Қоғам • 04 Тамыз, 2022

Жүргізушілер қарызы – 355 млн теңге

681 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қазір екінің бірінде көлік бар. Кейбіреулер көлік алуға табан ақы маңдайы терімен тапқан табысынан жинаған қаржысын жұмсайды. Алайда «темір тұлпар» міну үшін банктен несие алып, қарызға батып жүргендер де аз емес.

Жүргізушілер қарызы – 355 млн теңге

Шетелдік көлік мінгендер vip нөмір тағуға құмар. Бірақ сырт көзге қымбат мәшине мі­ніп, шікірейгендердің арасында көлік салығын төлемейтіндер кез­деседі. Мәселен, облыстық мем­лекеттік кірістер департа­мен­тінің басқарма басшысы Нұрболат Сармановтың мә­ліметінше, қазір 9 мыңға жуық тұрғын көлік салығын тө­ле­мей жүр. Қазір сондай көлік жүр­гізушілерінің берешегі 355 млн теңгені құрап отыр. Оның ішінде төленбеген көлік салығының қарызы 283 млн теңгеге жуықтаса, 72 млн тең­ге­ден астамы – өсімпұл.

– Ең қомақты қарыз сомасы Атырау қаласында тірке­ліп отыр. Мұнайлы шаһар тұр­ғын­дарының көлік салығына 278 млн теңге көлемінде берешегі бар. Ал Жылыой ауда­нын­да­ғы автокөлік иелері 37 млн теңге көлемінде салық төле­ме­ген. Құрманғазы ауданы жүр­гізу­шілерінің қарызы 16,5 млн тең­ге­ге жетті, – дейді Нұрболат Сарманов.

Оның айтуынша, көлік иелерінің көбі салық төлеуге сал­ғырт қарайды. Сол себептен, көлік салығы айлық есеп­тік көрсеткіш негізінде есеп­телетіндіктен, жыл сайын өсіп отырады. Оның үстіне же­ңіл автокөлік 2013 жыл­дың 31 желтоқсанынан кейін құ­рас­тырылса немесе осы уа­қыт­­тан кейін Қазақстан аума­ғын­да тіркелген болса, онда са­лық көлемі тіптен ұлғая­ды. Са­лық­тың мөлшерін мемле­кет­тік кі­ріс­тер органдарына бар­май-ақ, е-Salyq Azamat мо­биль­­дік және екінші деңгейлі банк­тердің қосымшалары ар­қы­лы төлеу мүмкіндігі бар.

 

Атырау облысы