Жүктемесі шекті деңгейден асып кеткен
Ұлылар өлкесінің бас шаһары саналатын Семейде қазір 4 көпір халық игілігіне қызмет етіп тұр. Оның бірімен пойыздар теміржол арқылы жолаушылар мен жүк тасымалдап экономикаға қан жүгіртсе, тағы екеуімен автокөліктер қатынап, қаланың Ертіс өзеніндегі қос жағалауын жалғап отыр. Міне осы екі көпірдің сапалы жөндеу көрмегеніне біраз жылдың жүзі болды.
Әсіресе, кезіндегі Семей облысының негізгі стратегиялық инфрақұрылымының бірі саналған авто-жегін көпірінің қазіргі жағдайы күрделі. Мамандардың айтуынша, осыдан 58 жыл бұрын, яғни 1964 жылы пайдалануға берілген бұл нысанның эксплутациялық мерзімі әлдеқашан аяқталған. Жыл сайынғы жоспарлы жөндеуден мардымды нәтиже шықпайтыны да содан болса керек. Қазір мұнда көлік нөпірі 60-жылдары құрылыс жобасында қарастырылған көлемнен 60%-ға жоғары. Демек көпірдің жүктемесі шамадан артық.
Аталған стратегиялық нысан сонау 2000 жылдардың басында апатты деп танылған еді. Сол уақытта жергілікті билік тәулік бойы жүйіткіп жүретін көліктердің салмағына бұл инфрақұрылымның шыдас бермейтініне алаңдап, оның темірбетонды құрылымын бөлшектеуді көздеген болатын. Әйтсе де жөндеу жұмыстарының құны шамамен 200 млн теңгеге бағаланып, бұл сол кезеңдегі ақша бағамына сәйкес қымбат болып шықты. Осылайша, өзекті мәселе жабулы қазан күйінде қалған еді. Тек жиырма жылға жуық уақыт өткен соң, оның өзінде көпірдің әр жері сыр бере бастағандықтан жергілікті шенділерге қордаланған проблеманы қайта қолға алуға тура келді.
Айталық, былтыр тамызда оның белгілі бір бөлігінде плиталар мен сүйеніштері қирап, мұнда көлік қозғалысына шектеу қойылған болатын. Абырой болғанда, адамдардың өміріне айтарлықтай қауіп туындаған жоқ.
«Дұрыс күтіп болмағандықтан бұл көпір әбден ескіріп, тозығы шықты. Әкімдіктегілер жобалық-сметалық құжаттың дайындалып жатқанын енді айтып отыр. Бұны әлдеқайда ертеректе қолға алу керек еді. Бюджет қаражатын өзін ақтамайтын қажетсіз жобаларға жұмсағанша, одан да осындай апатты нысандарды ретке келтіруге бағыттаған тиімді», деп пікір білдірген болатын қала тұрғындары.
Ескі көпірдің қасынан жаңасы салынады
Десек те бұл түйткілді мәселенің шешімі де табылғандай. Таяуда Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаевқа жаңа көпірдің жобасы таныстырылды. Оны ескі көпірдің қасынан салу жоспарланып отыр. Жобаның құны шамамен 30 млрд теңгеден асады. Өткелдің ұзындығы 1 шақырымға жуықтайды. Жаңа көпірдің белортасы, оның орналасуы жоспарда және профильде кіреберіс учаскелермен бірге жобаланған. Ол авто-жегін көпірінен 28,4 метр қашықтықта Ертіс өзенінің ағысына қарай төмен орналасады.
Төрт жолақты өткелдің жалпы ұзындығы – 1 350 метр. Оның ішінде автомобиль жолдарының кіреберісі – 540 метр және көпірдің ұзындығы – 810 метр. Сондай-ақ ені 1 метрлік қауіпсіздік жолақтары мен 2,25 метрден тұратын екі жүргіншілер жолағы қарастырылып отыр. Бұл ретте аталған жүргіншілер жолағы қызметтік мақсатқа арналатынын айта кеткен орынды. Ал жаяу жүргіншілердің қозғалысына іргелес орналасқан ескі көпірді беру көзделген.
Тиісті жөндеу жұмыстары биыл басталмақ. Мердігерлер нысанды 2025 жылға қарай өткізуді межелеп отыр. Бірақ мамандар құрылыс жұмыстарын бастау үшін бірқатар мәселені шешу қажет екенін ескертті. Атап айтқанда, автожол көпірімен шектесетін аумақта тұрғын үй салу көзделіпті. Алайда жауапты ведомстводағылар бұл көпірдің құрылысына кедергі келтірмейді деп санайды.
