Әлем • 03 Тамыз, 2022

Тайвань тағдыры тағы да талқыға түсті

307 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

АҚШ Өкілдер палатасының спикері Нэнси Пелоси Тайваньға барды. Бұл сапарға бүкіл әлем көз тіккені белгілі. Нэнси ханым алақандай аралға ат басын бұрады дегеннен бастап ұшақ Тайбейдегі әуежайға қонғанға дейін бұл оқиғаға алаңдағандар жетерлік. Бұл түсінікті де. Өйткені Қытай тарапы Өкілдер палатасы спикерінің сапары елдің тұтастығына нұқсан келтіретінін айтып, қажет жағдайда қару қолдануы мүмкін екенін ескерткен.

Тайвань тағдыры тағы да талқыға түсті

Өкілдер палатасы спике­рінің сапары Жер-жаһанды алаң­­дат­қанын мынадан-ақ бай­қауға болады. Ұшақтардың ұшу бағы­тын бақылайтын Flight­radar24 сайтында Н.Пелоси мін­ген борт Тайваньға бағыт алғанда 700 мыңнан аса адам онлайн ре­жімде тамашалаған екен. Аталған компания ешқандай ұшақ бұрын-соңды мұндай көп көлемде бақыланбағанын жеткізді. Соның салдарынан сайт біраз уақыт тех­никалық қиындыққа тап болған. Ал Қытайдың Weibo әлеуметтік желісінде сапарды миллионнан аса адам тікелей эфирде көрген.

Бұл сапарға шартараптың көз тігуі бекер емес. Мәселенің мәнісі мынада. Тайвань мен Қы­тай арасындағы шиеленіс талай­дан бері жалғасып келеді. Қазіргі таңда Тайвань – БҰҰ тарапынан мойындалмаған мемлекет. Заң жү­зінде Қытайдың меншігі сана­лады, бірақ іс жүзінде тәуелсіз ел. Қытай билігі әлі күнге дейін Тай­ваньды өз аймағы санайды. Сол себепті «бір ел – екі жүйе» бас­та­масын қолдауды көздейді. Бірақ Тайбей билігі мұндай жобаға мүлдем қарсы.

Жер-жаһандағы небәрі 15 ел ғана Тайваньның тәуелсіздігін мойындаған. Оның көбі – Тува­лу, Палау секілді Тынық мұхи­тындағы аралдарда орналасқан шағын мемлекеттер. Әлемдік аренада ықпалы бар бірде-бір ел Тайваньның егемендігін таныған жоқ. Тіпті аталған елдің тағдырына алаңдайтын АҚШ та оларды азат ел деп есептеген емес. Тайвань мәселесін жиі көтеретін Еуропалық одақ елдері де оны тәуелсіз ел деп санамайды.

Тайваньды тәуелсіз ел сана­май­­тындар қатарында Қазақстан да бар. Таяуда Санкт-Петербургте өт­кен жиында Мемлекет бас­шысы Қасым-Жомарт Тоқаев «...біз Тайваньды да, Косованы да, Оң­түс­тік Осетияны да, Абхазияны да мойындамаймыз. Бұл прин­цип, біздің көзқарасымызша, ква­зимемлекеттік бірлестік сана­латын Луганск пен Донецкіге де қолд­анылады», деп атап өткен еді. Яғни Қазақстан тарапы БҰҰ аясында тәуелсіздігі таныл­ған мемлекеттерді ғана мойын­дай­тыны – басы ашық мәселе.

Енді негізгі тақырыпқа қайта оралсақ. Мұхиттың арғы бетінен келген мейманды Тайвань тарапы әуежайдан үлкен салтанатпен күтті. Алыстан ат терлетіп кел­ген қонақты Тайваньның сыртқы істер министрі Джозеф Ву қар­сы алды. Бұл сапар Бейжің би­лі­гінің қитығына тигені анық. Бұ­ған дейін мұндай жоғары дең­гейлі делегация соңғы рет Тай­ваньға 25 жыл бұрын келген екен. Өздеріңізге мәлім, АҚШ заңна­масына сәйкес Нэнси Пелоси ха­ным Америкадағы үшінші тұлға саналады.

Қытай тарапы Өкілдер пала­тасы спикері Тайваньға келеді деген әңгіме шыққалы бірнеше рет ескерту жасаған-ды. Өткен аптада бұқаралық ақпарат құралдары ҚХР басшысы Си Цзинпинь АҚШ президенті Джо Байденмен телефон арқылы сөйлескенде «отпен ойнаған шоқ басады» деп айтқанын жариялады. Ал ұшақ Тайбейге бет алғанда Қытай бұқа­ралық ақпарат құралдары Су-35 жойғыш ұшақтары Тайвань бұға­зы арқылы ұшып өткенін хабар­лады. Сондай-ақ аталған елдің қорғаныс министрі әскердің жоға­ры дайындық режіміне қойыл­ғанын, әскери жаттығу өткізетінін мәлімдеді.

«Қытай «Тайвань тәуелсіздігі» сеператистік әрекеттеріне және сыртқы күштердің араласуына үзілді-кесілді қарсы. АҚШ Тай­ваньмен ойнаудан бас тартуы ке­рек», деді сыртқы істер министр­лігінің өкілі Хуа Чуньин.

