Білім • 10 Тамыз, 2022

Ұрпақ тәрбиесіндегі алтын қазық

442 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

1950 жылдары КСРО алғаш рет ғарышқа жер серігін ұшырғанда АҚШ қызыл империяның бұл салада қалай демократиялы елден алға озып кеткеніне қайран қалған. Сөйтіп, бұл мәселені зерттеп, балаларға кішкентай кезінен түрлі ғылым саласы бойынша ілім-білім оқыту керек деген тұжырымға келген. Осыдан кейін АҚШ-та 1960 жылдары базалық жобалар ілімі, яғни Project Based Learning жобасы қолға алынды.

Ұрпақ тәрбиесіндегі алтын қазық

Бұл жөнінде «Қазақстанның ұлттық басымдығы: балалар және білім беру көшбасшыларының республикалық тамыз форумы шеңберінде «Қосымша білім беру – балаларды тәрбиелеу, оқыту және да­мы­ту әлеуеті» тақырыбында өткен конференцияда жан-жақты баян­далды.

Осы тақырыпта презентация жасаған R4 Technology Research Center ғылыми-зерт­теу орта­лы­ғын­ың директоры Айдын Түсі­п­жанов мектеп бағдар­ла­ма­сы­нан тыс қосымша білімнің пайдасы ту­ра­­сында кеңінен ой толғады.

Project Based Learning жобасы бойынша бала үнемі зерттеу, ізденіс үстінде жүру керек. Мұнда баланы төрт нәрсеге машықтандырады. Ол ойдың сергектігі, қиындықтан жол таба білу, қарым-қатынаста күшті болу және топпен бірге жұмыс істей алу. Балаларға осы базалық ілімді сіңірудің нәтижесінде, өткен ғасырдың алпысыншы жылдары Құ­рама штаттарда кәсіпкерлік са­­ла­сы күрт дамыған. Тіпті сол ар­қы­лы АҚШ заманауи технология, ілімнің барлық түрі бо­йын­ша әлемде көшбасшы атанып, алға суырылып шыққан жоқ па?! Спикердің айтуынша, экономиканы алға сүйрейтін келешек жас­тар. Сондықтан олардың білімді болуына кішкентай кезінен бас­тап көңіл бөлу керек. Бұл ретте Жапонияның әйгілі Икигай білім жүйесін енгізудің ерекшелігі көп көрінеді. Икигайға сәйкес бала 4 негізгі қасиетті меңгеріп шығады. Ол өзіне не ұнайды, қай салада күшті, қандай іс оған табыс әкеледі және елге пайдасын тигізетін жұ­мыс­пен айналысу. Келешекте бала осы 4 сауалдың жауабын таба алса, бақытты жан болып саналады және осындай ілімді үйренген әрбір жас­тан нағыз білімді, алдына үлкен мақсат қоятын елдің тағдырын қорықпай қолына табыстай беретін жаңа ұрпақ өсіп шығады. Ғылыми-зерттеу орталығының директоры осы аталған ағартушылық ілімнің озық әдіс-тәсілдері отандық мектептен тыс қосымша білім беру жүйесінде де кеңірек қолданылса деген сөзбен ойын тұжырымдады.

Орал қаласынан келген Бала­лар-жасөспірімдер туризмі және экология орта­лығының өкілі Ниязбек Гатауов­тың да презентация­сы көп­ші­ліктің қызығушылығын тудыр­ды. Баяндамашы мәлімде­ген­дей, Батыс Қазақстан облысында балаларды туризмге баулитын, туған өлкенің жер-су атауларымен таныс­тыратын, аймақтың алыс-жақын тарихынан сыр шертетін балалар мен жасөспірімдер үйірмесі сондай бір ерекше, дара ұйым саналады. Экскурсия барысында оқушылар топ-топқа бөлініп, өзен бойларын жағалай сол жердің табиғатымен танысады, ауыл-аймақтың тыныс-тіршілігін жақыннан көреді, он­да­ғы көнекөз қариялардың аузы­нан көрген-білгендерін жазып алып, өлкенің шежіресін қалып­тас­тырады. Сонымен бірге балалар үйірме кезінде саяхатқа шы­ғып, археологиялық қазба, зерттеу жұмыс­тарымен де айналысады. Осындай экскурсиялардың бірінде оқушылар жер астында жатқанына 150 млн жыл болған динозаврдың бір түрі Ихтиозаврдың сүйегін та­уып алған. Осы тектес сүйек қал­дық­тары әлемнің басқа елде­рінде де, тіпті Маңғыстау облысын­да да табылған екен. Бірақ олар­дың жасы оралдық жас археологтер қазба жұмыстарында тап­қан Ихтиозаврдан әлдеқайда жас. Сөйтіп, көне динозаврдың сүйек қал­дық­тары өз елімізден, соның ішінде Батыс Қазақстан жерінен табылуына орай бұл жойы­лып кеткен алып денелі жануарға Қа­зақ­станозавр деп ат қойыпты. Спи­кер қорытынды баяндамасында осындай туристік, экологиялық ор­та­лықтың үлгісі ретінде республиканың барлық өңірінде үйірмелер жұмысын қолға алуға, жандандыруға болатынын айтты.

Тамыз конференциясында өзі­нің тәжірибесімен бөліскен Ре­сей­­лік білім берудің робототехника қауым­­дастығының оқу-әдіс­те­ме­лік орталығының прези­ден­ті Вла­дислав Халамов қазақ­стан­дық әріп­тестерін қосымша білім берудің әдіс-тәсілдері бойынша Ресейге ке­ліп, өзара тәжірибе алмасып қай­ту­ға шақырды.

– Бүкіл республикада қосымша білім беру мекемелері бар. Оған оқушылар сарайы, музыкалық, өнер мектептері, жас техниктердің стансалары секілді ұйымдар кіреді. Міне, осы секілді мекемелердің бір жыл бойы атқарылған жұмыстарын саралайтын, есеп беретін, сонымен бірге алдағы жоспарларымен бөлісіп, ой-пікір алмасатын алаң­ша­ның республиканың үшінші мегаполисінде ұйымдастырылуы біз үшін үлкен қуаныш, – деді қалалық Оқушылар сарайы орталы­ғы­ның директоры Бақытжан Мұстафаев.

Айта кету керек, бүгінгі таңда Шымкент қаласында 9 ірі қосым­ша білім беру мекемесі бар. Оның ішінде Оқушылар сарайы, дәс­түрлі Қаратау секілді өнер мектеп­тері балаларды сабақтан тыс қосымша үйірмелер арқылы өнер­дің түр-түріне баулуда. Бұдан бөлек Оқу­шы­лар сарайының өзінде 20 бағыт бойынша 160 үйірме жұмыс істейді. Сондай-ақ осында күн сайын келіп вокал, би, қолөнер шеберлігі, робот­техника, ІТ және басқа да салалар бо­йын­ша қосымша үйірмелерге қа­ты­сатын оқушыларға 150-ге жуық ұстаз сабақ береді. Сонымен бірге 260 мыңдай шымкенттік оқушы мектепішілік үйірмелермен де, арт-спорт ұйымдарымен де қосымша қамтылған. Дегенмен маманның сөзінше, балаларды толық қосымша біліммен қамтамасыз етуге соның өзі жеткіліксіз көрінеді. Сондықтан бүгінгі таңда қалада тағы бір үлкен Оқушылар сарайы, музыкалық мектеп салынып жатыр. Аталған ғимараттар пайдалануға берілсе, оқушыларды қосымша біліммен қамту сұранысы азаяды деген үміт бар.

 

ШЫМКЕНТ