Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары – республика Қарулы Күштері Бас штабының бастығы, генерал-полковник Сәкен Жасұзақовпен әңгіме
– Сәкен Әділханұлы! Бүгін әлемде қалыптасып отырған аумалы-төкпелі саяси және әскери-саяси жағдайда ұлттық қауіпсіздік мәселелеріне, әсіресе, оның әскери аспектілеріне айрықша назар аударылуда. Осындай кезеңде еліміз армиясын әрі қарай жетілдіру үшін қандай шаралар қабылдануда?
– Бүгінгі таңда Қазақстан армиясы Қазақстан Республикасының Президенті – Қазақстан Қарулы Күштері Жоғарғы Бас қолбасшысының басшылығымен оны әрі қарай нығайтуға, әскери-өнеркәсіптік кешенді дамытуға, қазақстандық патриотизмді тәрбиелеуге бағыт алды. Келешекте біздің алдымызда армияны әскери істегі, шындығында, «революциялық» өзгерістермен сипатталатын қазіргі заман талаптарына бейімдеу жөніндегі міндет тұр.
Қазіргі уақытта Мемлекет басшысының 2014 жылдың 6 наурызында өткізген жедел-стратегиялық жиналыс барысында берген тапсырмаларын орындау үшін біз Қарулы Күштердің жауынгерлік әзірлігі мен қабілетін арттыру бойынша жүйелі жұмыс жүргізіп келеміз. Қазақстан армиясын сапалық тұрғыда жетілдіру міндеттері аясында жеке құрамның кәсіби шеберлігі мен білім-біліктілігін арттыру үдерісі жалғасуда. Өйткені, әлемдік стандарттарға сай заманауи қару-жарақпен жабдықталып, кәсіби шеберлігі жоғары жеке құраммен жасақталған жауынгерлік әзірлігі мен қабілеті жоғары армияның болуы ұлттық қауіпсіздігіміз бен мемлекет мүддесін сенімді қорғау шарттарының бірі екені анық.
Жалпы алғанда, Қазақстанның әскери саясаты ең алдымен халықаралық және өңірлік қауіпсіздік қауіп-қатерлерінің трансформациялануын, мемлекетіміздің геосаяси қажеттіліктерін және қорғанысқа жеткіліктілік ұстанымын ескере отырып қалыптасып келеді.
– Былтыр келісімшарт негізіндегі армия құрудың дайындық кезеңі аяқталды. Қазіргі уақытта Қарулы Күштерді ерікті жасақтау жүйесіне көшу үшін қандай шаралар қабылдануда?
– Қарулы Күштерді келісімшарт негізіне көшіру саяси декларация немесе Қарулы Күштерді дамытудың түпкі мақсаты емес. Бұл – мемлекеттің әскери қауіпсіздігін қамтамасыз ету міндеттерін шешу жолында армияның жауынгерлік тиімділігін арттыру бағыттарының бірі.
Өздеріңіз байқағандай, келісімшарт бойынша армияға көшудің даярлық кезеңі өткен жылы аяқталды. 2000-2013 жылдар аралығында келісімшарт бойынша әскери қызметтің нормативтік құқықтық базасы жетілдіріліп, кәсіпқой сержанттар институты құрылды. Басқаша айтқанда, ерікті түрде келісімшарт бойынша жасақтау жолымен Қарулы Күштерді кәсібилендіру үшін платформа жасалды.
Ағымдағы жылы сондай-ақ, қолданыстағы заңнамаға азаматтарды келісімшарт бойынша әскери қызметке даярлау және іріктеу тәртібі, әскери оқытылған резервті даярлау және азаматтардың запаста болу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізілетін болады. Жалпы алғанда, Қарулы Күштер кәсіпқойлардың саны басым, ерікті түрде келісімшарт бойынша және шақыру бойынша жасақталатын болады. Жоғарыда айтып өткенімдей, Қарулы Күштердің ерікті жасақтау принципіне көшуі бір жағынан кәсіпқой, саны аз, ұтқыр және ұрысқа қабілетті армиямыздың болуына мүмкіндік берсе, екінші жағынан оның бәсекеге қабілеттілігін арттыруға жағдай жасайды.
– Сіз әртүрлі әскер тектерінің бөлімдері мен бөлімшелерінде жиі боласыз. Армия қатарына шақырылушылардың сапалық сипаттамалары: денсаулығы, білім деңгейі, қызметке жалпы дайындығы жақсы жаққа қарай өзгерді ме?
