Қоғам • 10 Тамыз, 2022

85 миллион теңгеден астам берешегін қайтарған

228 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Кейінгі жылдары елімізде ажырас­қан отбасылар санының артуына байланысты тараптардан алимент өндіру мәселесіне қатысты түйт­кіл­ді жайттар тиісті органдар та­ра­пынан үлкен алаңдаушылық туғызып отыр.

85 миллион теңгеден астам берешегін қайтарған

Ажырасқандардың өз міндет­те­мелерін орындай алмай, жауап­кер­ші­ліктен қашып, алимент төлеуден жал­тарып жүргендігін мамандар жұ­мыс­сыздық, тұрмыстық жағдайдың төмендігі, денсаулығына байланысты жағдайлармен де байланыстырады. Алайда мұндай себептер отбасы алдындағы жауапкершіліктен қашуға дәлел бола алмайтыны анық. Бұл істе заң органдарының ғана емес, қоғамдық институттардың белсенділігі қажет екені даусыз.

Проблемалық алименттердің санын азайту мақсатында Алматы қалалық Әділет департаменті жеке сот орындаушыларының өңірлік палатасы, полицейлер және Жұ­мыспен қамту орталығымен бірле­сіп борышкерлерді әкімшілік және қыл­мыс­тық жауапкершілікке тарту, сондай-ақ жұмысқа орналастыру бойынша ме­мо­ран­думға сәйкес жұмыс істеп келеді. Нәтижесінде, биыл 50-ден астам борышкер жұмысқа орналасқан.

Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте қалалық Әділет депар­та­менті басшысының орынбасары Жаңабай Ағманов осы жылдың алғашқы жарты жылдығында мемлекеттік сот орын­дау­шы­ларының атқарған жұмыстары туралы баяндап, есепті кезеңде жалпы сомасы
163 304 689 470 теңгені құрайтын 2 мыңнан астам құжат қаралғанын атап өтті. Сот актілерінің жалпы санының 1 мыңнан астамы немесе 54 пайызы оң шешімін тапқан.

Жаңабай Ағмановтың айтуынша, соң­ғы уақытта борышкерлерді әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікке тарту ша­ралары тиімділігін көрсетті. Нәтиже­сінде, борышкерлер 85 млн теңгеден астам берешегін өтеген. Бірінші жартыжылдықта 68 борышкер жауапкершілікке тартылып, 18-ден астамы әкімшілік қамауға алынса, 6 борышкер сот актілерін орындамағаны үшін қылмыстық жауапкершілікке, ал 36 борышкер алименттік өндіріске тартылған. Әкімшілік жауапкершілікке тартылғаннан кейін борышкерлердің өз міндеттемелерін орындауы 41 пайызға нәтижесін берген. Ал сотталғандар негізінен кәмелетке тол­маған балаларды күтіп-бағуға алимент төлеу жөніндегі міндеттерді ұзақ уақыт бойы орындамай келген. Бүгінде қалалық Әділет департаментінде проблемалық алименттер бойынша 1 776 іс тіркеуде тұр.

 

АЛМАТЫ