Қоғам • 07 Тамыз, 2022

Әскердегі әлімжеттік

2488 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

О-о-оңға! С-о-олға! Бала кезде сарбаз болуды армандағандар қазір әскерден қашып, оң-солын ажырата алмай жүр. Төртінші курстың студенттері «қайда жұмысқа орналасамын?» деп емес, «қай әскери бөлімге алып кетеді екен?» деп алаңдайтыны рас. Майтабандардың өзінен сабыр қашқан. «Ірілері» іріктеуден іркілмес. Жүйке жүйесі әлсіздер де әскерге аттанып, суицидтің жиілеп кетуі содан емес пе екен?

Халықаралық қақтығыстар ушыққан сайын кез келген мемлекет әскери қуатын күшейте бастайды. Жаңа қару ойлап табу мақсат емес. Қару ұстай алатын жастарды тәрбиелеуге ұмтылады. Шаш ал десе бас алатындар әлі де көп қой. Қуатты әскер жасақтау деген сөзді адам санын толтыру деп түсінетіндер бар сияқты. Соңғы уақытта әлеуметтік желілерде жастарды жаппай көлікке тиеп, қорғаныс істері жөніндегі бөлімнің ғимаратына тасымалдау деректері көбейіп кетті. Тіпті әй-шайға қарамай, түнгі уақытта мейрамханада шай ішіп отырғандарға түрпідей тигендерді көрдік. Шақырту қағазын елемей, қашып жүрсе де, әулетінің абыройын
шашып жүрсе де ондай қадамға бару дұрыс па? Әскерден жалтарғандарға айыппұл қа­рас­тырылған жоқ па еді? Жә, бұл әңгіме та­қы­рыпқа тұздық болсын.

Айтпағымыз, біздің әскер адамшылықтан ада сияқты. Қорған болып ел қорғайтын қатарласым келді деудің орнына, бар білгенін үйретудің орнына ұрып-соғуға құмар «дембельдер» көп. Балық басынан шіритінін біліп айтқан ғой бабаларымыз. Басшылар да бар былыққа көз жұма қарап отырғаны өтірік пе? «Бас жарылса бөрік ішінде» деген пиғылмен кез келген шуды әскери бөлімнің сыртына шығармауға тырысады. Сарбаз өлімін жасыру мүмкін емес, әрине. Отан алдындағы борышын өтеген кез келген жас «таяқ жедім» деп турасынан айта қоймас. Шын мәнінде, «өмір мектебінен» өтетінін жасырмайды. Бұл – психологиялық әлсіздік. Құлдық сана. «Мен таяқ жедім, менен кейінгілер де таяқ жеуге тиіс» деген жабайылық. Әлімжеттік болмаса сарбаздар үйінен ақша сұрап сары уайымға салына ма? Жаудың көзін құртуға берілген оқ өз-өзін «жұтуға» жұмсала ма? Әскерге сау болып барған жас отбасына ақыл-есі кем болып қайтар ма еді? «Туған жерімді қорғаймын!» деген шабытпен барып, туған жеріне табытпен оралар ма еді? Таңертеңгі жаттығуға шыдамағаннан, әскердің тамағы ұнамағаннан, сүйікті қызы «үйде отыр» дегенді тыңдамағаннан өз-өзіне қол жұмсайды деп ойлайсыз ба? Отан қандай қымбат болса да ақиқат та сондай қымбат! Шындық дамудың шыңына жетелейді. «Жаңа Қазақстан» деп ұрандап жатыр екенбіз, әскердегі былықтар жасырын қалмауға тиіс. Саланы цифрландырудан бұрын, тәртіп орнатуға күш жұмсау керек. Халықтың тілегі осы!

Жоғарыда тілге тиек еткен жабайылық әскерге дейін қалыптасып үлгергені жасырын емес. Мектеп табалдырығында, колледж және университеттерде де дамбалын әзер көтеріп жүрген «дембель-сымақтар» бар. Сонау 90-шы жылдары тамыр жайған құбылыс әлі күнге дейін жалғасып келе жатқаны рас. Түсіндірме сөздіктеріне көз жүгіртсек, «Әлімжеттік» (дедовщина) – әскери шепте қолданылатын жаргон, төменгі деңгейдегі әскери қызметкерлердің (ефрейтор, сержант және т.б.) арасындағы бейресми иерархиялық жүйе. Бұл жүйенің жоғарғы сатысында тұрғандар көбіне жасының үлкендігімен, физикалық күшінің басымдылығымен өзге топ мүшелеріне псиxологиялық, қаржылық, физикалық немесе жыныстық зорлық-зомбылық көрсетеді. Талаптар орындалмаған жағдайда қорлаушы өз жәбірленушілеріне моральдық немесе физикалық қысым жасайды.

Бұл құбылыстың әлі күнге дейін жо­йыл­мауының негізі себебі – циклді болуында. Топтың басындағылар «биліктен кеткен соң» олардың орнына кезінде жәбірленуші болғандар келіп, өшін әлсіз топ өкілдерінен алады. Жасөспірім шағында қысым көрген балада құлдық сана қалып қояды екен. Өкініштісі сол, ол ешқашан руxани азаттықты сезіне алмайды. Ел саясатын қолдамай, Қазақ елінің азаттығын аяққа басқандар қайдан шығады деп бас қатырамыз сосын. Кінәлі – өзіміз!

Бар былықтың бастауы – әскердегі әлім­жеттік. Қазіргідей алмағайып заманда әр сарбаздың тағдыры маңызды. Бейбіт күнде жалғыз ұлынан айырылу оңай емес. Әскери салаға реформа қажет. Шаруашылық жағы өз алдына, рухани тәрбие мәселесін мықтап қолға алу керек. Сарбаздар адамшылықтан адаспасын! Басшылар да ақиқаттан аттамасын!