Семейдің символындағы селқостық салдары
Семейдің мақтанышына айналған аспалы көпірдің қандай күйге жеткенін айтудың өзі қиын. Рас, қалаға келетін кез келген турист оның маңында естелік фотоға түсуге құмар. Көпшілігі оны Ыстанбұлдағы Босфор көпіріне ұқсатып жатады. Анадолыдағы егізінен басты айырмашылығы – архитектуралық көркемдігі бірдей болғанымен оның үстімен жүріп өткен әрбір жолаушы ондағы жолдың сапасын бүкіл өн бойымен сезе алады. Бұлай дейтініміз, 2001 жылы пайдалануға берілген нысан ұзақ жыл қараусыз қалып, оның жолдары шұрық-тесікке айналды. Жергілікті жауапты басқарма «жөндемеді» деп айта алмаймыз, жөндеу әрекеттерін жүргізіп-ақ көрді. Бірақ та бұл көпірдің өз ерекшеліктері бар әрі құрылыс кезінде жол жабыны өзгеше технологиямен төселіпті. Мұның барлығы ескерілмеген соң аспалы өткелдің жолы әр жерінен жамалған құрақ көрпеге айналғандай.
Осыдан 1-2 ай бұрын Семейге кезінде аталған жобаны іске асырған жапониялық компанияның өкілдері келіп, төл туындыларының қазіргі жағдайына қаныққан еді. Мұндай көрініске тап боламыз деп ойламаған күншығыс елінің мамандары шаһардың басты символын қалпына келтіруге көмектесуге дайын екендерін жеткізді.
Аспалы көпірдің пилондарының биіктігі – 98,5 метр, ұзындығы – 1 086 метр (750 м – аспалы бөлігі) және іргелес жолдардың ұзындығы – 14,5 шақырым. Бес инфрақұрылымдық жол өтпесі, үш жерасты өткелі және көпірдің астында демалыс аймағы бар.
Мұнда көлік қозғалысының 6 жолағы ескі көпірдің, ел ішіндегі жолдардың, халықаралық жолдардың, оның ішінде Омбы – Новосібір бағытындағы күре жолдың жүктемесін азайтуға мүмкіндік береді. Десе де құрылыс аяқталғаннан кейін көпірге қызмет көрсетілмей бұл жол жабынының айтарлықтай нашарлауына әкелді. Техникалық қызмет көрсету және оның күтіміне арналған қаражаттың жеткіліксіздігі, білікті мамандардың тапшылығы жол төсемінің бұзылуына, металл құрылымдарының коррозиясына, лифтілердің, электр жабдықтары мен электр желілерінің бұзылуына әкеліп соқты.
«ITOCHU Corporation және IHI Infrastructure System Co, Ltd компаниясының мамандары орталық тас жолдың сыртқы жабынын кесу жұмыстарын бастауға ниетті. Көпір жабынының және байланыстырушы түйіндердің жалпы жағдайын анықтау үшін алты жерден бөліктер зерттеуге алынады. Жұмыстың бұл түрі 2 айдың ішінде аяқталуға тиіс. Алынған үлгілер зертханалық сынамаға жіберіледі. Сондай-ақ тозу мен коррозияны механикалық және химиялық тексеруден өткізу үшін кабель үлгілері алынады. Олардың да нәтижелері шамамен екі айда белгілі болады», делінген қалалық әкімдік таратқан ақпаратта.
Тұтастай алғанда, асфальт жабыны мен кабельдің жағдайын тексеру жұмыстары жыл соңына дейін жалғасады. Осыдан кейін ғана жұмыс көлемі және олардың күрделілігі анықталады. Тексерудің нәтижесіне сәйкес қорытынды беріліп, соның негізінде жобалық-сметалық құжатты әзірлеу жоспарланып отыр.
Алдын ала болжам бойынша жобалау жұмыстары жыл соңына дейін басталуға тиіс. Оған кем дегенде алты ай қажет. Ал қаржыландыру мәселесі келесі жылдың аяғында немесе 2024 жылы шешілмек. Бұдан кейін жобаның қай бөлігін жапон тарапы, ал қайсысын қазақстандық тарап қаржыландыратыны туралы шешім қабылданады.
Жылжымалы көпірдің артықшылығы
Бұл орайда облыс орталығында 2000 жылдарға дейін тағы да бір көпір жұмыс істегенін айта кетейік. 90-шы жылдардың басында қалада понтон көпірі, яғни жылжымалы құрылымдардан тұратын өткел ашылып, оның көмегімен көлік құралдары көктемнен бастап қар түскенге дейін қос жағалауға қатынап жүретін. Оның артықшылығы сол, «Жаңа Семейдің» халқы орталыққа лезде жетіп, уақыт ұттырмайтын. Яғни понтон көпірімен Бейбітшілік аралы (бұрынғы Түйемойнақ аралы) арқылы Киров көпірінен өтіп, қаланың орталық ауданына жетудің қысқа жолы қарастырылған болатын. Өкінішке қарай, жаңа ғасырдың басында көпірдің қызметі тоқтап, өткелдің барлық 8 секциясы бөлшектелген күйде Затон ауданындағы кемежайдың қоймасына жіберілді. 90-шы жылдардағы экономикалық қыспақтың кесірінен аталған көпірдің металл құрылымдарының бір бөлігі тоналып, сол секілді барлық секциясының корпустары бүлінумен бірге электр жабдықтары толығымен ұрланып тынды.
Мемлекет басшысының пәрменімен биыл Семей өңірі Абай облысы болып, қайта жаңаруға мүмкіндік алды. Енді семейліктер еліміздің рухани орталығындағы түйткілді мәселелер лайықты шешімін табады деген үмітте.
Абай облысы