Бұқаралық ақпарат құрал­дар­ын­дағы жаңалықтарға қараған­да, Бейжің билігі бірнеше әскери кеме мен ұшақты Тайвань бұға­зын­дағы Қытай мен Тайвань арасындағы бейресми шекараға әкелген. Қытай Тайвань­ның ең шеткі тұсы – Кин­мень аралына жақын орна­лас­қан Сямэнь қаласына танктер және броньды көліктер жеткізген.

Айта кетерлігі, АҚШ та қарап жатқан жоқ. Нэнси Пелоси мінген ұшақтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін Пентагон төрт әскери кеме жолдаған. Олардың қатарында USS Ronald Reagan авиатасымалдағышы бар.

Сапар барысында Н.Пелоси Тайвань президенті Цай Инвэнь­мен кездесіп, содан соң Тайвань парламентінде сөз сөйледі. Пелоси АҚШ тарапы Тайваньның әрқашан қауіпсіздік пен еркіндікте жүргенін қалайтынынын жет­кізген. Сондай-ақ Ақ үй мұндай ұс­танымнан бас тартпайтынын мәлімдеді.

«Біз «Бір Қытай» саясатын құрметтейміз. Әйтсе де дәл қазір Тайваньмен ынтымақтастығымыз бұрынғыдан да маңызды. АҚШ статус-квоның сақталғанын қолдайды және Тайваньға күш қолданылғанын қаламайды», деді Н.Пелоси бірлескен баспасөз мәслихатында.

Өкілдер палатасының спи­кері­мен кездесуде Цай Инвэнь өз елінің алған бетінен қайтпай­тынына екпін берді. «Тайвань әдейі күшейтілген әскери қауіп-қатерге қарсы тұра отырып, айтқа­нынан қайтпайды. Демокра­тиямызды қорғауды жалғас­ты­рамыз», деген ол Пелосиге қиын сәтте қолдау көрсету үшін алғыс айтты.

Дегенмен Нэнси ханымның сапарын АҚШ-та қолдамағандар да бар. Жалпы, Өкілдер палатасы спикерінің сапары Ақ үй үшін үлкен дипломатиялық бас ауруға айналғаны түсінікті. Тіпті пре­зидент Джо Байден бұған дейін әскерилер Пелосидің Тайваньға сапары «жақсы идея емес» деп санайтынын мәлімдеген болатын. Байден әкімшілігі Пелосидің аралға бару шешімін ресми түрде қолдамайды.

Нэнси Пелоси ресми түрде АҚШ-тың үшінші тұлғасы екенін жоғарыда айттық. Мем­лекет басшысы мен вице-прези­дент өз міндеттерін орын­дауға қабілетсіз болған жағдай­да елді басқару тізгіні Өкіл­дер палатасы спикерінің қолы­на өте­ді. Мұхиттың арғы бетін­де би­лік тармақтары тең бөлін­ген­дік­тен, Ақ үй басшысы Өкіл­дер палатасына бұйрық бере ал­майды. Сондықтан Н.Пелосидің са­па­рына тікелей қарсылық көр­сету­ге құқығы жоқ.

Әйтсе де Ұлттық қауіпсіздік кеңесінің өкілі Джон Кирби Пелосидің Тайваньға баруға құқы­ғы бар екенін және Ақ үй АҚШ конгресінің дербес шеші­мін құрметтейтінін жеткізді. Оның айтуынша, Пелосидің сапары АҚШ-тың Тайваньға қатыс­ты саясатын өзгертпейді. Сондай-ақ Бейжің билігі АҚШ билігі­нің тармақтары арасындағы өкілет­тік­тердің бөлінуі Пелосидің сапар туралы дербес шешім қабыл­дай­тынын түсінуге тиіс екеніне назар аударды.

«Пелосидің жақтастары құпта­ған, демократиялық принципті батыл бекіту саналатын бұл қадам Қытайдың билеуші ​​Коммунистік партиясын дүр сілкіндірді. Биыл – Бейжің үшін аса маңызды жыл. Си Цзиньпин партияның алдағы айлардың бірінде өтетін съезінде кезектен тыс үшінші мерзімге сайланады деп күтіледі. Бұл сондай-ақ Халық азаттық армиясы құрылғанына 95 жыл толуымен тұспа-тұс келіп отыр», деп жазады The Guardian газеті.

Осы орайда, басылым мұн­дай сапар қазіргі таңда аса қауіпті екенін алға тартып отыр. Қысқасы, Н.Пелосидің сапары еш­кімге қолайлы болмағаны анық. Әлемдегі геосаяси ахуал күр­деленген тұста тағы бір қақты­ғыстың өршуіне АҚШ та, Қы­тай да мүдделі емес. Әзірге Өкіл­дер палатасы спикерінің Тай­ваньға баруы Бейжің билігінің абы­ройына нұқсан келтіргендей көрін­генімен, келешекте АҚШ-Қытай қатынасын одан әрі ушық­тыра түсетіні айтпаса да түсінікті.