Әдебиет • 09 Тамыз, 2022

«Гүлстан»: Асыл ойдың тамшысы

679 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

ХІІІ ғасырда өмір сүрген Парсының ұлы ойшыл ақыны Сағди – әлем әдебиетінде орны бар тұлғалардың бірі. Оның пайымы терең туындылары өзінен кейін жасаған адамзат ойшылдарына, әдебиеттегі тұлғалардың шығармашылығына әсер етті. Уақыт пен қалам арасындағы үндестік те оның жазғандарынан жіті байқалады. Тіпті ол мынау дүниенің түпсіз де шексіз екенін, жақсылықпен өмір кешкен адамның аты қалып, ізгілікке қарсы жұмыс істегендердің абыройсыз күй кешетінін өлеңдегі қанжар тілімен сын тезіне алады.

«Гүлстан»: Асыл ойдың тамшысы

«Көп атақты қара жерге жерленді,

Өшіп бітті, аты да жоқ елде енді.

Сүйегі де топыраққа айналып,

Енді қалған бар қызығын жер көрді.

Наушарбанның жақсы ісімен

қалды аты,

Жер жүзінде болмаса да тән заты.

Жақсылық қыл, ертең өзің

кеткенде –

«Түк қалмады» демесін жұрт

албаты...».

(Жәнетқан Тұтқабек аудармасы).

Ақын осы екі шумақта жоғары билікте отырғандардың халықтың жағдайына, тұрмыс-тіршілігіне дұрыс пиғыл танытпаса, соңы өкінішпен аяқталатынын ескертпе ретінде айтып отырғанын есті оқырман бірден аңдайды. Сол үшін де ол VI ғасырда Парсыда билік ұстаған әділ патша Наушарбанның іс-әрекетін үлгі етеді. Тіпті оның жоғарыдағы екі шумағынан «Патша болсаң, Наушарбандай әділ бол» деген пайым шығады. Айтқысы келгені де сол ойдың ұшығы.

Өмірінің 30 жылын ел аралап, жер көрумен өткізген ол күллі араб сахарасын, Мысыр елін, Солтүстік Африкаға, сосын шығыста Қашқарға дейін ат басын тіреген жиһангез. Сапарға көп шық­қаны оның әр тақырыпта жыр жазуы­на көмектесті. Ол өз көзімен көрген ұлы оқи­ғаларды, жоқшылық пен ашаршылық, соғыс пен бейбітшілікті туындыларына арқау ете білді. Көп жыл бойы жинаған тәжірибесі мен тума таланты оны «Гүлстан» атты кесек туындыны өмірге әкелуіне жол ашты. Аталған шығарма содан бері Парсы әдебиетінің, қала берді жаһан әдебиетінің рухани жауһарына айналды. «Гүлстан» арқылы ол кей қоғамдық құбылыстарға, өмір шындығына ғылыми көзқараспен баға бергісі келеді әрі сол мақсатын орындайды. «Гүлстанның» «Бір даугермен байлық және кедейлік туралы талқы» деген тарауындағы екі кейіпкердің тайталасын, жеке көзқарасын сипаттау арқылы сол қоғамдағы бай мен кедейдің, бар мен жоқтың сөзін бізге жеткізген.

«Ей, бұлбұл, сүюді үйрен пәруанадан,

Күйіп кетті, түк те жоқ қалған одан.

Күйгендігін даулайтындар

ештеңеден хабарсыз,

Арманына жетіп өлді ол,

кімнен сұрап аларсыз.

Ой-қиялдан, жорамалдан

Тәңір биік тұрады,

Айтқан және естігеннен,

жорамалдан тым ары».

«Гүлстанда» қиялыңды ұштайтын, тіпті арғы ғасырларға жетелейтін аңыздар мен әпсаналар жетерлік. Біз осы кітапты оқып отырып, мынадай қысқа әңгімеге тап болдық. «Бір діндар басын жағасының ішіне тығып, қиял теңізіне батып кеткен еді. Ол бұл күйден қалпына келгенде, достарының бірі әзілдеп: «Сен барып серуендеген гүлбақшадан бізге қандай тарту әкелдің?» деп сұрапты. Сонда ол: «Есімде қалғаны гүлбақшаға бара сала етегімді гүлмен толтырып, достарыма ұсынайын деген едім, бірақ сонда жетіп барғанда, гүлдің хош иісінен мас болып, етегім қолымнан шығып кетіпті» деп жауап беріпті». Аңдап отырсақ, бұнда адам баласының табиғаттың әрбір өзгеше жаратылысының, құбылысының алдында еш дәрменсіз екенін сипаттайды.

