Икрам Адырбеков кеңестегі сөйлеген сөзінде әлемдегі геосаяси жағдайлардың күн санап күрделеніп бара жатқанын атап өтті. Осы ретте Түркі мемлекеттері арасындағы бірлік пен ынтымақтастықтың маңызы ерекше арта түсетініне тоқталды. Оған Ақсақалдар кеңесінің кезекті отырысы да өз үлесін қосатынына сенім білдірді. Кеңес мүшелерін Қазақстанда орын алған маңызды оқиғалармен жан-жақты таныстырып өткен ол, әсіресе, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен конституциялық реформа бойынша 5 маусымда өткен бүкілхалықтық референдумның маңыздылығына тоқталды. Конституцияның 32-бабына енгізілген өзгерістерді дауыс берген азаматтардың 77,1 пайызы қолдағанын атап көрсетті. Алдағы уақытта осы өзгерістерге сәйкес кең ауқымды саяси реформалар күтілетінін айтты.
Сонымен қатар мамыр айында Қазақстан Президенті мемлекеттік сапармен Түркия республикасына барып, аса маңызды құжат – «Кеңейтілген стратегиялық серіктестік» деңгейіне көтеру туралы Декларацияны Президент Режеп Тайип Ердоғанмен бірге қабылдағанын кеңес мүшелеріне баяндады. Бұл шешім барлық негізгі бағыттарға, оның ішінде әскери-техникалық салада да ынтымақтастықты одан әрі кеңінен қарқынды дамытуға мүмкіндік беретініне сенім білдірді.
Биылғы Бішкекке жасаған мемлекеттік сапарында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан-Қырғызстан арақатынасын жаңа деңгейге көтеретін көптеген маңызды шешімдерге жол ашты, екі ел арасындағы ынтымақтастық, бауырластық айрықша қарқын ала бастады.
Жуырда Қырғызстанда өткен Орталық Азия мемлекеттері басшыларының IV консультативтік кездесуіне Президент Қ.Тоқаев қатысып, Орталық Азия орнықты әлеуметтік-экономикалық дамудың, бейбітшілік пен өркендеудің аймағына айналуға тиіс екенін баса айтқан болатын.
И.Адырбеков өз сөзінде Түркістан қаласының түркі әлемінің рухани астанасы ретіндегі беделінің арта түскенін, биылғы 6 мамырда Түркі мемлекеттерінің Бас мүфтилері осы рухани ордада бас қосып, тұрақты кеңес құрғанын ақсақалдарға жеткізді.
Ел астанасында орналасқан Халықаралық Түркі академиясы «Ортақ түрк тарихы», «Ортақ түрк әдебиеті» және «Түркі әлемінің географиясы» оқулықтарын түркі мемлекеттері мектептерінің оқу бағдарламасына енгізуді ұсынды. Осы мәселені Ақсақалдар кеңесі Ыстанбұлдағы кездесуде көтерген болатын. И.Адырбеков аталған кітаптарды Ақсақалдар кеңесінің мүшелеріне тарту етті.
Кеңестің жұмысы барысында ақсақалдарды Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров Ала-арча мемлекеттік резиденциясында қабылдап, әр ақсақалмен жеке пікір алмасты. Өз кезегінде Икрам Адырбеков кейінгі жылдары Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы қарым-қатынас тың леппен қарқын ала бастағанын, сауда айналымы екі есеге дейін өскенін, бұл екі елдің мемлекет басшыларының өзара сенім, ынтымақтастық, сыйластық орната білуінің нәтижесі екенін атап өтті.
Президент С.Жапаров туысқан елдер арасындағы сауда-экономикалық әлеует өте жоғары екенін, Президент Қ.Тоқаевпен шекара аймағына сауда-логистикалық орталықтар құруға келіскенін, сонымен қатар Алматы мен Ыстықкөлді тоғыстыратын тікелей жолды бірлесіп іске қосуды қолға алатынын айтты. Осы мәселе ойдағыдай шешілсе, қазақстандық демалушылардың саны бірнеше есе өсетініне сенімді екенін жеткізді.
Ақсақалдар кеңесі жұмыс қорытындысына сай арнайы құжат қабылдады. Құжатта 11 қараша күні Самарқандта өтетін түркі мемлекеттері басшыларының саммитіне нақты ұсыныстар белгіленген.