06 Мамыр, 2014

Қос мұхиттың құрметіне

444 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

97172ЭКСПО шежіресі: Сан-Франциско, 1915 жыл.

Американың Сан-Франциско қаласында  өткен Бүкіләлемдік жетістіктер көрмесі ЭКСПО тарихында ең ұзаққа созылған жаһандық шара болды. Ол бұрын-соңды тарихта адамзат қолымен жасалған ең ірі жоба – қос мұхитты жалғастырған Панама каналының пайдалануға берілу құрметіне арналды. Ал іс жүзінде бұл Халықаралық көрме АҚШ-тың әлемдік даму сахнасындағы орасан зор әлеуетін паш етті. 1915 жылғы Бүкіләлемдік жетістіктер көрмесінің жалауы Сан-Франциско қаласында 20 ақпаннан 4 жел­тоқ­санға дейін тоғыз ай бойы желбіреді. ЭКСПО-1915-1 Тынық және Атлант мұхиттарын бір-біріне  жалғаған Панама каналы адамзат қолымен жасалған ең ірі жобалардың бірінен саналады. Каналдың ұзындығы 81,6 шақырымды құрайды. Осы су жолының нәтижесінде Нью-Йорктан Сан-Францискоға дейінгі су жолы қатынасы 22,5 мың шақырымнан 9,5 мың шақырымға дейін қысқарды. Панама каналын салу құрылысын АҚШ-тың әскери министрлігі 1904 жылы бастап, 10 жыл бойы тоқтаусыз жүргізді. Құрылыс жұмыстарына 400 млн. доллар қаржы жұмсалып, 70 мың адам жұмыс істеді. Құрылыс жұмысын салу барысында олардың 5600-ден астамы опат болды.  Панама каналы арқылы алғашқы кеме 1914 жылдың 15 тамызында жүрген болатын. ХХ ғасырдың басында Сан-Франциско АҚШ-тың ең бай және ерекше гүлденген қалаларының бірінен  саналатын еді. Алайда, 1906 жылы болған алапат жер сілкінісі және одан кейін орын алған өрт Сан-Франциско қаласын жермен-жексен етті. АҚШ сенаты  Панама каналы құрылысының аяқталуы құрметіне (каналмен алғашқы кеме 1914 жылы жүрді) ірі халықаралық шара – Бүкіләлемдік жетістіктер көрмесін өткізуге шешім қабылдады. Ондағы басты мақсат, елдің күшейіп келе жатқан әлеуетін пайдалана отырып, аз уақыттың ішінде табиғат апатынан жойылып кеткен қаланы қалпына келтіру, бұрынғыдан да әсем әрі көрікті қала тұрғызу болатын. Көрме қалашығына 2,6 шаршы шақырым жер бөлінді. Құрылыс алаңының аумағы мұхит жағалауындағы Мэйсон айлағынан Алтын қақпа бұғазына дейін созылды. 76 қалалық квартал қоныстанатын аумақта көрмеге қатысатын әлемнің 31 мемлекеті мен АҚШ-тың барлық дерлік штаттары өздерінің павильондарын тұрғыза бастады. Сол кезеңдегі газеттер көрме қалашығындағы барлық павильондар мен аттракциондарды түгел аралап шығу үшін бір жылға жуық уақыт қажет деп әсерлеп жазды. Көрме қалашығы орналасатын құрылыс алаңын дайындаудың өзі орасан зор күш-жігер мен қаражатты қажет етті. Бұғаздың суы басып жатқан жерлерді құрғату үшін 230 мың текше метр топырақ төгілді. Күні кеше теңіз толқыны жағалауға соғып жатқан аумақтар құрғатылып, құрылыс нысандары салына бастады. Бүгінде бұл жерге Сан-Францисконың  керемет аудандарының бірі – Марина ауданы қоныс тепкен. Құрылыс нысандарын салатын архитекторлар алдында көрме құрметіне салынатын барлық құрылыс нысандары бір мақсатқа – қаланың сәулетін барынша абаттандыру жобасына бағындырылуы тиіс болды. Болашақ көрме қалашығының бас архитекторы болып сол кезеңдегі Америка сәулет өнері саласының белгілі өкілдерінің бірі Джордж Келхама белгіленді. Оның тікелей басшылығымен тұрғызылған биіктігі 130 метрден асатын  Қымбат бұйымдар мұнарасы сәулет өнерінің ерекше жетістіктерінің бірінен саналды. 43 қабаттан тұратын мұнараның әрбір қабаты арнайы қашалған 105 мың түрлі-түсті Богема шыныларымен әрлендірілді. Бұл түрлі-түсті шынылар күндіз күн нұрына шағылысса, түнде арнайы орнатылған 50 қуатты электр прожекторларының жарығымен неше түрлі түске еніп, құлпырып тұратын болды. Озық архитектуралық шешім үлгісі болып табылатын бұл мұнараны көрмені тамашалаушылар «Күн мұнарасы» деп те атады. Мұнараның аркасы көрме қалашығына кіретін орталық қақпа қызметін атқарды. Салтанатты қақпадан кірген қонақтар бірден Әлем алаңына тап болады. Одан әрі жылдың төрт мезгілін паш ететін – Маусым алаңына өтеді. Одан әрі қонақтар Молшылық алаңына аяқ басады. Міне, нақ осы алаңда өндіріс жетістіктерінің небір кереметтері көрініс тапты. Азық-түлік сарайы, Білім сарайы, Өнер сарайы, Металлургия сарайы деп аталатын павильондарда сол заманның алдыңғы қатарлы мемлекеттерінің өндіріс өнімдері кеңінен көрініс тапты. Көрмені тамашалауға келген қонақтарды Машина сарайының көрінісі ғажап әсерге бөледі. Сарайдың ұзындығының өзі 300 метр, ені 111 метр, биіктігі 41 метрге созылды. Міне, осынша кеңістікті алып жатқан павильонға 2 мыңнан астам машина жасау саласының озық жетістіктері қойылды. Сан-Францискодағы Бүкіләлемдік жетістіктер көрмесінде соңғы 10 жыл ішіндегі дүние жүзіндегі ғылым мен техника саласындағы адам баласы қол жеткізген жетістіктердің барлығы дерлік паш етілді. Мұнда автомобильдердің, аэропландардың, телефон, телеграфтың небір үлгілері, қысқасы, ХХ ғасырдың басындағы әлемнің барлық  жетістіктері қойылды. Мәселен, Көлік сарайында Форд машина жасау зауытының өндірістік конвейері орнатылды. Осы конвейерден көрмені тамашалаушылардың көзінше жаңа машиналар құрастырылды. Конвейерден әрбір 10 минут сайын бір жаңа машина шығарылып отырды. Жалпы, көрме жалауы желбіреген тоғыз айдың ішінде осы конвейерден 4400 жаңа машина шығарылған екен. Сонымен бірге, ЭКСПО көрмесін тамашалаушыларды «Дженерал электрик» атты енді ғана құрылған жас компанияның өнімдері де ерекше қызықтырды. 1915 жылғы Бүкіләлемдік же­тіс­тіктер көрмесі Сан-Франциско қала­сының экономикалық дамуына қар­қынды серпін берді. Көрмені әлемнің барлық шалғайынан келген 18 мил­лионнан астам адам тамашалады. Бұл халықаралық ауқымды шара қала бюджетіне 1 миллион доллардан астам пайда әкелді. Жылқыбай Жағыпарұлы, «Егемен Қазақстан».