Қазақстан Қарулы Күштерін цифрландыру 2011 жылы басталған. Алайда сол кезде арнайы қабылданған «Әскерлерді, қару-жарақты, ресурстарды басқарудың автоматтандырылған жүйелерін құру және енгізу» бағдарламасы толық іске аспай қалған. «2011 жылы бұл бағдарламаға бюджеттен 93 млрд теңге қарастырылған болатын. Бұл қаражаттың 35 млрд сомасы ғана, яғни 37,6 пайызы игерілді. Қалғаны бюджетте қалды», деді Қорғаныс министрінің орынбасары Дархан Ахмедиев Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте. Осының салдарынан бүгінде Қарулы Күштердің құрамы ескі техникамен жұмыс жүргізуге мәжбүр.
«Компьютерлер, серверлер, коммутаторлар көбінесе ескірген. Мұны да мойындауымыз керек. Соңғы үш айда оншақты әскери бөлімді аралап шықтым. Солардың ішінде 1-2 әскери бөлімде осыдан 10-15 жыл бұрын қолданыстан шыққан Pentium III-пен жұмыс істеп отыр. Бұдан басқа да себептер бар. Соның салдарынан министрлікте бірқатар проблема туындады. Атап айтқанда, бүгінде ақпараттық жүйелер әртүрлі стэктерде жазылған, интеграциялауға келмейді. Сондай-ақ арнайы телекоммуникация желісі жоқ. Бір әскери бөлім екінші бөліммен толық қарым-қатынасты қамтамасыз ете алмайды. Телефон линиясы бар, бірақ үлкен пакеттер немесе басқа файлдарды жіберу үшін мұндай операцияларды жүзеге асыру мүмкін емес», деді вице-министр.
Сондай-ақ министрлік ІТ мамандарға зәру. Өйткені «олардың жалақысы нарықтағы мамандардың жалақысынан 3-4 есе төмен. Сондықтан жұмыс істеп, келісімшарт біткен соң мамандар нарыққа кетіп жатады», деп түсіндірді мәселені Дархан Ахмедиев.
Ескірген техника, сандық жүйенің жоқтығынан тіркеу билеті мен әскери билет алу процесі де баяу жүргізіледі. Қазір әскери билет алу үшін кемінде 1 ай уақыт қажет. Кеңес заманының тәсілімен қызмет көрсету қазір тиімсіз екенін мойындады вице-министр. «Тиімсіз бизнес-процестер кеңінен таралған. Бұл кеңес үкіметінде немесе бұдан 10-20 жыл бұрын болған процестер. Әлі күнге дейін сол күйінде жүргізіледі. Ештеңе өзгермеген. Ал енді азаматтық қоғамға қарасақ, біздің күнделікті мінез-құлқымыз өзгерген. Мысалы, ауруханаға немесе банкке бару операциялары қазір мүлдем басқаша. Ал Қарулы Күштерге келсек, көптеген процестер ескі тәсілде қалып отыр», деді Дархан Ахмедиев.
«Болашақ» бағдарламасының түлегі, Президенттік жастар кадр резервінің өкілі, Қорғаныс министрінің орынбасары Дархан Ахмедиев бұл мәселені келесі жылы толығымен шешуге уәде берді. Ол кезде бір ай күттіретін әскери билет 1 күнде дайын болмақ. Әскерге тіркеу билеті мүлдем жойылып, азаматтардың қай әскери комиссариатта тіркелгені жеке кабинетінде жазылып тұрады.
«Мемлекеттік базалармен интеграция жасау арқылы Әскери билет рәсімдеу процесінің көлемі 2-3 есе азаяды. Одан бөлек Әскери билетке дейін Әскерге тіркеу билеті деген бар. Келесі жылы сол тіркеу билетін мүлдем алып тастағымыз келіп отыр. Мысалы, қазір 17 жастағы әскер қатарына шақырылмаған азаматтар медициналық тексеруден өтеді. Содан кейін денсаулығына қарай қай әскери комиссариатқа тіркелгені айтылып, Тіркеу билеті беріледі. Бірақ келесі жылдан бастап осы процесті басқаша жасамақпыз. Ондай ұғымның өзін алып тастаймыз. Әскерге тіркеу билеті деген болмайды. Әскерге шақырылушының жеке кабинетіне қандай комиссариатқа тіркелгені туралы қысқаша SMS келеді. 18-ге толғаннан кейін университетке барсаңыз, «Сіз жоғары білім алып жатқан мерзімде әскери міндеттен босатылдыңыз» деген қысқаша хабарлама келеді. Ал егер университетке бармасаңыз, қай комиссариатқа тіркелгеніңізді жеке кабинеттен көре аласыз», деді министрдің орынбасары.
