СҚО білім басқармасының мәліметінше, жаңа оқу жылында педагог кадрлардың жетіспеушілігіне зейнет жасындағы ұстаздардың қызметтен кетіп, орындарын босатуы себеп болған. Оқу жылының соңында облыс мектептерінде 418 зейнеткер ұстаз жұмыс істеген. Сондай-ақ, кей мұғалімдердің декреттік демалысқа кетуі және басқа елді мекендерге қоныс аударуы да мұғалім тапшылығын тудырған.
Жалпы, биыл облыс мектептеріне 400-ден астам жас маманды жұмысқа алу жоспарланған. Соның 75%-ы ауыл мектептеріне қабылданады.
Педагогтердің жетіспеушілігі мәселесін шешу үшін СҚО әкімі мұғалім мамандықтарына грант тағайындаған еді. Биыл бюджет есебінен білім алған 46 маман дипломын қолына алды. 1 қыркүйек күні жұмысқа кіріспек. Олар шарт бойынша оқу ордаларында 3 жыл жұмыс істеуі тиіс.
«Елді мекендерге жұмыс істеуге барған жас мамандарға «Дипломмен ауылға» бағдарламасы арқылы 100 АЕК мөлшерінде көтермеақы бар. Сондай-ақ, 1500 АЕК мөлшерінде баспана алуға бюджеттік несие беріледі. Ұстаздық қызметке енді кіріскен жас мамандар ұлттық біліктілік сынағын тапсыруы тиіс. Биылдан бастап, министрліктің №57 бұйрығына сәйкес, білім ордаларына орналасып жатқан ұстаздар конкурстан өтуі қажет. Ал шағын жинақты мектептерге педагогтер өтініш бойынша қабылдана береді», дейді СҚО білім басқармасының бөлім басшысы Гүлшат Шаймерденова.
СҚО-да қазіргі уақытта 472 мектеп болса, соның 75%-ы – шағын жинақты. Сондықтан оларға химия-биология, физика-математика секілді қос пәннен сабақ бере алатын ұстаздар қажет.