Коллажды жасаған Амангелді Қияс, «EQ»
Жол бойы көлік тізгіндеп отырған Ес-ағаң өзінің жақсы көретін ақын ағалары туралы көп естелік айтты. Тұманбай мен Алматы көктемі, Сағи Жиенбаевтың өлеңдері туралы да сол кісінің аузынан естідім. Сол қайталанбайтын әңгімелерді неге диктофонға жазып алмадым екен деген өкініш әлі күнге дейін мазалайды. Сол күні ақын көкеміз «Қазіргі жастар мені оқығанша, Ғафекеңді оқуы керек» деп айтып еді. Осы сөз менің құлағымда жатталып қалды. Әрине, біздің алдымыздағы аға буын ақындарға аға бола білген Ғафекеңнің поэзиядағы орны, беделі оның есімін мәңгі зау биікке көтеріп тұр емес пе?! Әдебиет айдынында Ғафудың өлеңі, Ғафудың биігі деген бағалар оның жырдағы жұлдызының тым биікте жанып тұрғанын дәлелдейді. Ал сіз «Ғафу көлі» дегенді естіп пе едіңіз? Біз сол көл туралы және оған арналған өлең жөнінде айтпақпыз.
Ақындарға туған ауылы ат мінгізіп, шапан жауып немесе басқалай құрмет көрсетіп жатады. Ал бір рет туған ауылына, анығында Қостанай облысына ат басын бұрған ақын Ғафу Қайырбековке ауылдастары бір көлді сыйға тартады. Ақын үшін бұл сыйлық тосын әрі мағыналы болса керек. Қасында бірге сапарда жүрген ақын інілері Ұлықбек Есдәулет пен Ақылбек Шаяхметтер қуанышты бөлісіп, Ғафу көлін «жуып», естен кетпес кеш жасайды. Ақынның көлі, Ғафудың көлі міне осылай Қазақ топырағында, өзінің туған даласында ақын есімімен аталады. Ғафу Қайырбековтің атына көл берілгенде ақынның қасында болған ақын Ұлықбек Есдәулет бұл туралы «Біраз уақыттан соң Ғафу ағамен бірге қайта оралған кезде әлгі көл жағасына ақбоз үй тігіліп қалғанын көрдік. Жағалауға келіп, көлді қызықтап қарап тұрмыз. Айдындағы аппақ гүлдерінің түйетабан жапырақтары желмен төңкерілгенде астары қып-қызыл болып, көздің жауын алады. Көлді бәрі жамырай мақтасып жатыр. Ауылдық кеңес төрағасы қол қойылып, мөр басылған қаулысын алып шығып, дауыстап оқыды. Қатар тұрған соң көз жүгіртіп қарадым. Орыс машинкасына басылған, «і» әрпінің орнына леп (!) белгілері қойылған қазақ тіліндегі қаулы екен. «Мінеки, бұл көл бұдан былай «Ғафу көлі» аталады», – деді ол қағазын бүктеп жатып. Бәріміз де қол шапалақтап, Ғафаңды құшақтап, сүйіп, құттықтастық. Ғафаң өз көліне өзі үн-түнсіз қарап тұрды», деп жазады. Әдебиет үшін де, өлең үшін де тарихи әрі тағдырлы сәт сол сәт болса керек. Ал жағасында құрағы жайқалған, аққу-қазы асыр салған айдынды көлге аты берілген ақын үшін сол күннен асқан бақытты күн болмаса керек.
Ғафу көлі. Ал дәл сол күнгі үлкен қуанышта осы көлге арналған өлең де туыпты. Оны Ғафу ағасымен бірге көлді тамашалап жүрген ақын Ақылбек Шаяхмет жазыпты. Бұл хақында да Ұлықбек Есдәулеттің «Әбілхаят» атты естеліктер кітабында айтылады. «Мен «сулы жердің баласы» екенім есіме түсіп, тез шешініп, көлге қойып кеттім де құлаштай жүзіп, айдында ағараңдаған гүлдерге жеттім. Бойлап байқасам, көл терең екен. Алақандай аппақ гүлдің біреуін демім жеткенше тереңірек сүңгіп барып, сабағын ұзындау етіп түбіне жақын үзіп, жағаға алып шықтым. Бәдеш апайға әкеліп:
– Ғафу көлінің алғашқы гүлі өзіңізге, апай, – деп ұсынғанымда толқығаннан жеңгеміздің көзінен жас ыршып кетті. Қолында аялай ұстап тұрған ақ тостаған гүлдің сабағы телефонның «шнурындай» шұбатыла сүйретіліп, судан шығып болмады. Бәдеш апай гүлдің атын сұрады.
– Бізде мұны тұңғиықгүл деп атайды, – дедім.
– Әсиягүл деген де аты бар, – деді Ғафу аға.
– Әсиягүл деген жақсы екен! – дестік бәріміз де бірауыздан.
Жиналғандар:
«Ғафу көлдің әсиягүлі» деген өлең жазыңдар, – десіп жатты.
– Жазамыз, жазамыз, – дестік, үш ақын «Кім алдымен жазар екен?» дегендей бір-бірімізге қарап қойып (ақырында Ақылбек жазды)». Ыңғай мықты ақындар жиналса, көлге ақынның аты берілсе, оған арнап өлең жазбау қылмыс емес пе?! Ақылбек Шаяхмет Ғафу көлі туралы былай толғапты:
«Ойға келген сөздің несін іркемін,
Отауымда күтіп сені тұр төрім.
Даламызда көлдер көп қой әдемі,
Ғафу-көл деп аталады бір көлім.
Әсия-гүл көл бетінде тұңғиық,
Қауызына алған-сынды нұр құйып.
Көлге қарап тебіреніп, толғанып,
Ақын аға барлығынан тұр биік.
Ер Төлеген жортып өткен далада,
Ақсұлулар өксіп өткен далада.
Аға, бір сәт дамылдауға бола ма,
Қоржын-көлге шомылмауға
бола ма?!
Ғафу десе көл түседі есіме,
Ғафу десе ел түседі есіме.
Осы көлдей ортаймайды мәңгілік,
Ақын аға сыйлап кеткен несібе».
Қай ғасырда, қай заманда да өркениетті елдің, өнегелі жұрттың құшағы ақындарға ашық болған. Туған елінің маңдайына сыйған ақындар кең жүрегіне ұланғайыр даласын, тамаша табиғатын, саф ауасын, сындарлы сәттерін, тіпті халқының қуанышы мен жақсылығын, мұң-зарын сыйғызып, оны ақ қағаз бетінде алтын белгі етіп қалдырып кеткен. Біздің Ғафу Қайырбеков те әне сондай тағдырлы, тұлғалы ақын. Оған туған елінің көл беріп, құрмет тұтуы да содан.