– Әрине, оң үрдіс қалыптасып отыр. Басқаша болуы мүмкін де емес. Өйткені, ең алдымен, жас жігітті мерзімді жауынгерлік қызметке шақырудың алдында біз көздеген мақсатымызға сәйкес үлкен жұмыс жүргіземіз. Әскер қатарына шақырылушылармен және олардың ата-аналарымен әңгімелесіп, олардың адамгершілік, іскерлік қасиеттері, денсаулық жағдайы, дене дамуы, білімі мен арнаулы даярлығы, отбасылық жағдайы туралы мәліметтер нақтыланады. Тек осы жұмыстардың қорытындысы бойынша ғана әскер қатарына шақырылушыларды қай әскер түріне, тегіне жіберу туралы шешім қабылданады. Бүгін бізде әскер қатарына шақырылушылар арасынан ең үздіктерін іріктеп алу мүмкіндігі бар. Қарулы Күштерге дене даярлығы, моральдық-психологиялық әзірлігі жоғары, тиісті білімі мен мамандығы бар жастар келуде.
Қазір көктемгі әскер қатарына шақыру жұмысы жүріп жатыр. Кешенді іс-шаралар жоспарына сәйкес «Әскер қатарына шақырылушы күні» акциясы өтуде. Бөлімдерде жас буынды салтанатты қарсы алу рәсімдері ұйымдастырылуда. Сонымен қатар, жаңадан әскер қатарына келіп қосылған жігіттер бөлім қолбасшылығынан, тәрбие құрылымдарының офицерлерінен, идеологтардан, психологтардан, гарнизондардың әскери полиция органдарының өкілдерінен құралған кешенді комиссияның алдынан өтеді.
– Бір уақыттарда біздің армиямыз тәжірибелі офицерлердің, атап айтқанда, әскери қызметшілер арасында тәрбие жұмыстарын жүргізетін кадрлардың тапшылығын сезінген болатын. Бүгінде бұл мәселе шешілді ме?
– Қазіргі таңда еліміз армиясы негізінен қазақстандық әскери оқу орындарын, жоғары оқу орындарының әскери кафедраларын бітірген офицерлермен жасақталуда. Осыған байланысты республикамызда базалық әскери білім беретін ұлттық әскери білім беру жүйесінің табысты жұмыс істеп келе жатқанын атап өткім келеді. Қазақстандық әскери қызметшілер Ресей, Беларусь, АҚШ, Германия, Англия, Франция, Түркия, Қытай елдерінің әскери оқу орындарында да білім алып, курстық даярлық жүйесі арқылы басқа мемлекеттер қарулы күштерінің әскери өнерін зерделеуде.
Әскери кадрларды жоғары оқу орындарының әскери кафедраларында даярлауға үлкен көңіл бөлінуде. Осы оқу орындарын аяқтап, лейтенант әскери атағын алғаннан кейін бітірушілер әскер қатарына келісімшарт бойынша шақырыла алады. Ал қалған бөлігі жұмылдыру резервіне тіркеледі.
Енді армияны тәрбие жұмыстары жөніндегі офицерлермен қамтамасыз етуге қатысты бірер сөз. Мемлекет басшысының өткен жылғы қаңтар айындағы жиналыста қойған тапсырмаларын орындау үшін тәрбие және идеологиялық жұмыстарды ұйымдастырудың тиімділігі мен сапасын арттыру шаралары қабылдануда. Ротадан Бас штабқа дейінгі аралықта идеологиялық жұмысты ұйымдастырудың айқын жүйесі қалыптасты. Әскери бөлімдер мен мекемелерде офицер-психолог, идеологиялық жұмыс және арнайы насихат жөніндегі офицер лауазымдары енгізілді. Тәрбие құрылымдары офицерлерінің мәртебесін жоғарылату үшін бірқатар шаралар қабылданды. Бас штабта Бас штаб бастығының орынбасары – Тәрбие және идеологиялық жұмыстар департаментінің бастығы лауазымы енгізілді. Құрлық әскерлері мен Әуе қорғанысы күштері бас қолбасшылары тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасарларының санаты – генерал-майор.
Кадрлар жұмысы бойынша офицерлер құрамын жасақтауда олардың сапалық мінездемелеріне және кадрлық қызметтің меритократиялық
принциптерін қатаң сақтауға
басты назар аударылады. Бұл лауазымдарға адамгершілік-іскерлік және кәсіби қасиеттері жоғары офицерлер тағайындалады.
– Қазіргі уақытта Қарулы Күштердің техникалық жабдықталуына баса назар аударылып отыр. Соңғы кездері әскерімізге қару-жарақ пен әскери техниканың қандай жаңа түрлері енгізілді деп ойлайсыз? Енді осы жөнінде айтсаңыз.
