Білім • 11 Тамыз, 2022

400 мыңнан аса бала мемлекеттен материалдық көмек алады

699 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Халықтың әлеуметтік осал санатындағы 400 мыңнан аса бала мемлекеттен қаржылай қолдауға ие болмақ. Бұл көмек балаларға «Жалпыға міндетті білім беру» қоры арқылы көрсетіледі. Балалар жылында Мемлекеттен берілетін осы материалдық көмектің көлемі артты.

400 мыңнан аса бала мемлекеттен материалдық көмек алады

Оқу-ағарту министрлігі «Жалпыға міндетті білім беру» қоры аясында оқушыларға көрсетілетін материалдық көмек ережелеріне өзгерістер енгізді. Бұған дейін бөлінген сома 17 мыңнан 40 мың теңгеге дейін болған. Енді көмек мөлшері ең төменгі күнкөріс деңгейінен, яғни 37 389 теңгеден төмен болмауы керек.

Сондай-ақ жергілікті атқарушы органдардың ұсынысымен көмек көрсету тетігіне де өзгерістер енгізілді. Бұдан былай ақша ата-аналарға балаларымен бірге мектеп формасын, аяқкиімін, кеңсе тауарларын және т.б. өз бетінше таңдай алуы үшін беріледі. Бұған дейін мұның барлығын әкімдіктер сатып алатын және тауардың көлеміне, сапасына және т.б. байланысты мәселелер туындайтын еді.

«Оқу-ағарту министрлігінің өкілдері көпбалалы аналармен бір емес, бірнеше рет кездесіп, әкім­дік­тер­мен мәселелерді талқылап, олардың тілектерін ескере отырып, әлеуметтік осал балаларға көмек көрсету ережелерін өзгертуге бастама жасады. Ата-аналардың шотына ақша тікелей түсіп, мектеп формасын, кеңсе тауарларын және балаларға арналған аяқкиімді өз бетінше таңдай алуы үшін заңнамаға түзетулер енгіздік. Мұның артықшылығы – бала ата-анасымен бірге өзі таңдаған киіммен мектепке бара алатынында. Бұған дейін сатып алумен әкімдіктердің қызметкерлері айналысты. Осыған байланысты жыл сайын киімнің көлеміне, сапасына қатысты мәселелер туындап, балалар онымен жүруге ұялатын. Биыл әкімдіктер қаржылай көмек алуға тиісті барлық балаға кемінде 37 389 теңге көлемінде қаражат бөледі. Бұл ең төменгі сома, ал бұрын сомалар әртүрлі болды – 17 мың, 20 мың және 25 мың теңгеге дейін жетуі мүмкін еді. Бүгінгі таңда ең төменгі мөлшерден артық қаржы бөлетін жергілікті атқарушы органдар да бар. Біз бұны тек құптаймыз. Қаражаттың ұлғаюы бұл көмекті алатын 418 мыңнан аса балаға оң әсер етеді», деді Балалардың құқықтарын қорғау комитеті төрағасының орынбасары Дулат Жекебаев.

Мемлекеттен берілетін бұл материалдық көмек «Жалпыға міндетті білім беру» қорының аясында атаулы әлеуметтік көмек (АӘК) алатын отбасылардың балаларына, сондай-ақ АӘК алмайтын, бірақ жан басына шаққандағы орташа табысы күнкөріс деңгейінен төмен отбасылардың балаларына көрсетіледі. Сондай-ақ жаңа оқу жылы қарсаңында жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, төтенше жағдайға тап болған оқушылар және т.б. материалдық көмек алады.