Бұл олқылықтарды шешу үшін министрлік бес (инфрақұрылым және технологиялар, процестер мен деректер, адамдар мен дағдылар, инновациялар және киберқауіпсіздік) бағытта жұмыс жүргізуді көздеп отыр. Ал қазір ведомство әскерилердің цифрлық сауатын арттыруға ден қоймақ. Оқытылып, біліктілігін арттырған қорғаныс қызметкерлері цифрлық офицер маманы болып бірқатар жұмыс жүргізеді.
«Саланы цифрландырудың тағы бір бағыты – цифрлық офицерлер. Олар Қорғаныс министрлігіндегі процестердің бәріне инжиниринг жүргізеді. Одан кейінгі маңызды бір бағыт – киберқауіпсіздік. Цифрлық шешімдер дұрыс жұмыс істеуі үшін барлық деңгейде киберқауіпсіздік қамтамасыз етілуі керек. Киберқауіпсіздік ақпараттық қауіпсіздік шараларымен синхрондалады», деп түсіндірді Дархан Ахмедиев цифрлық офицер қызметін.
Дархан Ахмедиевтің айтуынша, ведомство құрылғаннан бері автоматтандыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Цифрландырудың бастапқы кезеңінде мемлекеттік қызметтердің 93 пайызы электронды форматқа көшірілген. «Бірқатар ақпарат жүйелері әзірленді. Соның ішінде адами және материалдық ресурстарды есепке алу ақпараттық жүйелері әзірленді, коммуникациялық инфрақұрылым, киберқауіпсіздік бөлімшесі, киберқауіпсіздік саласында әскери мамандарды даярлау мен біліктілігін арттырудың көп деңгейлі жүйесі құрылды. Атап айтқанда, бакалавриат, магистратура, біліктілікті арттыру курстары. Бұл – жетістіктердің аз ғана бөлігі», деді ол.
Қарулы Күштерді цифрландырудың бір жетістігі – әскердегі суицидтің алдын алуға, тіпті оны болдырмауға жол ашпақ. Атап айтқанда, әскери бөлімдерге бейнекамералар орнатумен қатар әрбір сарбазға қашықтан бақылайтын білезік берілуі мүмкін.
«Біз қазақстандық ІТ-компанияларды тарттық. Олар әскери бөлімдерді бейнекамерамен жабдықтауға көмектесуі керек. Сондай-ақ жуықта қазақстандық бір кәсіпорын білезік технологиясын ұсынды. Сол білезік арқылы әр жауынгердің тамыр соғысын, жағдайын қадағалап отыруға болады. Орталық пункт арқылы мониторинг жасап, қай сарбаздың қай жерде жүргенін, жағдайы қалай екенін біліп отырады. Сонымен бірге жан-жақты анализ арқылы суицидке бейім жауынгерлерді анықтай алатын ІТ-шешімдер бар. Әскердің тамыр соғысы мен орналасқан жерін көрсетіп тұратын білезіктер бар екенін айттым. Яғни білезікті ақпарат таратуын тоқтатса, датчигі қай тұста өшірілгенін біле аламыз. Командирлер сол тұсқа шұғыл барып, не болып жатқанын анықтай алады. Суицидке бейімділікті тексеретін психологиялық тестер бар. Бүгінде осы шаралар қолға алынып жатыр», деді вице-министр.
Қорғаныс министрлігінің статистикалық мәліметіне сүйенсек, биыл Қарулы Күштерде 7 суицид әрекеті тіркеліп, 4-уі қайғылы жағдаймен аяқталған. Осы орайда министрлік суицид деректерін азайту бойынша арнайы шара қабылдаған.
«Кешенді жұмыс тобы құрылды. Оның құрамына біздің және өзге де ведомстволардың қызметшілері, азаматтық қоғам өкілдері кіреді. Жұмыс тобы негізге алатын бағдарлама әр жағдайдың себебін жіті қарайды. Яғни бірнеше жылдың тәжірибесі зерттеледі. Бір кездері әскердегі суицидке себепкер болған триггер кейін сейілді ме, жоқ па, зерделенеді. Жеке құраммен ай сайын жұмыс жүргізіледі. Батальон командирлерінің тәрбие жөніндегі орынбасарлары өзіндегі жеке құрамға нұсқау жұмыстарын жүргізеді», деді Дархан Ахмедиев.