– Аталған бағыт бойынша жұмыстар жоспарлы түрде жүргізілуде. Мысалы, Құрлық әскерлері қазіргі заманғы БТР-82А бронетранспортерлерімен, «Кобра» брондалған дөңгелекті машиналарымен толығуда. Сондай-ақ, армиямыз қазіргі заманғы атыс қаруымен, автомобиль техникасымен, ұшқышсыз барлау жүйелерімен, түнде көру құралдарымен жарақтандырылуда, техникаларды модернизациялау жүргізілуде.
Әскери-әуе күштерінің әскери-транспорттық авиация паркі жаңартылуда, келешекте оның модельдік қатары С-295 үлгісіндегі ұшақтармен, әрі қарай А-400 ұшақтарымен толықтырылатын болады. Майдандық авиация паркін төртінші және бесінші буынның ұшақтарымен қайта жарақтандыру жоспарлануда. Қазір біздің авиация мамандары Әскери-әуе күштерін алдағы уақытта жабдықтау үшін жаңа үлгілерді анықтау жөнінде жұмыстар атқаруда.
Қазақстан армиясы әскери операцияларды жүргізудің қазіргі заманғы әдістерін ескере отырып ұшқышсыз авиация кешендерімен, әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскерлері – еліміздің әуе кеңістігін бақылайтын заманауи радиолокациялық стансалармен жабдықталатын болады.
Әскери-теңіз күштерін бүгінгі заманғы қару-жарақпен жабдықтауға ерекше мән беріледі. Қазір жауынгерлік сапта екі зымырандық-артиллериялық кеме бар, үшіншісін суға түсіру 7 мамырға жоспарланған. Аталған кемелердің барлығы біздің қорғаныс-өнеркәсіптік кешеннің кәсіпорындарында шығарылып отыр.
Сондай-ақ, Әуе қорғанысы күштері мен Құрлық әскерлерін әскерлерді басқарудың автоматтандырылған жүйесімен жабдықтау жоспарлы түрде жүргізілуде. Арнайы операциялар күштерін, барлау бөлімдері мен бөлімшелерін қазіргі заманғы қару-жарақпен және техникалық жабдықпен жарақтандыруға баса назар аударылады.
– Бүгінгі таңда төл әскерімізде әскери қызметшілерді әлеуметтік қамсыздандыру жүйесін нығайту үшін көптеген шаруа атқарылды. Қазір әскери қызметшінің әлеуметтік пакеті нақты азаматтық сектормен бәсекелесуге қабілетті деп айтуға негіз бар ма?
– Бар. Қазақстан Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас қолбасшысы тарапынан ұдайы көрсетіліп келе жатқан қамқорлықтың арқасында әскери қызметшілер мен олардың отбасы мүшелері қомақты әлеуметтік қолдауды сезінуде. Мемлекеттің Қарулы Күштерді ұстап тұруға жұмсап отырған қаражаты әскери қызметшілерді әлеуметтік қамсыздандыру міндеттерін шешуге мүмкіндік береді. Біз өз күшімізді әскери қызметшілерді әлеуметтік-тұрмыстық мәселелердің мазаламауын ойластыруға жұмсап келеміз.
«Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» Заңға сәйкес 2013 жылғы 1 қаңтардан бастап әлеуметтік пакетті жақсарту бойынша бірқатар қосымша нормалар енгізілді. Тұрғын үй мәселесі шешілуде, әскери атақ бойынша жалақыны дифференциалды тұрғыда төлеу жүйесі бар. Солдаттар мен сержанттар лауазымдарындағы келісімшарт бойынша әскери қызметшілерге төленетін үстемеақы 30 пайызға дейін өсірілсе, басқа да үстемеақылар көтерілді.
Әрине, бұл шаралардың барлығы әскери қызметке келушілерді ынталандыра түседі. Бүгінде Қазақстан армиясында қызмет ету абыройлы іс. Бұл сөзіме бір әскери қызметші лауазымына екі-үш адамның байқауға түсу фактісі дәлел бола алады.
– Енді мына сауалдарға жауап берсеңіз деймін. Қазақстан Қарулы Күштерінің халықаралық әріптестермен өзара қарым-қатынас жасауда басымдықтары қандай? ТМД, ҰҚШҰ, ШЫҰ-ға қатысушы елдермен ынтымақтастық деңгейін қалай бағалайсыз?
– Өздеріңіз білетіндей, елде заманауи және тиімді Қарулы Күштердің болуы мемлекеттің қалыптасып келе жатқан халықаралық қатынастар жүйесіне сәтті интеграциялану шарттарының бірі болып табылады.
