Тарих • 03 Тамыз, 2022

Жақсылықтың жолын ашқан

474 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Биыл туғанына 110 жыл толып отырған мемлекет және қоғам қайраткері Дінмұхамед Қонаевты ұлықтау шарасы еліміз көлемінде жалғасып жатыр. Осы орайда бүгін біз көпшілік қауым ұлт тарихында орны зор тұлға Жақсылық Үшкемпіровтің 1980 жылы Мәскеу Олимпиадасының чемпио­ны атауына Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің Бірінші хатшысы Дінмұхамед Қонаевтың ықпалы болғаны жөнінде айтпақпыз.

Жақсылықтың жолын ашқан

Расын айтар болсақ, әртүрлі себептерге байланысты ұлттық құра­мадан шеттеп қалған қазақ бала­сын қайтадан қатарға қо­сып, оны жігерлендірген адам – Димаш атамыз. Жарықтық кенже туған қоңыр қозыдай сүй­кімді, қалқаншадай бойы бар Жақсылықты «менің бір жапы­рағым» деп еркелетеді екен. Қонаевтың қамқорлығы жайлы Жақ­сылықтың өзі де көзі тірі­сін­де телеэфирден, соны­мен қатар мерзімдік баспасөз құ­рал­­дары арқылы жиі-жиі айтып жүрді.

Расын айтар болсақ, кеңестік кезең­де қазақ спортшысының Олим­пиада ойындарына қаты­суы қиын болатын. Ұлт­шыл­­дық­тың өрті алабөтен өршіп тұр­ған заманда 1976 жылғы Мон­­­реальда өткен жазғы Олим­пиада ойындарына Одақ бойынша грек-рим күресінен 48 кило сал­мақта алдына жан салмай же­ң­істің туын желбіретіп жүрген Жақсылық Үшкемпіровті көпе-көрінеу ығыстырып, оның орнына красноярлық Алексей Шума­ков­ты таңдап алуы осының кө­рі­­нісі.

Бұл туралы Жақаңның өзі: «КСРО чемпионаты мен спартакиадасында жеңіске жеткеніме қарамастан, мені 1976 жылы Монреальда өткен Олимпиадаға қатыстырмады. Ол кезде жасым 25-те болатын, бойымдағы күш-қуатым да жанып тұрған кез. Бірақ жаттықтырушылар штабы Одақ чемпионатында менен жеңілген А.Шумаковты команда сапына алды. Мен қат­ты ренжіп, күресті тастап кет­тім. Бірақ бір күні Қазақстан спорт комитетінің басшылары мені Қонаевтың алдына әкелді. Дінмұхамед Ахметұлы менен күреске қайта оралуым­ды өтінді: «Сенің өнерің­ді бар­лық қазақстандық назарда ұс­тап отыр, ал сенің жекпе-жек­ке шық­­қың келмейді. Иә, Олим­пиа­да­ға қатыса алмадың. Енді 1980 жылғы додаға сен барасың. Мен сен үшін жанкүйер боламын», – деді. «Жарайды», – дедім, – Димаш ата, егер сіз қолдайтын болсаңыз, мен белдесулерге шығамын. Сөйтіп, 1977 жылы Одақ бойынша – үшінші, 1978-1979 жылдары – екінші, ал 1980 жылғы чемпионатта жеңіске же­тіп, Олимпиадаға баратын ко­­ман­­да құрамына ендім» деген екен.

Жоғарыда бір жапырақ Жақ­­сы­­лықты Қонаевтың алдына алып барған адам – спорт ко­ми­­­те­­тінің төрағасы Аманша Ақбаев екен. Бұл оқиға жайлы қазақ спортының шежіре – жур­­налисі Қыдырбек Рысбек «Егемен Қа­зақ­стан» газетінің 2017 жыл­ғы 2 маусым күнгі са­нын­да жария­лан­ған «Балуан биігі» атты мақа­ласында: «Олим­пиада жолдамасы көзі­нен бұлбұл ұшқан Жақ­сы­лық қатты торықты. КСРО құра­ма­сын­­дағы үзеңгілестері «терпеливый Жак» атаған қазақ­тың төзімі әбден шегіне жеткен. Со­дан талайлардың қолы жетпей жүрген КСРО құра­ма­сына үш ай ат ізін салмай, Алма­тыда жатып алды. Ойда-жоқта рес­пуб­ликалық спорт коми­те­ті­нің төра­ғасы Аманша Ақбаев ша­қы­рып алып:

– Жақсылық, сен неге жат­ты­ғуға бармай жүрсің? Ертең дұрыстап киініп маған кел, атаға бара­мыз, – деп қысқа қайырды. Ер­те­ңіне межелі уақытта Аманша Сейсенұлы мұны ма­ши­­­­на­­сына отырғызып алып, Қазақстан Ком­партиясының орта­лық коми­теті орналасқан зәулім боз үйге бір-ақ тартты. Қазіргі Төле би мен Абылай хан көшелерінің тоғысындағы сұсты да еңселі ғимаратта бұлар­ды Дінмұхамед Қонаевтың көмек­ші­сі Дүйсетай Бекежанов күтіп алды», – деп жазыпты.

* * *

Осылай Димаш атасынан бата алып рухтанған Жақсылық ақыры 1980 жылы Мәскеу Олим­пиа­дасының кілемінде белдесті. 

