Орал қаласының аумағындағы барлық рұқсат етілмеген қоқыс орындары мен жинақталған экологиялық зиянның ең қауіпті объектілері жойылады деп күтілуде.

«Рұқсат етілмеген қоқыс үйінділері - бұл тек мемлекеттік органдар ғана емес, аймақ тұрғындарының өздері де шешуі тиіс мәселе. Қоқыс - инфекцияның ошағы. Бей-жай қалу мүмкін емес. Сондықтан да мен бұл қосымшаны жүктеп алып, оны барлық таныстарыма қолдануға кеңес беремін», деді Орал қаласының тұрғыны Елена Шарова.

Мобильді қосымша Play Market-те қолжетімді. Әзірлеушілердің айтуынша, «Эко-сақшы» қосымшасы жақын арада AppStore-да қолжетімді болады.