Қазақстан біз үшін ешбір мемлекет әлеуетті қарсылас емес деп санайды. Сол себепті, біз әскери күштің маңызы барынша азайтылып, ал оның қызметі әскери қақтығыстарға жол бермеуге бағытталған халықаралық қатынастар жүйесін құруды қолдап келеміз.
Біздің халықаралық әріптестермен өзара іс-қимылымыз толық тең құқылы, барлық тараптардың мүдделері мен өзара тиімді қарым-қатынас жасау ұстанымына негізделген. ТМД мемлекеттерімен әскери-техникалық байланыстар 2010 жылғы желтоқсанда ТМД мемлекет басшылары кеңесінің шешімімен бекітілген Әскери ынтымақтастық тұжырымдамасымен айқындалады. ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің қолданыстағы көпжақты әскери ынтымақтастық моделі олардың әскери қауіпсіздігін қамтамасыз етуде ұлттық мүдделердің ерекшеліктерін ескеруге мүмкіндік береді.
ҰҚШҰ пішініндегі ынтымақтастық аясында Қазақстан бірыңғай қорғаныс кеңістігін құруды, ұжымдық әскери қауіпсіздікті қамтамасыз етуді қолдайды.
Қазақстан мен Ресейдің әскери-техникалық саладағы қатынастары қарқынды түрде дамып келеді. Байланыстардың жоғары деңгейдегі тұрақтылығы мен тиімділігі уағдаластықтарды іске асыруға және стратегиялық серіктестікті тереңдету алғышарттарын құруға мүмкіндік береді. Бүгінгі күні екі ел арасында әскери және әскери-техникалық ынтымақтастықтың түрлі аспектілері бойынша 60-тан астам құжатқа қол қойылған.
Шанхай ынтымақтастық ұйымы аясында ынтымақтастықты одан әрі нығайту біздің қызметіміздің маңызды бағыты болып табылады. Ол жалпы әскери-саяси мүдделердің негізінде дамып келеді. Осы халықаралық ұйым аясында 2015 жылға 11 іс-шара жоспарланған. Оның екеуі Қазақстан аумағында өтеді. Қытай аумағында «Бейбіт миссия-2014» оқу-жаттығуын өткізуге дайындық жүріп жатыр.
– Шынтуайтына келгенде, халықаралық қатынастар жүйесінде әскери күштер өз маңызын жоғалтып алғандай. Осыған байланысты жауынгерлік әзірлік пен тиімділік тұрғысынан алғанда Қарулы Күштердің сапалық сипаттамасы қайта қаралатын бола ма?
– Біздің біртіндеп әскери күштің алатын орны барынша азайтылған халықаралық қатынастар жүйесін құруды қолдап келе жатқанымызды жоғарыда атап өттім. Армия әскери қақтығыстарды болдырмау, тежеу қызметін атқаруға келіп саяды. Алайда, қазіргі уақытта әлемдегі мемлекеттердің саяси және экономикалық мүдделерін қамтамасыз етуде әскери күштердің рөлі артып келеді. Осыған байланысты, әскери істе, қару-жарақ күресінің әдістері мен құралдарында расында да, «революциялық» өзгерістер болып жатыр.
Бірыңғай ақпараттық кеңістікте әскери іс-қимылдардың енгізілуіне байланысты «орталық желілік соғыстар» тұжырымдамасының ережелері белсенді дамуда. Әскери істе жоғары технологияларды қолдануға орай соғыстың барысы мен шығуының тәуелділігі артады. Барлаудағы роботталған соққы беру жүйелері әскери қуаттың негізі болады. Қару-жарақ күресінде әскери іс-қимылдар орталығы дәстүрлі құрлық пен теңізден гөрі әуеге – ғарыштық және ақпараттық салаға қарай ойысып келеді. Және бүгінгі армияны жетілдіру, оның бәсекелестігін арттыру, заманауи соққыларға қарсы тұра білу – еліміздің қорғаныс қабілетін нығайтудың кепілі.
Бүгінде Қазақстан армиясы мемлекеттің сенімді тірегі болуда және бола береді де. Армия мен флоттың әскери қызметшілері әскери міндеттерін орындап келеді. Олар полигондарда, теңізде және әуе кеңістігінде жауынгерлік шеберліктерін жетілдіруде. Біздің жедел, кәсіпқой армиямыз мемлекетіміздің ұлттық мүддесі мен әскери қауіпсіздігін, бейбітшілік пен тыныштықты сенімді түрде қамтамасыз ете бермек.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен
Жанболат АУПБАЕВ,
«Егемен Қазақстан».