Өзінің біліміне сенімді ол арман қуып Ленинград (қазіргі Санкт-Петербург) қаласынан бір-ақ шықты. Талапкер жас мамандық таңдауда қателескен жоқ. Құжатын М.И.Калинин атындағы Бүкілодақтық политехникалық институттың энергиялық машина факультетіне тапсырды. Оқуға түсу медаль иегеріне көп қиындық туғызбады. Диплом қорғаған кезде оқу орнына арнайы келіп, Қазақ КСР Ғылым академиясына қызметке шақырған өкілге келісімін бермеді. «Менің жұмыс орным – өндіріс, тек қана – өндіріс» деп жауап берді жас инженер.
Өзі айтқандай, Қайролла Шалғынбайұлының еңбек жолының барлығы дерлік тікелей өндіріспен байланысты болды. Ол 1961 жылы оқу орнының жолдамасымен жас инженер маманға зәру Қарағанды қаласындағы мотор жөндеу зауытына жіберілді. Аталған кәсіпорында төрт жыл шебер, бас механик болып жұмыс істеп, тәжірибе жинақтады. 1965 жылы еңбек дәстүріне бай, өңір өндірісінің туұстарына айналған Арал кеме жөндеу зауытына ауысып, шебер, цех бастығы, құрылысшы прораб, инженер сияқты жауапты жұмыстардың барлық сатысынан өтті. 1972 жылдан бастап, өндіріс технологиясын жетік меңгерген Қ.Абылаев 1996 жылы зейнет демалысына шыққанға дейін әртүрлі бағытта өнім шығаратын осы зауыттың жеті жыл бас инженері, 18 жыл басшысы болып абыройлы қызмет атқарды.
Қайролла Шалғынбайұлы басшылық жасаған зауыт ұжымы үшін бұл жылдар өндірістің нағыз өрлеу, өркендеу жылдары болды. Жалпы өнім көлемі 23 есеге өсті. Ұжым мүшелерінің ұзын саны 1 298 адамға жетті. Осындай табыстарға қол жеткізген алтын қолды кемешілердің әлеуметтік жағдайларын шешу мәселелері де кәсіпорын басшылығының назарынан тыс қалмады. Өз басы қарамағындағыларға қылдай да қиянат жасамады. Қоғам мүддесін жеке басының мүддесінен жоғары қойды.
Бүгінде 85 жасқа толып отырған қадірменді қарияға әдемі қарттық бұйырсын дей отырып, ұзақ ғұмыр тілейміз.
Әнес ӘУЕЗОВ,
Қазақ КСР халық ағарту ісінің үздігі
Қызылорда облысы