Қоғам • 04 Тамыз, 2022

Көліктерге SOS батырмасын орнату міндетті емес

386 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Тауарларды өндіру және қызмет көрсету саласында белгілі бір талаптар мен ережелер бар. Солардың сақталуын Сауда және интеграция министрлігіне қарасты Техникалық реттеу және метрология комитеті қадағалайды. Күні кеше комитет бірінші жартыжылдықтағы жұмысын қорытындылап, атқарған жұмыстарының есебін шығарды.

Көліктерге SOS батырмасын орнату міндетті емес

Комитеттің хабарлауынша, мамандар жарты жылдың ішінде мемлекеттік бақылау және қадағалау жүргізу бөлігінде 731 тексеру жүргізген. Соның ішінде 64-і – жоспардан тыс болса, 85-і – про­филактикалық бақылау. Өзге мем­лекеттік органдармен бірге жүр­гізілген тексерулер саны – 119. Ал мекемелерге бармай, сырт­тан бақылау саны 464-ке жеткен.

Тексеру кезінде 507 жағдайда бұзушылықтар анықталған. Бұл барлық тексерудің – 70%-ы. «Тексеру нәтижесі көрсеткендей, 14 мың 300 құжат негізсіз және дәйексіз берілген. Соның ішінде 57-сі сәйкестік сертификаты болса, 50-і – сәйкестік туралы декларация­лар. Бұған қоса, 162 жеке тұлғаға арналған автомобиль куәлігі мен 14 031 өлшеу құралын тексеру туралы сертификаттар (ӨҚ) негізсіз берілгені анықталды. Мем­лекеттік тізілімге енгі­зіл­меген 1 572 сертификат та бар, 821 ӨҚ жарамсыз деп танылды. Міне, осындай заң бұзушылықтар шең­берінде 81 қаулы шығарылды. Олар­ға салынған айыппұл сомасы 65 млн теңгені құрады. Бұл был­тыр­ғымен салыстырғанда екі есе көп», дейді комитет мамандары.

Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде де біраз жұ­мыс қолға алынып, соның аясында көліктерге «SOS» батыр­масын орнату міндеттемесі алынып тасталған. «Бұл ел азаматтары­на мұндай құрылғыларды орнатуға кететін шығындарды қыс­қартуға мүмкіндік берді», дейді Техникалық реттеу және метрология комитетінің баспасөз қызметі.

Сондай-ақ құзырлы орган электр құрылғыларының энер­гия тиімділігі туралы техни­ка­лық регламентін енгізу уақыты ұзар­ғанын хабарлады. Егер мұндай шешім қабылданса, тұрмыстық техниканың бағасы күрт қым­баттауы мүмкін. Сондықтан әзір­ше құжаттың күшіне енуі кейінге шегеріліп отыр.

Ведомствоның дерегінше, биыл Стандарттау жоспары шең­берінде 340 стандарт әзір­леніп жатыр, оның 140-ы – мем­ле­кетаралық стандарттар. «Қазірдің өзінде бірқатар әлеуметтік маңызы бар стандарттар қабылданды. Соның бірі – электрсамокаттарға қатысты стандарт. Жалпы стандарттар легі алғаш рет ғылыми-экс­перименттік зерттеулерге сүйене отырып әзірленді», деп мәлім­дейді мамандар.

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша зертханалық базаны жаңғырту жұмыстарын да қолға алған ведомство Ұлттық жобаны іске асыру қорытындысы бойынша 2025 жылға қарай зертханалық базаның 30%-ын жаңғыртуды жоспарлап отыр­ғанын хабарлады. Ол үшін Жол картасы қабылданып, мемлекеттік органдармен бірлесе жұмыстар атқарылып жатыр.

Сәйкестікті растау жөніндегі құжаттар «Бірыңғай терезе» ақпараттық жүйесінің платформасы арқылы жүзеге асырылып, биылғы 19 шілдедегі жағдай бо­йынша 68 649 құжат берілген.

Комитет таңбалау жүйесін үйлестіру бойынша жұмыстар жүйелі жүргізіліп жатқанын атай келе, бүгінде ел бойынша тері, темекі бұйымдары, аяқкиім және дәрі-дәрмектер тобы бойынша міндетті таңбалау енгізілгенін мәлімдеді. Соның нәтижесінде қазынаға түскен түсімдер көле­мі де артқан. Айталық, тері бұйым­дарын таңбалау кезінде импорт бойынша кедендік баждар мен салықтардың түсімі 40%-ға – 372,3 млн теңгеден 516,2 млн тең­геге дейін өскен. Осы қызмет бо­йынша ішкі салықтар түсімі 1,5 есеге артқан.

Енді ведомство жылдың соңы­на дейін техникалық реттеу саласындағы ақпараттық жүйені өнеркәсіпке енгізу, оның ішінде адами факторды барынша азайта отырып, мемлекеттік бақылаудың бизнес-процестерін цифрландыруды ретке келтірмек. Сонымен қатар Техникалық реттеу мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер енгізу туралы заң жобасын әзір­леп, ұлттық зертханалық базаны жаңғырту жұмыстарын әрі қарай жалғастыруды жоспарлап отыр.

а