Экономика • 11 Тамыз, 2022

Экспорттағы шикізат үлесін азайтудың жолы қандай?

828 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың бастамасымен экспорттағы шикізат үлесін азайту, өңделген өнімдерді шетелге шығаруды арттыру бағытында бірқатар маңызды жұмыс жүргізіле бастады. Нәтижесінде, өткен жылы шикізаттық емес экспорттың көлемі 25,4 пайызға өскен. Әрине, бұл бастамасы ғана...

Экспорттағы шикізат үлесін азайтудың жолы қандай?

Коллажды жасаған Амангелді Қияс, «EQ»

2021 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан өзге елдерге 52,7 млрд доллардың өнімін сатқан.

Бірақ сол 52 млрд доллар­дың тең жартысынан астамын мұнай сатудан түскенін естігенде аздап құлазып қала­мыз.

Ел экономикасын шикізат экспортына тәуелділіктен арылту мәселесі көптен айтылып келеді. Айта кету керек, бұл ретте пандемия кезінде бір­шама ілгеріледік. Десе де атқа­ры­ла­тын жұмыс әлі көп.

Цифрларды тағы бір сөйлетіп алайық. Былтыр жалпы көлемі 65,6 млн тонна мұнай экспорттап, қазынаға 31,1 млрд доллар түскен. Бұл дегеніңіз – бүкіл экспорттың 59 пайызы. Ал жалпы, Қазақстан экспортының 80 пайыздан астамын шикізаттық тауарлар құрап тұр. Осының өзі ел экономикасының жалпы картинасын айқындайды.

Әрине мұнай, тау-кен металлургиясына келіп жатқандар жайлы сөз басқа, бірақ шағын және орта бизнеске, ірілі-ұсақты фермаларға, агроөнеркәсіпке ат басын бұратын инвесторларды батыл демеске әддіңіз жоқ.

«Біздің ел шикізаттық тауарлар экспортына толықтай тәуелді. Экспорттағы мұнай-газ, мұнай өнімдерінің үлесі – 64 пайызды, тау-кен өнеркәсібі мен металлургия – 23 пайызды, бидай мен ұн – 3 пайызды, өзге өнімдер 9 пайызды құ­райды. Егер ұзақ мерзімді тарихи кезеңге қарасақ, онда 30 жыл ішінде экспорт құрылымының мүлде өзгермегенін ба­й­қаймыз. Демек бұл осы жылдар ішінде экономиканы әртараптандыру бағы­тында жасалған жұмыстардың еш нәтиже бермегенін көрсетеді. Бұл жақсы ма, жаман ба? Норвегия мен Ирактың экспорт құры­лымында да мұнай мен газ осындай үлеске ие. Бұл бірі үшін жақсылық, бірі үшін қайғы болды. 1970 жылға дейін Норвегияда бір тамшы мұнай болмаған, олар Еуропадағы ең кедей ел еді. Жарты ғасыр өтпей жатып кәрі құрлықтың ғана емес, күллі әлемнің бай еліне айналды. Бір қызығы, Норвегиядағы петродолларды (мұнайға айырбасталатын доллар – ред) шоғырландыру бойынша қорды Ирактан шыққан адам құрды. Бәлкім, мәселе елдің байлығында емес шығар. Мәселе адами капиталды дамыту және ел байлығын басқаратын дұрыс маманды таңдауда жатқан сияқты», деп жазады телеграмдағы Energy Analytics каналының сарапшысы.

Әсілі, дамыған елдердің даму концепциясы қандай құндылыққа негізделген? Олар елді байыту үшін ақылды адамдардың айтқанын тыңдайды. Ал ақылды көріну үшін байып алатын қоғамда алға жылжу бола ма? Экономиканы әртараптандыру жайлы жыл сайын ерінбеген шенеунік есеп жасайды. Бірақ нәтиже жоқ.

Халықаралық даму орталығы өсім лабораториясының директоры Рикардо Хаусманн Қазақстан экономикасын әртараптандыруда кедергі болып отырған бірнеше барьерді атап өтеді.

«Біріншіден, үлкен қашықтықта жатқан логистика қиындығы. Мысалы, батыс елдеріне мал және ірі қара өнімдерінен гөрі руда немесе энергия көздерін тасымалдаған оңай. Екіншіден, Қазақстанның көп­теген қаласы белгілі бір өндіріс салаларымен байланысты. Осының салдарынан жергілікті бәсекелестік төмендеп, экономикалық өсімді тежейді. Жағдайды тұрақтандыру үшін басқа да іс-шаралар мен ілеспе қызметтерді дамыту қажет. 2008 жылғы қаржы дағдарысы, 2014-2015 жылдардағы валюта дағдарысы, COVID-19 пандемиясы кезіндегі логистикалық байланыстардың өзгеруі және еуразиялық кеңістіктегі геосаяси қақтығыстардың салдарынан энергетикалық құлдырау экспорт, инновациялар мен технологияларды дамыту үшін басқа көздер табудың қаншалықты маңызды екенін көрсетті», дейді шетелдік сарапшы Astana Finance Days 2022 форумында сөйлеген сөзінде.

