Әлем • 07 Тамыз, 2022

Таулы Қарабақтағы қақтығыс

882 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Әзербайжанның Таулы Қарабақ аймағында жағдай тұрақталмай тұр. Өткен аптада тараптар арасында тағы да қақтығыс болды. Бұқаралық ақпарат құралдарында таралған ақпаратқа сүйенсек, шиеленіс салдарынан кемінде үш сарбаз қаза тапқан. Халықаралық қоғамдастық мәселені ушықтырмауды сұрап отыр.

Таулы Қарабақтағы қақтығыс

Әзербайжан да, Армения да қақтығысқа бір-бірін кінәлады. Al Jazeera арнасының хабарлауынша, дроннан жасалған соққыдан екі армениялық қаза тапқан. Әзер­байжан қорғаныс министрі Армения 2020 жылы жасалған келісімді бұзды, бір жауынгерімізді мерт етті деп мәлімдеді. Оның айтуынша, жауап ретінде Лашын дәлізіндегі арме­ниялық әскерге соққы жасалған. Бұл жерді Ресейдің бітімгерлік күштері бақылауы тиіс-тұғын. Бірақ Баку би­лі­гінің айтуынша Армения әскері әлі де өңірден кетпегенін алға тартады.

Осы орайда, Каспийдің арғы бетіндегі ағайын бітімгерлік күш­­терінің бақылауында болуы тиіс белеске жасалған шабуылды той­тарып тастаған. Сондай-ақ Әзер­байжан әскері бұл операцияға «Кек» деп атау беріп, аймақтағы стра­тегиялық маңызды бірнеше белесті қайтарғанын мәлімдеді.

Армения қорғаныс министрі қарсы тараптың оқ атпау туралы келісімді бұзғанын, бітімгерлер бақылауындағы аймаққа шабуыл жасағанын алға тартады. Сондай-ақ халықаралық қоғамдастықты үн қосуға шақырды.

Дегенмен бұл мәселенің түйт­кілді тұстары көп. Жалпы, Тау­лы Қарабақ ресми түрде Әзер­бай­жан­ның аумағы саналады. Бірақ Кеңес өкіметі ыдыраған тұста Әзер­байжан мен Армения Таулы Қарабақ аймағы үшін қақтығысты. 1994 жылы Армения мен Таулы Қарабақ және Әзербайжан арасында атысты тоқтату жөнiнде бiтiмгерлiк келiсiм жасалғанымен, Таулы Қарабақ пен оған жапсарлас жатқан аймақтар Арменияның бақылауында қала бердi. 1988-1994 жылдары болған соғыста 30 мыңдай адам қаза тауып, миллионға жуық әзербайжан босып кетті.

Содан бері Таулы Қарабақ эт­нос­тық армяндардың бақылауында болып келген. Таулы Қарабақ ай­мағы 1991 жылы азаттығын жариялады. Алайда әлемнің бірде-бір мемлекеті оның тәуелсіздігін мойындаған жоқ. 1995 жылы Еуропа қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы Армения мен Әзербайжан қақтығысын шешу үшін Минск тобын жасақтады. Бұл келісімге Франция, Ресей және АҚШ өкіл ретінде енді. Бірақ бұл келісім діттеген мақсатына жеткен жоқ.

БҰҰ Таулы Қарабақ аймағын ресми түрде Әзербайжан аумағы деп мойындап, екі елді мәселені бейбіт жолмен шешуге шақырып келеді. Тіпті БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі даулы Қарабаққа қатысты 4 қарар қабылдап, Арменияның әскерін Әзербайжан аумағынан шығаруға тиіс деп көрсетті.

Бұған дейін Армения мен Әзербайжан тарапы бірнеше рет «түйісу сызығында» қақтығыс­қан-ды. Соңғы рет 2020 жылғы қыр­күйекте Таулы Қарабақ аймағында қақтығыс өршіді. Әзербайжан мен Армения жағдайдың ушығуына бір-бірін айыптады. Баку мен Ереван араағайын елдердің көмегімен бірнеше рет атысты тоқтату туралы келісімге келген. Бірақ көп ұзамай қақтығыс қайта жалғасты.

Ақыры Ресейдің араға түсуімен Армения мен Әзербайжан соғысты тоқтату жөніндегі келісімге келді. Сөйтіп, 10 қараша­да 44 күнге со­зыл­ған қақтығыстың нүктесі қо­йыл­ды. Ке­лісімге сәйкес, Әзер­бай­жан соғыс ке­зінде азат еткен Таулы Қарабақтың бір бөлігін және Армения басып алған 7 ауданды өзіне қайтарды. Армения аумағынан Әзербайжанның негізгі территориясын Нахичеван аумағымен жалғайтын дәліз берілді. Сонымен қатар Таулы Қарабақты Армениямен бай­ланыстыратын дәліз құрылды.

Келісімге сәйкес Армения қай­таруға тиіс аймақтардан әскерін биылғы жазға дейін әкетуі қажет болатын. Бірақ бұқаралық ақпарат құралдарында тараған мәліметке сүйенсек, Ереван мұндай қадамға асығар емес. Тіпті мерзімді қыр­күйекке дейін созуға мұрсат сұраған.

Кейінгі қақтығысқа қатысты Еуропалық одақ соғыс қимылдарын тоқтатуға шақырды. Америка Құ­рама Штаттары «шиеленісті азайту және одан әрі шиеленісуді бол­дырмау үшін дереу шаралар қа­былдауға» шақырды.

«Америка Құрама Штаттары Таулы Қарабақ төңірегіндегі қақ­тығысқа, соның ішінде адам шы­ғыны мен қаза тапқандар туралы хабарларға қатты алаңдаулы және оны мұқият қадағалайды», деді АҚШ Мемлекеттік департаментінің баспасөз хатшысы Нед Прайс.

Ресей бітімгершілік күштері бақы­лауындағы аймақтардағы жағ­дайдың шиеленісіп бара жат­қанын хабарлады.

«Ресей бітімгершілік күштерінің қолбасшылығы Әзербайжан және Армения өкілдерімен бірге жағ­дай­ды тұрақтандыру үшін шара­лар қабыл­дайды», делінген Ре­сей қорғаныс минис­трлігінің мәлімдемесінде.