Аймақтар • 04 Тамыз, 2022

Атырауда пара алған еңбек инспекторы 3,5 жылға сотталды

229 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Атырауда пара алған еңбек инспекторы 3,5 жылға сотталды. Ол өмір бойына мемлекеттік қызметте жұмыс істеу құқығынан айырылды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Атырауда пара алған еңбек инспекторы 3,5 жылға сотталды

Атырау қаласының №2 сотында пара алу фактісі бойынша еңбек инспекторына қатысты қылмыстық іс қаралды.

Сот отырысында мынадай жайт анықталған. Атырау облысының мемлекеттік еңбек инспекциясының инспекторы Б. комиссия төрағасы ретінде ЖШС-нің қызметкері ұшыраған жазатайым оқиғаға қатысты арнайы тексеру жүргізген.

«2021 жылғы 24 қарашада Б. ЖШС директорының орынбасарын өзіне шақырып, тексеру нәтижелері бойынша ЖШС кінәлі екенін, қылмыстық жауапкершілікке тарту үшін құжаттарды полицияға жіберетінін айтқан. Оны жауаптылықтан босату үшін пара ретінде 1 500 000 теңге сұраған. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің қызметкерлері еңбек инспекторы Б.-ны 2021 жылғы 25 қарашада өзінің жұмыс орнында ақша алу кезінде ұстаған», деп хабарлады №2 соттың баспасөз қызметі.

Көрсетілген мән-жайлар мен сотталушының кінәсі жәбірленушінің, куәлардың айғақтарымен, жедел тергеу әрекеттерінің нәтижелерімен, бейнекамералардың жазбаларымен, сот сараптамаларының қорытындыларымен дәлелін тапты.

Осыған байланысты сот Б.-ны ҚР Қылмыстық кодексі 366-бабының 2-бөлігімен кінәлі деп таныды. Сот жазаны жеңілдететін жағдай ретінде сотталушының жас балалары барын ескере отырып, Б.-ға 3 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.

Сотталушы өмір бойына мемлекеттік қызметте жұмыс істеу құқығынан айырылды.

Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.