Таяу Шығыс, Орталық Азия бойынша IFC (халықаралық қаржы корпорациясы) өңірлік вице-президенті Хела Шейхроу өндіруші емес өнеркәсіпке келетін жеке инвесторларды ынталандырудың аса маңызды екенін айтады.

«Қазақстан экономикасының әртарап­тануы үшін – геологиялық барлауды дамыта отырып кейін жаңа кен орындарын игеруге көшу, қазбалы отынның орнына геотермалдық энергия көздерін пайдалануды және агроөнеркәсіптік кешеннің Орталық Азия елдерінің нарығына шығу мүмкіндіктерін кеңейтуді дамыту қажет. Өндірістік секторды әртараптандыру және көмірсутекке тәуелділіктен арылу – Қазақстанның жаңа экономикалық саясаты. Экологияға мән беру және әлеуметтік жауапкершілікті арттыру отандық ком­паниялардың ажырамас ұстанымына ай­налуға тиіс», деді халықаралық сарапшы.

Қазақстанның шикізатты сатуға ма­шық­танып алғаны сонша, шикізаттық емес экспорт бойынша өз жоспарын орындай алар емес. 2021 жылы сыртқы нарыққа ұсы­натын тауарлар мен қызметтер бағасы небәрі 26 млрд доллар болған. Жоспар бойынша 32 млрд доллардың өнімі сатылуы керек еді.

Сауда саясаты бойынша маман Рус­лан Сұлтановтың айтуынша, отандық кәсіпкерлердің менталитеті де экспортты дамыту ісінде қолбайлау болып тұр.

«Өз ісін енді бастаған көп кәсіпкер бастапқыда өз бизнесін тек жергілікті нарыққа ыңғайлайды. Сөйтіп олар әу бас­тан өздерін тар шеңберге тығып тастайды. Әлеуетім артқан кезде сыртқы нарыққа шығар болсам, бизнес-процесімді дереу халықаралық стандартқа бейімдеп аламын деп ойлайды. Бірақ бұл дұрыс ой емес. Ол кезде бүкіл бизнес-процесті өзгертуге тура келеді – өндіріс, маркетинг, өткізу нарығы, тағы басқа. Бірден барлығын өзгерту дегеніңіз – басы артық шығын және өте қиын. Ал кәсіпкер бәсекеге қабілетті тауа­р өндіріп жатса онда оған көмектесу оңай болады. Кәсіпкер өндірісті бастамай тұрып өнімді кімге, қалай сатып, кіммен бәсекеге түсерін білуге тиіс. Сонда ғана нашар бизнес-процесс, сапасыз қаптама, жеткізудің төмен деңгейі секілді проблемалар болмайды», дейді ол.

Еске салайық, елімізде KazakhExport экспорттық сақтандыру компания­сы, QazIndustry экспорт және индустрия орталығы, сондай-ақ QazTrade сауда сая­сатын дамыту орталығы отандық экс­­порттаушыларға қолдау көрсетеді. Жал­­пы, шикізаттық емес экспортты дамыту шеңберінде қазақстандық экс­порт­таушыларға шығындардың бір бө­лігін өтеу, сақтандыру, кепілдіктер мен субсидиялар, сондай-ақ қаржылық емес құралдар, қолдау бағдарламалары, шетелдік ұйымдарды тарту арқылы қаржылық қолдау көрсету шаралары ұсы­нылады. Экспорттық акселерация бағ­дарламасы бойынша отан­дық өнімд­ерді Ресей, Өзбекстан, БАӘ, Сауд Арабиясы, Әзербайжан елдеріне тасымалдау көзделген.

Мемлекет «Халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған орнықты эконо­микалық өсім» ұлттық жобасы бойынша 2025 жылға таман шикізаттық емес экспорт құнын 41 млрд долларға жеткізуді жоспарлайды. Ұлттық экономика министрлігінің хабарлауынша, алдағы үш жыл көлемінде негізгі капиталға 11 трлн теңге тартылып, өңделген өнеркәсіп өнімдерінің экспорты 24 млрд долларға жеткізілмек. Бізде қағаз бетінен шығып шынайы өмір көрінісіне айналу – аса сирек болатын құбылыс. Бұл да сондай қиялшыл қағаз-есептің бірі бола ма, әлде ғайыптан тайып дайын өнім экспорты өсіп кете ме, оны уақыт көрсетеді.