Руханият • 07 Тамыз, 2022

Мейірім мен қатыгездік

267 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Жаңылыспасам, 1994 жылдың қаңтары болу керек. Әлдебір шаруамен аудан орталығына жолға шықтым. Үлкен жолдың бойында көлік күтіп тұрмын. Қақаған қыс. Ары-бері өтіп жатқан көлікті емге таппайсың. Ұзақ күттім. Ілуде бір кездескен техникаларды қол көтеріп тоқтатқаныммен, аудан орталығына бармайтын, жай ғана ауыл арасында өз шаруасымен жүргендер болып шығады. Бір кезде, үміт үзіліп, күте-күте төзім таусыла бергенде көз ұшында бір көліктің қарасы көрінді.

Мейірім мен қатыгездік

Оны қалайда тоқтату керек. Менің қол көтергеніме тоқтамайтын сыңай танытса, жолына жата қалуға бейілмін. Әлгі көлік көз ұшындағы қара ноқаттан жайлап-жайлап келіп анық көріне бастады. Асықпай жүріп келеді. Жақындап қалды. «КамАЗ» екен. Жол үстіндегі қар таптала-таптала нығыздалып қалған. Жыл­ты­раған жолдың беті тайғанақ. Содан болар, «КамАЗ» кібіртіктеп келеді. Менің қол көтеріп тұрғанымды көр­ген жүргізушінің мейірімі түсіп, көлі­гін баяу­лата келіп, қасыма тоқтады. Мұндай қуанармын ба?

«Рахметімді» сан мәрте қайталап, жүргізушімен қос қолдап амандасып, кабинаға отырып алдым. Кем дегенде үш-төрт сағат жол бойында аязға тоңып қалған маған көліктің іші жұ­мақтай сезілді. Жып-жылы. Жанға жайлы. Рахатқа баттым да қалдым. Кө­лік жүргізушісі – елуден әжептәуір асқан, жүзінен мейірім төгілген қазақ кісі. Амандық-саулық сұрасып болған соң жайланып отырып алдым. Каби­на­да екеуміз ғана. Көңілім орнына түс­кен соң кабинаның ішін барлап қара­дым. Сөйтсем, сол аяғымның тұ­сын­да бір нәрсе қыбырлайды – кәдімгі ақ­бөкен. Бүкіл денесін қапқа кіргізіп, ба­­сын шығарып қойған. Мен таңырқай қарадым.

– Аға, мұны қайдан кездестіргенсіз? – дедім.

– Жол бойындағы үріп тасталған қалың қарда омбылап тұр екен. Байғұс әбден әлсіреп қалған екен. Мына қалың қарлы қыста шөпті қайдан тауып жесін, әбден ашығып, әлсіреген. Әйтпесе, маған ұстатар дейсің бе? Содан жаным ашып, жылы кабинаға салып алдым. Үйге барған соң жылы қораға кіргізіп, жем-шөп беріп бағамын. Балаларыма тосын сый болады, – деді. Мен оның мына іс-әрекетіне разы болып қалдым. «Үлкен мейірімділік көрсеткен» екен деп ойладым. Дегенмен, ойдан ой туып, сөз қозғадым.

– Әй, қайдам, түз тағысы қолға үй­ре­не қоймас... – дедім.

– Оны мен де білемін, бірақ далаға қайтіп тастап кетесің, барған соң бұған не істейтінімізді көрерміз, – деді.

– Обалына қалмай, қазір-ақ жібере салыңыз, өз жөнімен кетсін.

– Жарайды, жібере салайық, бірақ бәрібір өліп қалады ғой мына аязда.

Екеуміз де үнсіз қалдық. Жүргізушінің не ойлап отырғанын білмеймін, ал мен басымды қасып, ойланып отырып қалдым. «Мына киікке қандай жақсылық жасауға болады? Ойлана келе, қолымнан ештеңе келмейтінін түсіндім. Оның үстіне, ол жүргізушінің меншігі. «Былай тартсаң, өгіз өледі, олай тартсаң, арба сынадының» дәл өзі болды.

Аудан орталығына жақындап қал­дық. Маған да, киікке де мейірімі түскен көлік иесі облыс орталығына өтіп кетеді екен. Орталыққа кіреберісте жүр­гізуші менен көліктің жүк салатынынан қорабындағы бөшкеден бакқа жанармай құйысып жіберуімді өтінді. Мен «кузовтың» үстіне шықтым. Мәссаған! Денем тітіркеніп кетті. Көліктің үсті тола өлген киік. Қан сасып тұр. Өлген ақбөкендердің үстін қалың палаткамен жауып қойғансыған. Бір шеті ашылып жатыр. Басы кесілген ақбөкеннің денелері сіресіп қатып қалған. Жүрегім шымырлап кетті.

Мен бакқа жанармайды әзер құ­йыстым. Жүргізуші әлдебір әнді ыңыл­дап айтып жүр. Қайта қозғалдық. Мең-зеңмін. Айдаладағы мүсәпір киікке жанашырлық танытып, мейірімділіктің үлгісін көрсетті деп келе жатқан жүр­гізушінің жанарына көзім түсіп кетті. Алғашқы кездескендегідей емес, қос жанары қанға толып тұрғандай көрінді. Қолы кеуіп кеткен қан жұғындыларынан айғыз-айғыз.

Менің өңім қашып кеткенін ағар­ды ма, аңғармады ма, білмеймін, жүр­­гізуші әлгі «кузовтағы» өлі ақ­бө­­­кен­дерді қайдан алып келе жат­қа­нын айтты:

– Биыл теріскейге ақбөкен көп келді. Халық етке қарық болып жатыр. Сол жаққа барып екі-үш күн жолдастарыммен киік аулап, қанжығам майланып келе жатыр. Жолдастарым, обалы не керек, бір күн бойы атқан киіктерді түгел маған салып берді. Оларға рахметтен басқа айтарым жоқ. Бір милицияда істейтін дөкей досым бар, мына алып бара жатқан киіктерді екеуміз теңдей бөліп аламыз. Киіктің еті дәмді ғой, шіркін! – деді.

Мен аудан орталығынан түсіп қалдым. «КамАЗ» орнынан ауыр қозғалып кете барды. Көз алдымнан «кузов» толы өлі ақбөкендер мен жүр­гізушінің мейіріміне «шомылып» бара жатқан киік кетпей қойды.