Қаржы • 09 Тамыз, 2022

Банктердің «бас ауруына» айналған несие айналымда игілікке жарайды

660 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Екінші деңгейлі банктердегі стрестік активтерден арылу үшін жақында ғана заңға өзгерістер енгізіліп, енді заңды тұлға мен кәсіпорындардың «улы» кредитін жеке инвесторлар да сатып алу мүмкіндігіне ие болған еді. Жалпы алғанда, мемлекет стрестік активпен күреске белсене кірісті. Өйткені жұмыс істемей тұрған несие­лер банкке де, экономикаға да үлкен зиян шеккізеді. Түпкі зар­дабы ауыр болар түйткілмен қа­ірден бастап айналысқан абзал. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі соңғы 5 жылда қар­жы институттарындағы стрестік активтер көлемінің айтарлықтай қыс­қарғанын айтады.

Банктердің «бас ауруына» айналған несие айналымда игілікке жарайды

Коллажды жасаған Амангелді Қияс, «EQ»

Агенттік төрағасының орынбасары Олжас Қизатовтың айтуынша, қазір стрестік активтердің көлемі сектордың қаржылық тұрақтылығына қауіп төндірмейді. Сол себепті басты міндет ретінде «стрестік активтерді өткізудің нарықтық тетіктерін дамыту» жоспары алға шықты.

Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев «Халық бірлігі және жүйелі рефор­малар – ел өркендеуінің берік негізі» атты 2021 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында стрес­тік активтер деңгейін тө­мен­дету жөніндегі жұмыстың аса маңыздылығын атап өтіп, бұғатталған активтерді эконо­микалық айналымға қайтару қажет, алайды ол нарықтық негізде ғана жү­зеге асырылуға тиіс деген еді.

2017 жылдан бастап Қазақстанда стрестік активтерді төмендету бойынша түбегейлі шаралар қабылданды. Нәтижесінде банк секторының стрес­тік активтерінің мөлшерін айтар­лықтай азайтуға мүмкіндік туды, бағалау бойынша 2017 жылдан банк жүйесі негізінде стрестік активтердің мөлшері 7,7 трлн теңгеден 2022 жылдың ортасына 2,4 трлн теңгеге дейін төмендеген.

«Өткен жылдарда банк секторында жинақталған жұмыс істемейтін активтердің жоғары көлеміне байланысты проблемалардың басым бөлігі шешімін тапты немесе реттеу процесінде. 2021 жылдың басында стрестік активтердің банктер мен САБҰ-ның балансында болуы­н 5 жылға дейін шектейтін реттеу шаралары қабылданды, сондай-ақ САБҰ-ның проблемалық қарыздарды басқару және есептен шығару бойынша, оның ішінде шетелдік капиталмен бірлескен кәсіпорындар құру арқылы өкілеттіктері кеңейтілді. Аталған ша­ралар проблемалық активтерді қал­пына келтіру процесін жеделдетуге және оларды одан әрі іске асыруға ықпал етеді. Инвесторлар үшін стрестік активтердің тартым­ды­лығын арттыруға провизияларды қалып­тастыру практикасын жетіл­діру және кепіл мүлкін бағалау қажет­тілігін көрсеткен, 2019-2020 жыл­дары жүргізілген сапаны тәуелсіз бағалау (AQR) нәтижелері бойынша қабылданатын шаралар ықпал ететін болады», дейді О.Қизатов.

Осыған байланысты банктер өз­дерінің бизнес-процестерін жақ­сарту бойынша түзету шараларының жос­парын әзірлеп, агенттікпен келіскен.

«Сондай-ақ агенттік банктердің өзінің кредиттік портфельдері бойын­ша провизияларды уақтылы және толық қалыптастыруға бағытталған реттеуші талаптарға өзгерістер қабыл­­дады. Бұл талаптар 2022 жылдан бас­тап қолданылады. Реттеу шара­ларына қосымша стрестік активтердің деңгейі жоғары банк­термен жұмыс күшейтілді, олармен 2026 жылға қарай стрестік активтерді кезең-кезеңімен 0,9 трлн теңгеге дейін қысқарту жөніндегі шараларды іске асыру ұйғарылатын жеке жоспарлар келісілді. Аталған банктер кепілдерді өтеу, сату, қарыздарды есептен шы­ғару және сапасын жақсарту есе­бінен, оның ішінде проблемалық қарыздарды 694 млрд теңге сомасына есептен шығару есебінен іс-шаралар жоспарын 1 трлн теңгеге немесе 55%-ға орындады», дейді агенттік өкілі.

