Ақиқатында, әр жанның өз ғұмырына өлшеулі бағы мен мұңы болады деседі. Түрлі тағдырдың өмір жолы да сирек тоғысады. Бір қызығы, өнер адамдарының тіршілігінде таңғажайыптар көп болатындай көрінеді. Ал үңіліп қарасаң, бірде жарқын, бірде сұрқай, жоқшылық пен тоқшылық, шарасыздық пен сәтсіздіктерге тап боласың. Мәселен, Пикассо көзі тірісінде бағаланды һәм өнерінің бар игілігін көрді. Жалпы, жарық дүниеде еңбегіңнің жемісін көруден, жақсылығын сезінуден артық бақыт бар ма?! Ал қырсық, қоғамына сыймаған Модильянидің өмірінің өзі трагедия. Иә, Модильяни – жақсы өмір сүрмесе де тағдырдан талантын тартып алған суретші.
«Модильяни» фильмінде Пикассо Модильяниден «Сен неге мені сонша жек көресің?» деп сұрайды. Сонда суретші: «Мен сені неге жек көруім керек? Мен біреуді жек көрсем, ол – өзім», дейді. Саналы жүрек әрқашан өзіне әділетті. Өмір бойы өзін-өзі сынап, қайрап, соттап отырады. Модильянидің өзін жек көруі де табиғи инстинкт. Бәлки, қысқа ғұмырындағы жылт еткен бір жарық сәуленің аздығына арыз айтатын болар. Бәлки, еркіндігін шектеген әлемге өкпелі. Бәлки, сонау 1884 жылы 12 шілдеде Амедео Модильяни дүние есігін ашқан күні әке-шешесінің шаттануға шамасы келмегеніне һәм дәл осы тұстан өмірінің бар трагедиясы басталғанын білмегеніне наразы болар.
Модильяни тағдырдың асау толқындарымен алысып жүріп сурет салды. Ол асқан талантын һәм сонысымен қоғамға керек екенін сезетін. Париж кафелерінде: «Он бір жасымда суретші болатынымды білдім. Қатты ауырып, орнымнан тұра алмай, төсек тартып жаттым. Түсімде суретшілер салған шедевр картиналар көз алдымнан тізбектеліп өтіп жатты. Суретшілердің кімдер екенін нақты білмеймін. Бірақ бәрінің әйгілі суретші екенін, олар салған картиналардың шедевр екенін түйсігіммен сездім. Сол сәтте өзімнің тағдырыма суретші болу жазылғанын ұқтым», деп жиі айтатын.
Париж талай суретшінің бағын ашты. Париж талай суретшінің талантын сөндірді. Парижде талай суретші мас болды, қаңғырды, қарыз болды, сүйді, сурет салды. Кейде паң Париж қанша таланттың тағдырын өзгертті екен деп ойлайсың. Модильяни де – Парижді жалаң аяқ кезіп, масқара болғандардың бірі. Анасы қанша ақшасы салса да құнттай алмады. Әрине, барша өнер адамдарының әдетінше. Суретшіні пәтер иелері талай рет қуып шықты. Олар ақысына суретшінің картинасын алып қалатын. Модильяни біраз уақыт арзан қонақүйлерде тұрды. Сонда қонақүйдің ақшасын төлемей, қожайынын зар қақсатып, қарғысы көшені жарып жататын. Ал Модильяни Париждің кішкентай көшелерімен қашып барады. Кафеге қарыз болып қалса да бір картинасын бере салатын. Біреудің шимайына алданатын адам бар ма – амал жоқ, алады.
Осылай қарызын төлемей алаяқ атанып қашып жүрген кезінде суретшіге дәрігер Поль Александр жолығады. Ол сурет өнерін сұмдық жақсы көретін. Модильянидің картинасын сатып алып, суретшіге көп көмектесті. Дәрігер үйіне талай қаңғып жүрген талантты суретшілерді кіргізіп, олардың шығармашылықпен еркін айналысуына жағдай жасады.
Модильянидің масқараларын тізсек, ұзақ жырға айналады. Суретші Парижде жақсы өмір сүрмесе де, кейде жылы сәттерді де кешті. Әлқисса.
Әдебиетте бейнесі аңызға айналған ақындар болды. Соның бірі – Ахматованың портреттері. Оның суретін Амедео Модильяни мен Кузьма Петров-Водкин, Иосиф Бродский мен Алексей Баталов салған. Өнертанушы Эрих Голлербах айтқандай, «Ахматованың портреттерінде ондаған сыншының кітаптарына қарағанда әлдеқайда көп шындық бар» деседі.
1911 жыл. Жас ақын Анна Ахматова күйеуі Николай Гумилевпен бірге Парижге келеді. Богемалық жұртшылыққа кеңінен танымал «Ротонда» кафесінде ол итальяндық суретші Амедео Модильянимен танысады. Кездесуден ерекше әсер алған суретші Ахматованың портретін жадында сақталған бейнесі арқылы салады. Бұл туралы ақын: «Арамызда болған жағдай оның – өте қысқа, ал менің – өте ұзақ ғұмырымның қайнар бастауы еді. Өнердің шарпыған ыстық демі екеумізді де өзгерте қоймағандықтан, бұл жарқын, елең-алаң сәт іспетті болатын», деп жазды.
Алайда кейін Модильянидің барлық суреттері революция кезінде ақынның Царское селодағы үйінде өрт кезінде жанып кетеді. Тек өзіне аса қымбат – Ахматованың «Түндер» аллегориялық мүсіні түрінде бейнеленген суреті ғана сақталып қалған.
Дәл осы портрет туралы жазушы-тарихшы Николай Харджиев былай дейді: «Ахматованың образы XVI ғасырдың ең әйгілі сәулеттік-мүсіндік туындыларының бірімен үндеседі. Мен бұл жерде Микеланджелоның ең ауқымды және сырға толы әйел образдарының бірі – Джулиано Медичи саркофагының қақпағындағы «Түндер» аллегориялық мүсінін айтып отырмын. Модильяни суретінің композициялық құрылымы өз бастауын сол «Түндерден» алады».
Өнертанушылар «Модильянидің шығармашылығын кубизм не фобизм ағымына жатқызуға болмайды, ол экспрессионизм ағымының өкілі», дейді. Десе де, суретші Парижге алғаш келген кезінде алғашқы картиналарын сол кезде «сәнде болған» кубизм ағымымен салды.
Еркіндік барша өнер түріне тән. Еркіндіксіз талант та, шығарма да, шалқу да жоқ. Еркіндік те бір түс сияқты. Суретші картиналарына өзгеше өң, бояу беретін түс. Тұрмыстың қиындығын көп көрген Моди (замандастары оны Моди дейтін) өмірде де, өнерде де еркін еді. Неміс суретшісі Людвиг Мейднер Модильяниді «Біздің Моди – жоқшылыққа ешқашан бас қатырмаған ең соңғы богема. Ол – тым еркін еді» деп жазады. «Қалыңдық пен күйеу», «Еврей қызы», «Мадам Помпадур», «Балалы сыған әйелі» – бәрінде суретшінің жан дүниесінің еркіндігі байқалады. Картиналарындағы сол еркіндік Модильянидің трагедиялы тағдырын да, бұзықтығын да, Париждегі масқараларын да – бәрін-бәрін ұмыттырады. Бұл өмірінен өнері, тағдырынан таланты күшті болғандығынан шығар.