Наннан құдіретті не бар? Бір замандары «Нан болса, әнде болады» дедік. Бұл ақиқат сөз еді. Әлемде бір үзім нанға зар болып отырған миллиондар аз ба? Айлығы шайлығына жетпей, қалт-құлт етіп бір үзім нан үшін базар жағалап жүргендер өзімізде де баршылық емес пе? Олар жанының қадірін білмесе де, нанның қадірін жақсы түсінеді.
Біз бұл арада жасып жүргендер емес, әсіресе, қаладағы асып ішіп, тасып жүргендердің нанды аяқ асты ете бастағанын айтпақпыз. Иә, қазір иманды да ибалы болдық дейміз. Шындығына келгенде, бұл Абай айтатын: «Алла деген сөз жеңіл, Аллаға ауыз қол емес» секілдідей көрінеді. Себебі, нанды көрінген жерге тастайтын, тіпті, аттап өтіп кететін бір «кесел» етек алып бара жатқандай.
Егер біздің осы сөзімізге келіскісі келмеген жандар табылып жатса, зәулім үйлердің төңірегіне қойылған қоқыс тастайтын жерге барса көз жеткізері анық. Мұрты бұзылмаған неше түрлі нан тоқаштарды көресің. Тіпті, кейбіреулер адам басады-ау демей, «құстар жейді» деп кез келген жерге лақтыра салатынын қайтерсің. Ал асханаларда нан қоқымы қалай болса солай шашылып жататыны айдан анық. Кейбіреулер «қаңғыбастар алады ғой» деп «шарапатын» шалқытқандай, «мейірін» төккендей болатын сәттер де кездесіп жатады.
Бір қалталының қызына: «Нан бидайдан шығады», деп оны көрсеткенде: «Ол шөп!» деп сенбепті. Бұдан ұғарымыз ақаусыз көңіл иесінің бір жағынан нанды қадірлеуі болса, екінші жағынан өмірді білмегендігін түйсінесің. Нанның қадірін білмегендер сол секілді оны шөп деп білетіндей. Атам қазақ нанның қоқымын баспаған. Оны айтасыз: «Нанға шығып Құранды алуға болмайды, Құранға шығып нанды алуға болады», деген. Міне, нан қасиетін бабаларымыз осылай түсінген. Ал мына ысырапшылдыққа бір шара болуы керек-ақ.
Тәңірім қазаққа байтақ жер берді. Асты-үстін толтырып байлыққа кенелтті. Сол байлықтың бастысы – астық, яғни нан. Нансыз өмір жоқ. Ал қалалы жерде шашылып жатқан сол нан байлығын қорғау жөнінде ойласқан жөн деп білеміз. Үнемдеудің үлгісін айта отырып, нанның құдіретті екенін түсіндіру қажеттігі туып тұр. Нанның қадірін өмірді көрген алдыңғы толқын өзі ұғып қана қоймай, кейінгі жасқа түсіндірмесе, олар шөп пен шөңгені ажырата алмайтыны тәрізді «қараңғы» болып қалары хақ. Әсіресе, нанға зар болғандар мен нантепті жасап жүргендердің «тірлігін» жұрт болып жұмылып айта алсақ, қане.
«Нан қалдығын енді қайда тастаймыз?» дейтіндер де табылар. Мүмкін қалалы жердегі нан қалдығын бөлек жинап, елді мекендердегі фермерлерге жеткізіп беріп жатса, нұр үстіне нұр болар еді. Қайта өңдеу технологиясын ойластырып іске қоссақ, қасиетті нан жерде жатпас еді. Нан қадірі – жан қадірінен кем емес дегенді әр азамат түсінсе, кіндігінен тараған ұл-қызына ұқтырса, иманды іске ұйытқы болар еді.
Сүлеймен МӘМЕТ,
«Егемен Қазақстан».
АСТАНА.