Әлем • 04 Тамыз, 2022

Мың құбылған мұнай бағасы

288 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Мұнай бағасы тағы да әлемді әбігерге салды. Бұл жолы «қара алтынның» құны барреліне 100 долларға жеткен. Соның салдарынан шартараптың түкпір-түкпірінде жанармайдың бағасы көтеріліп, тауар бағасы қымбаттай бастады. Бір қызығы, мұнайдың қымбаттауы экспорттаушы елдер үшін тиімді болғанымен, қарапайым халықтың қалтасына түсіп тұр. Оның үстіне, кейінгі кездегі геосаяси жағдай да «қара алтын» туралы пікірді өзгертуге тура келетінін аңғартады.

Мың құбылған мұнай бағасы

Таяуда ОПЕК елдері мен оның одақ­тастары шикі мұнай өндіруді күніне 100 мың баррельге ұлғайтуға келісті. Салыстырмалы түрде бұл – өте аз. Бұған дейін «үлкен жетілік» жиынында «қара алтын» өндірісі көлемін 600 мың баррельге ұлғайтуға келіскен-ді. Мұны сарапшылар АҚШ президенті Джо Байденді қорлау деп бағалады.

Жаңа келісімнің әлемдегі мұнай бағасына әсер етуі екіталай. Өйткені оны шығару көлемі әлемдік нарықтың 0,1 пайызын ғана құрайды. Мәселен, былтыр әлемде күніне 77 миллион баррель өнім өндірілді. Қазіргі таңда ОПЕК елдері әлемдік экспорттың 30 пайызын, яғни 28 миллионға жуық шикі мұнай шығарады.

Өткен аптада Ресей және ОПЕК+ елдерінің министрлері жабық бейнеконференция ұйымдастырған-ды. Соған сәйкес, өндіріс көлемі қыркүйектен бастап 100 мың баррельге ұлғаймақ.

Eurasia Group-тың энергетика, климат және тұрақтылық жөніндегі басқарушы директоры Раад Алкадири мұндай қадамның маңызы жоқ екенін алға тартады. «Физикалық тұрғыдан алғанда, бұл ештеңе емес. Саяси тұрғыдан қарасақ, мұны қорлау деп айта аламыз», дейді ол.

ОПЕК шешімінен кейін Brent маркалы мұнай бағасы барреліне 3 долларға қымбаттап, 102 долларға дейін көтерілді. Содан кейін біртіндеп төмендеді. ОПЕК-тің өзі мұндай қадамды сақтық әрекеті ретінде сипаттап отыр. Сондай-ақ өндіріс көлемін бір демде көбейтуге мүмкіндік жоқ екенін алға тартады. Мұның тағы бір себебі ретінде мұнай саласына ұзақтан бері инвестиция салынбағанын, компа­ниялар қуатының азайғанымен байла­ныстырады. Осы орайда, қосымша қар­жының құйылмауы жаңа мұнай кен орындарын зерттеуге кедергі келтіретінін, 2023 жылы да «қара алтынның» тапшы болатынын мәлімдеді.

Бұл мұнай нарығы деген жарықтықты түсіну қиын. Оның бағасы арзандаса да, қымбаттаса да ешкімге жақпайды. Естеріңізде болса, коронавирус панде­миясы кезінде «қара алтынның» құны күрт төмендеген еді. «Жау жағадан алған­да, бөрі етектен тартқандай» болып, 2020 жылы наурыздың басында Ресей ОПЕК+ келісімінен шығып кетті. Кремль мұ­ның себебін Сауд Арабиясының өндіріс көлемін азайту туралы талабын басыну деп қабылдағанымен түсіндірді. Ресей­дің әрекетіне шамданған арабтар да қа­рап жатпай, өндіріс көлемін көбейтеті­нін мәлімдеді. Осылайша, пандемия салда­рынан қалтырап тұрған «қара алтын» бағасы құлдырады.

Мұнайдың бағасы арзандауы оған тәуелді бүкіл елге оңайға соққан жоқ. Тіпті АҚШ-та «қара алтынның» құны арзандап-арзандап, ақыры минусқа кіріп кетті. Ақыры Ресей де, Сауд Арабиясы да сабасына түсіп, бағаны реттеуге келіскен. Наурызда ОПЕК+ келісімінен шығып кеткеннен кейін Кремль мұнай өндірісін 11 млн баррельге дейін жеткізетінін мәлімдеген.

Осыдан кейін ОПЕК+ мүшелері бағаны қайта көтеруге көмектесу үшін өндірісті күніне 10 миллион баррельге қысқартуға келісті. 2021 жылдың маусымында шикі мұнайға сұраныс қалпына келе бастағанда, ұйымға мүше елдер экспорт көлемін біртіндеп арттыра бастады. Әлемдік нарыққа тәулігіне қосымша 400 000 баррель мұнай шығарды. Биылғы шілде және тамыз айларында 600 000 баррельге көбейтті. Енді, қыркүйекке қосымша 100 000 шығарады.

Сарапшылар бағаның өсімі панде­мияға дейінгі кезеңдегі сұраныстың қана­ғаттандырылмай отырғанымен байланыстырады. Қазіргі таңда ОПЕК+ экспорт көлемін ұлғайтқанымен, 2020 жылдың көктеміндегі мөлшерден екі миллион баррельге аз.

