Білім • 11 Тамыз, 2022

Асхат Аймағамбетов ауыл мектептеріндегі мәселелерді атады

384 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Республикалық тамыз конференциясында Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов ауыл мектептерінің басты проблемасын атады, деп хабарлайды Egemen.kz.

Асхат Аймағамбетов ауыл мектептеріндегі мәселелерді атады

«Ауыл мен қала деп күнде айта береміз. Бірақ мәселе ауыл мен қалада емес. Әрине, ауыл мен қаланың білім сапасында алшақтық бар. Оны ешкім жоқ демейді. Алайда, біз үшін проблемалық мәселе осы ғана емес. Мұнан да зор проблемалар болады. Ол – әртүрлі өңірлерді бір-бірімен салыстырғандағы білім сапасының алшақтығы. Мәселен, Солтүстік Қазақстан облысындағы ауыл мектептерінің орташа балы Түркістан облысындағы қалалық мектептердің орташа балынан жоғары, Қызылорда облысындағы қалалық мектептердің орташа балынан артық. Сондықтан бұл мәселені кеңінен қарау керек», деді министр.

Сонымен қатар ол ауыл мектептері мұғалімдерінің жалақысына 25 пайыз үстемеақы қосылатындығын айта келе, кемшіліктерге де тоқталды.

«Бірінші – мұғалімдердің, нақты пән бойынша сабақ беретін мықты мұғалімдердің жетіспеушілігі басты проблема болып отыр. Екінші – интернеттің барлық мектепте толыққанды болмауы. Үшінші – материалық-техникалық база. Дегенмен, ең бастысы – педагог. Мұғалім – мектептің жүрегі. Сондықтан мұғалім жетіспеушілігі болса, онда басқа мәселелерді шешу өте қиын», деді Асхат Аймағамбетов.