Сонымен қатар биыл банктер жеке тұлғалардың проблемалық қа­рыздарының ағымдағы деңгейін төмендету бойынша жеке жос­парлар жасаған. Банктер реттеу жөніндегі іс-шаралармен шамамен 630 мың қарыз алушыны, оның ішінде халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын 84,7 мың қарыз алушыны қамтуды жоспарлап отыр. Салықтық шаралар шеңберінде 2020 жылы салық заңнамасына банк оның берешегін есептен шығарған кезде заңды тұлғаларды салық төлеуден бо­сатуды, сондай-ақ ПКҚ-дан стрес­тік активтерді сатып алатын инвес­торлардың салықтары бойынша шығыстарды азайтуды көздейтін түзетулер қабылданды.

Қабылданған шаралар реттеу­шінің активтердің әділ құнын бағалау практикасын, банктердің стрес­тік активтермен жұмысы бойынша талаптарды жақсарту жөніндегі ке­шенді жұмысының бір бөлігі болып саналады, бұл жиынтығында барабар нарықтық құнды және мәмілелердің ашықтығын қалыптастырады.

«Біздің бағалауымыз бойынша, стрестік активтердің орташа мөлшері 2022 жылы шамамен 2,4 трлн теңгені немесе банк жүйесі активтерінің 6,1%-ын құрайды. Жұмыс істемейтін кредиттердің үлесі банк секторының жиынтық несие портфелінің 3,6%-ын немесе 0,8 трлн теңгеге тең. Осы­лай­ша, қазіргі уақытта банк жүйе­сі бойынша стрестік активтердің деңгейі Қазақстанның қаржы сек­торының қаржылық тұрақтылығы үшін қауіп төндірмейді. Алайда банк­тер мен САБҰ-ның баланстарында проблемалық кредиттерді, сондай-ақ экономикалық айналымға тарту қажет жылжымайтын мүлік, жер учаскелері, өндірістік нысандар мен жабдықтар түріндегі өндіріп алынған мүлік кіретін стрестік активтердің әлі де айтарлықтай көлемі сақталған. Осыған байланысты негізгі басымдық – нарық жағдайында стрестік актив­тердің өтімді нарығын дамыту болып саналады. Бұл банктерді стрестік активтер деңгейін неғұрлым белсенді төмендетуге ынталандыратын және босатылған капиталды экономиканы кредиттеуге жұмсайтын болады», деп түсіндірді О.Қизатов.

Мамандардың айтуынша, стрестік активтердің ағымдағы көлемі – на­рыққа әлеуетті инвесторлардың кіруі үшін тартымды. Халықаралық тәжі­рибе көрсеткендей, стрестік активтер нарығының толыққанды жұмыс істеуі үшін бірқатар реттеуші, салықтық және заңдық кедергілерді жою қажет, соның салдарынан стрестік активтерге сұраныс пен ұсыныс арасында баға алшақтығы пайда болады.

2020-2021 жылдары агенттік басқа мемлекеттік органдармен бірлесіп, халықаралық ұйымдар мен консультанттарды тартумен стрестік актив­тердің өтімді нарығын құру үшін реттеушілік, салықтық және құқық­тық кедергілердің және қажетті та­лап­тардың экономикалық және заң тұрғысынан талдауын жүргізді және оларды жою бойынша ұсынымдар әзірледі. Әзірленген ұсынымдарын ескере отырып, агенттік Ұлттық банкпен және Үкіметпен бірлесіп 2021 жылғы қыркүйекте «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне стрестік активтер нарығын дамыту мәселелері бойынша өзге­рістер мен толықтырулар енгізу тура­лы» Қазақстан Республикасының Заңын әзірледі. Заң қаржы секторын нарықтық қағидаттарда стрестік активтерден тазартудың тұрақты тетік­терін құруға және оларды экономи­калық айналымға тартуға бағытталды.

Ол заңға Мемлекет басшысы биыл 4 шілдеде қол қойды. Оның ережелері 2022 жылғы 4 қыркүйекте қолданысқа енгізіледі.