«Қара алтынның» қымбаттауына Ресейдің Украинаға басып кіруі де әсер етті. Нарықтағы дүрбелең салдарынан шикі мұнайдың бағасы барреліне 100 доллардан асып кетті. Осылайша, жанармай құны айтарлықтай өсті. Рас, Еуропалық одақ және АҚШ Ресейге санкция салғанымен, әлі күнге дейін аталған елдің мұнайы мен газын тұтынып отыр. Еуропалық одақ жыл соңына дейін Ресей мұнайынан мүлдем бас тартпақ. Бұл онсыз да құны қымбат өнімнің бағасын түсіруге кедергі келтіреді.

Бұған басы қатқан батыс елдері мәселені шешу үшін ОПЕК-ке мүше, «қара алтынды» көп өндіретін елдерге сауын айта барған-ды. Бұған дейін АҚШ президенті Джо Байден Таяу Шығыс елдеріне сапармен барып, әлемдегі бас­ты мұнай экспортерінің бірі – Сауд Арабиясы басшысымен кездесті. Ең қызығы, бұған дейін Ақүй басшысы Мұхаммед бин Салманды айыптап, мүл­дем жолықпаймын деген еді. Бірақ «қара алтын» тапшылығы оны ойынан айнытқан секілді.

Ұлыбритания премьер-министрі Борис Джонсон да Сауд Арабиясы мен Біріккен Араб Әмірліктерінен өндірісті арттыруды сұраған. Бірақ жағымды жауап алған жоқ.

«Саудия мен БАӘ өндіріс көлемін арттыруға қуаты жетеді. Бірақ олар өз бетінше мұндай қадамға барудан бас тартып отыр. Өйткені олар батыстың өктемдік танытқанын қаламайды. Аталған екі мемлекет сұраныс пен ұсыныс арасындағы алшақтық азайып келе жатқанын алға тартып, қазіргі қымбат баға мұнай сатып алушылардың әрекеті деп есептейді», дейді Энергетика институтының өкілі Кейт Дуриан.

Дегенмен басқа ОПЕК+ елдері өнді­рісті ұлғайтуға барын салып жатқан көрі­неді. Argus Media-ның бас экономисі Дэвид Файф Нигерия мен Ангола секілді өндірушілер күніне бір миллион баррель мұнай өндіруге талпынып жатқанын айтады.

«Инвестиция пандемия кезінде құл­дырады. Әрі кейбір жағдайда мұнай қон­дырғылары дұрыс ұсталмаған. Енді олар өндірістің өсуін толығымен қамтамасыз ете алмайтыны анықталды», дейді ол.

BBC арнасының хабарлауынша, ­басты экспортерлердің өндіріс көлемін ұлғайтпауы Ресеймен тиімді қарым-қатынас ұстауына байланысты. «ОПЕК+ Ресейдің тілегін де құрметтеуі керек. Өйткені альянстағы екі үлкен серіктестің бірі», дейді агенттік. Crystol Energy-дің басшысы Кэрол Наклдің сөзіне сүйенсек, Ресейдің үшін мұнай бағасы осындай деңгейде қалғаны керек.

«ОПЕК Ресеймен жақсы қарым-қатынаста қалуды көздейді. Сондықтан олар былтыр жасаған келісімді сақтайды. Ендеше, қыркүйектен бастап шикі мұнай өндірісі аздап қана көбейеді», дейді ол.

БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш те әлемдегі ахуалға байланысты пікір білдірді. Ол мұнай-газ компанияларға арнайы салық салуға шақырды. Оның айтуынша, «қара алтын» өндіретін компаниялардың дағдарыстан пайда табуы жөнсіз. Бас хатшының алаңдауына негіз бар. Әлемдегі төрт ең ірі энергетикалық компаниялар – Exxon, Chevron, Shell және TotalEnergies соңғы тоқсанда шамамен 51 миллиард доллар табыс тапқан. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңіндегі табысынан екі есеге жуық көп.

«Мұндай шектен шыққан ашкөздік жалғыз ортақ үйімізді қиратып, ең кедей және ең осал адамдарға зардабын тигізеді. Мен бүкіл елді осы шамадан тыс пайдаға салық салуға және қаражатты қиын уақытта ең осал адамдарды қолдауға пайдалануға шақырамын», деді А.Гутерриш.

Гутерриш мырза энергетика баға­сының жоғарылауының салдары ауқым­ды болатынын ескертті. Өйткені қым­батшылық салдарынан шартараптың түкпір-түкпіріндегі тұрғындар зиян тартпақ.

«Көптеген дамушы ел қарызға батып, қаржыға қол жеткізе алмай, коронавирус пандемиясынан құтыла алмай жатқанда бұл одан әрі жағдайды ушықтыруы мүмкін. Қазірдің өзінде бүкіл елге әсер ететін экономикалық, әлеуметтік және саяси төңкеріс толқынының белгілерін көріп отырмыз», деді А.Гутерриш.

Өткен айда Ұлыбритания энергетика саласындағы компанияларға 25 пайыз­дық салық салуды мақұлдады. Ел үкіметінің пайымдауынша, тұрғындардың энер­гия төлемдерін өтеуге көмектесуге қажет 25 миллиард фунт стерлинг жинауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ Италия да осындай қадамға барған. Бірақ Франция бұдан бас тартты.