Экономика • 11 Тамыз, 2022

Ет мәселесіне еп керек

544 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Energyprom аналитиктері 2022 жылдың қаңтар-наурыз аралығында отандық кәсіпорындардың етті қайта өңдеу және консервілеу, сондай-ақ ет өнімдерін өндіру көлемі 101,1 млрд теңгені құрағанын, бұл 2021 жылдың сәйкес кезеңінен 28,8 пайызға көп екенін мәлімдеген еді. Халықаралық сарапшылар да ет өндірісі бойынша Қазақстанның әлеуеті айтар­лықтай жоғары екенін айтады. Дегенмен бұл саладағы жетіс­тігіміз де, әттеген-айымыз да бір-бірімен иық тірестіріп тұр.

Ет мәселесіне еп керек

Сауд Арабиясы мен Жапонияға экспорттайды

Қазақстан ет экспортын біршама арттырмақ. Жақында ғана Ауыл шаруашылығы минис­трлігі мен Сауд Арабиясының Азық-түлік өнімдері мен дәрі-дәр­мектер басқармасы ара­сын­дағы екіжақты белсенді ынты­мақтастық нәтижесінде қазақ­стандық 5 ет өңдеу кәсіпорны Сауд Арабиясына қой еті мен сиыр етін экспорттауға құқығы бар кәсіпорындар тізіліміне енгізілді.

Енді отандық «Алтын қа­зық» ЖШС (Ақмола облысы), «Ақтөбе ет кластері» ЖШС (Ақ­төбе облысы), «Empire Food» ЖШС (Алматы облысы), «Meat Processing and Service LLP» ЖШС (Алматы облысы) және «Кублей» ЖШС (Батыс Қазақстан облысы) Сауд Ара­биясына ет жеткі­зумен ай­налысады. Бұған дейін 2021 жылғы 6-14 қыркүйек аралы­ғында Сауд Арабиясының вете­ринариялық қызметінің маман­дары қазақстандық 5 ет өң­деу кәсіпорнына инс­пек­ция жүргізген болатын. Осы­лайша, отандық кәсіп­керлер бас­қа елдердің аума­ғында қа­зақстандық мал шаруа­шы­лығы өнімдерін өткізудің жа­ңа нарықтарын игеруді жал­ғастыруда.

Сондай-ақ профилді ведомство Жапонияның ауыл, орман және балық шаруа­шы­лығы министрлігімен орнат­қан екіжақты белсенді ынты­мақтастықтың нәтижесінде Жа­понияға жылқы етін экспорттау мүмкіндігіне ие болды. Бұл міндетті 9 қазақстандық ет өңдеу кәсіпорны атқармақ. Олар – «Kaindy» ЖШС (Алматы облысы), «ASEM-ZHETYSU» ЖШС (Алматы облысы), «Meat processing Complex Bizhan» ЖШС (Ақмола облысы), «Asyl-Asyl» (Атырау қаласы), «Kuanysh» ЖК (Атырау қаласы), «Birlestic» ШҚ (Қарағанды облысы), «EURASIA INVEST LTD» ЖШС (Қарағанды облысы), «ARAY KZ» ЖШС (Қарағанды облысы), «BEEF EXPORT GROUP» ЖШС (Қостанай облысы).

Бұған дейін аталған тізілімге 34 қазақстандық кәсіпорын енгізілген болатын. Осылайша, бүгінгі таңда жалпы 43 отандық ет өңдеу компаниясы өз өнім­дерін Жапония аумағына экспорттай алады.

Ет өндірісі бойынша халық­аралық сарапшы Фрэнк Грэйвс сиыр етін өндіру бойынша Қа­зақстанда үлкен әлеует бар екенін айтады. «Жақсы күтім жасап, азықтандыру, әрине, ет өндірісін ұлғайтудағы маңызды нәрсе. Бірақ бұқалардың өнімділігі мен репродуктивті сиырлардың көбею қабілетін арттыру үшін әр жаңа төлде генетикалық қа­сиеттерді жетілдіру, жаңа тех­нологиялар мен жетістіктерді пайдалану қажет. Бұл тұрақты түрде тұқым беретін сиырлардың жасын 15 жасқа дейін арттырады», дейді сарапшы.

Күзде баға қымбаттайды

Өзімізде сойылып, өндірілген етті сыртқа сатқанымыз жөн-ақ. Бірақ базардағы бағаның шырқап бара жатқанын көз көріп отыр және одан ет пен ет өнімдері де тысқары қалмайды. Мамандар күзде ет бағасының одан әрі қымбаттайтынын айтып дабыл қағады. Angus Qazaqstan республикалық палатасының директоры Дәурен Салықовтың айтуынша, күзде ет бағасының өсуіне фермерлер емес, делдалдар кінәлі болмақ.

«Күзде баға өседі. Ол бағаны фермер емес, ортадағы делдалдар бақылайды. Меніңше, фермерлік дүкендер қауымдастықпен ті­келей жұмыс істеуі керек. Баға­ны қолдан тежеу – уақытша құ­былыс. Ол ертеңгі күні шетелдік қымбат еттің импортталуына әкеліп соғады. Әрі оның сапасы да Қазақстан етіндей емес», дейді ол.

Қазақстан ет одағының атқа­ру­шы директоры Асқар Жұба­тыровтың сөзінше, күзде сиыр еті килосына 3-3,5 мың теңгеден сатыла бастауы мүмкін. «Қазір ол 2,6-2,8 мың теңгеден сатылып жатыр. Кей өңірлерде килосы 3 мың теңгеге де жеткен. Фер­мердегі өзіндік құны 2 мың теңгені құрайды. 2021 жылы ет бағасы орташа есеппен 11 па­йызға қымбаттады. Қой еті – 15, сиыр еті 8 пайызға өсті», дейді А.Жұбатыров.