Олим­пиа­­дадан өзге атақтың бәрін ен­ші­­леген румын балуаны Конс­тан­тин Александру нағыз зар күйінде екен. Шабуылды үсті-үстіне үдетеді. Көзі от шашады. Күреске емес, төбелеске дайындалып шыққандай. Қан­ша дегенмен жиырма жылдай ұлттық құрама сапында шы­ны­ғып, әбден толысқан Жақаң оның мысын басып, екінші кезең басталғанда есепті 5:1-ге жеткізіп үлгереді. Үшінші ке­зеңде екі балуан бір-бір ұпай зорға алады. Тоғызыншы ми­нут­тың соңына дейін екеуі кі­лем­ге жаңа шыққандай арпалысады. Ақырғы есеп – 6:2. Жеңіс Жақсылықтың жағында.

– Константин өте мықты бал­­уан. Осы қалпында менімен емес, поляк жігіті Керпачпен айқа­сқанда оны сөзсіз жеңетін еді. Керпачтың бірінші белдесуі көбінде сәтсіз бітеді. Р.Керпач «шүу» дегенде венгр Ференц Шерештен бар-жоғы бір жарым минутта ұтылып қалды да, менімен күресерде ортаға буырқанып шықты. Алғашқы кезеңде бір секунд тыным алмай айқастық. Ұпай санын 11:0 жет­кіз­дім. Екінші кезеңнің алғаш­қы екі минут ішінде Керпач ұпай санын 11:10-ға жеткізді. Тура «танкі». Қорғанысқа бұзып-жа­рып кіреді. Бірақ өкпе­сі осалдау екен. Үшінші кезең­де шаршап қалды, – деп еске алып­ты Жақсылық ағамыз.

Осылай кәнігі қарсыласы Роман Керпачты 13:10 есебімен ұтқан қазақ келесі белдесуге жолдама алса, поляк балуаны жарыстан шығып қалады. Адам шамадан тыс, өз мүмкіндігінен жоғары жылдамдықта қимылдап күш жұмсаса, керемет ащы тер шығады. Ал одан әрі зорланса ащы тер бітіп, оның орнына иісі мүңкіген «аммиак» шығатыны жайлы білеміз. Керпачпен күрес­кен­де Жақсылықтың үстінен осы «аммиактың» иісі шықты дейді. Ал үшінші қарсыласы мажар балуаны Ференц Ше­реш­ті 17:6 есебімен ойсырата жеңген Жақсылық алтын медаль үшін болгариялық Павел Христовпен жолы түйіседі. Ол жігіт бір жыл бұрын (1979 ж.) әлем чемпионатында қола медаль алған, тәжірибелі бал­уан. Күрес мамандарының бәрі біледі Христов «көпірге» тұрса, тура темірдей қатып қалады. Оны «құлатқан» ешкім жоқ. Бірақ төрттағаннан жұлып әке­ту тәсіліне осал. 1978 жылы Шве­цияның Гетеборг қаласында өткен халықаралық жарыстың финалында Жақаңмен жолығып бір дүркін жеңілген. Павел фи­нал­ға дейін швед Кенн Анд­рес­сонды әдемі жеңіп, фин балуаны Рейе Хапарантаны 27:0 есебімен еркін ұтып шыққан екен. Бірақ үшінші белдесуде Константин Александрудан ұтылып қалады. Христовтың өзгелерден ерекше бір қасиеті әдістің сан түрін жасайды, алы­сып-жұлысудан ешкімге есе жібермейді. Ұтылып жатса да жанталас жоқ. Қарсыласына өшпенділіктің нышанын да сездірмейді. Күштіні мойындай біледі. Сөйтіп, қазақтың спорт тарихына алтын әріппен жазылған аталған белдесуде 12:7 есебімен Жақ­сылық жеңіске жетіп, Димаш атасына берген уәдесін орындайды.

* * *

Осылай Олимпиада жеңім­па­­зы болып елге оралған Ж.Үш­к­ем­­­піровті Дінмұхамед Қона­ев көмек­шісі Д.Бекежанов ар­қы­лы өзі­не екінші рет шақы­рып алып жүздеседі. Ол кезде Олимпиададан жеңіспен орал­­ған «бір жа­пырақ» жігіт Алма­ты маңындағы «Қайрат» елді мекенінде ор­наласқан демалыс орнында ты­нығып жатыпты. Дінмұхамед Ахметұлы кез­де­суден бірнеше күн бұрын Гре­кия­­дан оралған екен. Осы сапарында Димаш ата Грекиядағы Олимпиада тақтасына жаңадан есімі ойып жазылған чемпион Жақсылық Үшкемпіровтің атын кө­­ріп, көңілі толқып отырған сәті екен.

– Қарағым, Жақсылық жат жерден сенің атыңды көріп қанаттанып қайттым. Өзің болып па едің онда? – депті. «Иә, Димаш Ахметұлы, болғам». Содан кейін кеңсеге жиналған көпшіліктің алдында бір жапырақ інісін қолтықтап тұрып: «Құрметті азаматтар! Жастар – болашақтың иесі. Мен тарихта қалармын, мүмкін қалмаспын, бірақ мына бір жапырақ Жақсылықтың аты қазақ тарихында алтын әріппен жазылары даусыз. Жақсылық сияқты жастар – біздің жарқын болашағымыз, мақтанышымыз. Менің «бір жапырағымды» ұмытпаңдар, қолдаңдар, мақтан етіңдер» деп өзекжарды жүрек сөзін айтқан екен.