«Қазақстан активтерді қалпына келтіруге және оларды эконо­мика­лық айналымға тартуға мүдделі ин­весторлардың кең ауқымының стрес­тік активтер нарығына кедер­гісіз қол жеткізуі үшін жағдай жа­сауы қажет. Сонымен қатар қазақ­стан­дық банктерге және микроқаржы ұйымдарына қарыздар бойынша талап ету құқықтарын рұқсат берілген сатып алушылар тізіміне енгізілмеген, кез келген заңды тұлғаларға беруге тыйым салынды. Бұл мәселені шешу үшін халықаралық тәжірибе зерттелді. Атап айтқанда, ЕО елдерінде, жалпы алғанда, қарыздар бойынша талап ету құқықтарын басқаға беруге немесе сатуға елеулі шектеулер жоқ. Қарыздарды сату да, оларды қайта табыстау да тек реттелетін субъектілердің қызметі болып табылмайды. Алайда кредиттеудің өзі және қарыздарға қызмет көрсету кредиторлар мен қарыз алушылар мүдделерінің теңгерімін қамтамасыз ететін талаптар қолданылатын қызмет түрлері болып есептеледі. Осыған байланыс­ты заңда жеке инвесторларды қосу арқылы стрестік активтерді уәкілетті сатып алушылардың қолданыстағы тізімін кеңейту көзделеді», деп түсін­дірді Олжас Қизатов.

Бұл ретте қарыз алушы жеке тұлғалардың құқықтарын қорғау үшін стрестік активтерді сатып алуға құқығы бар тұлғалардың тізімін кеңейту заңды тұлғаларға берілген проблемалық қарыздарға, кәсіпкерлік қызметті қаржыландыру үшін жеке тұлғаларға ғана қатысты болады, яғни Заңда жеке тұлғалардың кредиттерін жеке инвесторларға сату көзделмеген.

Инвесторлардың стрестік актив­тердің жергілікті нарығы жөнінде жеткілікті білімінің және (немесе) стрес­тік активтерге қызмет көрсету үшін қажетті операциялық және техни­калық ресурстарының болмауы мүм­кін. Осыған байланысты стрестік актив­тердің кез келген нарығын дамы­туда «сервистік компаниялар» яғни стрестік активтерге қызмет көр­сету­ді жүзеге асыратын және стрес­тік актив­тердің меншік иелеріне мерзімі өткен берешекті өндіріп алуға байланыс­ты қыз­меттердің бүкіл спектрін көр­сете­тін компаниялар шешуші рөл атқарады.

Заңда инвесторларға жұмыс істемейтін кредиттерге қызмет көр­сету және басқару қызметтерін көр­сететін сервистік компаниялар құру көзделеді. Жұмыс істемейтін кре­диттерді жеке инвесторларға сату кезінде сервистік компаниялардың қызметін енгізу маңызды, себебі бұл компаниялар проблемалық қарыз алушылармен жұмыс бойынша тиісті жұмыс тәжірибесіне және құзыретке ие болады.

Тағы бір басым міндет – стрестік активтерді сату үшін толыққанды инфрақұрылым құру және стрестік активтерді сатып алу мен сатудың қайталама нарығын қалыптастыру. Қазір осы мақсатта агенттік Ұлттық банкпен және Үкіметпен бірлесіп, Еуропа қайта құру және даму банкінің техникалық қолдауымен барлық мүдделі инвесторлар мен стрестік активтерді ұстаушылар үшін ашық қолжетімділікті қамтамасыз ететін стрестік активтерді сатып алу және сату жөніндегі бірыңғай платформаны құру бойынша жобаны іске асыруда. 2022 жылдың соңына дейін операциялық модель және оператор ұйымы белгілі болады, ол кейіннен электронды платформаның жұмыс істеуіне техникалық қолдау көрсетеді. Бұдан басқа, электронды платформаны құру үшін қажетті заңнамалық өзгерістер айқындалмақ.

«Стрестік активтерді сатып алу және сату жөніндегі бірыңғай плат­­форма нарықтың ашықтығын арттыруға, стрестік активтерді сатып алуға мүдделі инвесторлардың базасын кеңейтуге, сондай-ақ стрес­­тік активтерді сатып алу мен сату­дың қайталама нарығын қалып­тастыруға мүм­кіндік береді», деп қоры­тын­дылады Олжас Қизатов.