«Гүлстанды» сол дәуірде ойшылдар мен ғалымдар алтын ақшаға теңеген екен. Бұған аталған шығарманың үнемі қолдан қолға өтіп, оқырманды ойландыруға, ізгілік пен жақсы қасиетке, бай болуға үндеуінде болса керек. Сол кезде жұрт жақсы көрген бір ойлы адам болса, ол – Сағди шығар. Ол «Гүлстанның» жазылу себебін былай тарқатады: «Бір күні кеште өтіп кеткен зая күндерімді ойлап, өміріме ашындым да, көңіл сарайының едендегі тастарын көз жасымның алмас тамшысымен тестім. Әрі өз әлімше осы бәйіттерді жаза бастадым», дейді.

Сол бәйіттердің бірі мынау еді:

«Әр тыныс өмірді ұрлар әр қадамың,

Көрдім мен одан түк те қалмағанын.

 

Ұйқымен елу жылым өтті солай,

Бес күндік қалды өмірің ең соңғы орай.

 

Көшуге соңғы сырнай салғанда жар,

Артылмай жүгің қалса, арман болар.

 

Жаңадан бір ғимарат салсаң егер,

Сен кеткен соң рахатын ұрпақ көрер.

 

Өмір – қар тамыздағы жатқан еріп,

Иесі сезбей ойнар қуып желік.

 

Базарға пұлсыз барған алармандай,

Өкінбе, қалта сипап қалған жандай».

«Гүлстанның» авторы осы еңбегі туралы бір сөзінде: «Оқырмандардың ләззаттануы және әуескерлердің мейірін қандыру үшін «Гүлстанды» жазып шығуға бекіндім. Оның беттеріне күз желінің рақымсыз қолы қастық жасай алмайды», деген ашық көзқарасын айтады.

«Алғанмен бір құшақ гүл баққа кіріп,

Ертең-ақ солып бітер аптап ұрып.

Қалатын қазына боп мәңгі ойыңда,

Бір бетін «Гүлстанның» сақта біліп».

Патша көңіл оқырман үшін, біз үшін «Гүлстан» кітабы Парсының гүлзарында жайқалған гүл сияқты. Оның хош иісі, адамға сыйлар ләззаты тым өзгеше бол­ғаны даусыз. Ол таза жүректен шықты, мейірім күткен қоғамға өз сөзін айта алды, жеткізді. Осы шығармадағы 9-хикаятта араб патшаларының бірінің өлер алдындағы өкініші хақында жыр өрбітеді, сөз соңында «Өтті өмірім надандыққа байланып», дейді. Неткен рақымсыз өкініш. Сосын Сағди ақымақ та есерсоқ патша мен уәзірлерді де назардан тыс қалдырмайды, олардың іс-әрекетінің теріс екенін, түбі өкінішке апарып соғарын да қайта-қайта есіне салып отырады. «Ақымақ шамын бекер күндіз жағар, ал кеште майшамы жоқ тұлдыр қалар», деп ащы тілмен сынайды.

41-хикаятта тарих туралы мынадай оқиғаның бетін ашады: «Ескендір Ромнан батыс пен шығыстың жерін қайтып алдың? Бұрынғы патшалардың қазынасы мен әскерлері сізден көп болса да, мұндай жеңіске жете алмаған еді?» деп сұрапты адамдар. Сонда ол: «Құдай тағаланың жәрдемімен әрбір елді алғанда сол елдің халқын ренжітпедім, патшаларының жақсы жағын айттым, басқа ештеңе демедім депті», деген эпизодты алға тартады. Оқып отырсаңыз, «Гүлстанның» құдіреті оның жай көркем еңбек емес, адамның ізгілігі мен жақсы қасиеттерін бір арнаға тоғыстыруға құлшынған тамаша оқулық екенін сезінесіз.

12-хикаятта мынадай ғасыр сөзі оқыр­манға айтылады: «Ұлықпаннан: «Әдеп-ибаны кімнен үйрендіңіз?» деп сұрапты біреу. Ол: «Әдепсіздерден үйрендім, өйт­кені олардың қылықтарындағы көңіліме жақпаған сорақылықтарын өзім істеп қоюдан сақтандым», депті». Сағди кім де кім жаман адамның іс-әрекетін көрсе, оны өз жақсылығымен ұялтсын деген ұлы идеяны алға тартады. Сосын бұл еңбекте адамдардың қанағат қылу, адамгершілік, еңбекке үйрену, ысырапшылдықтан сақ­тану, ғылым-білім үйрену, уақытты босқа өткізбеу туралы кеңестер айтады, оны жай айтып қана қоймай, көңілге қонымды болсын деп мағыналы бәйіттермен айтады.

Арада қанша ғасыр өтсе де, «Гүл­стан» күн сайын биіктеп, оның баға­сы арта түсті. Замана ағысында асау толқын­дарға қарсы жүзіп, тарих бетінен ойып орын алған бұл еңбектің күллі дүние оқыр­маны үшін берері мол екенін уақыттың өзі дәлелдеп берді.