07 Мамыр, 2014

Таңдау мен талап деңгейі биік

694 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

парад 16

2012 жылғы 16 ақпандағы «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» Заңға сәйкес және Қазақстан Республикасы Президентінің 2014 жылғы 14 наурыздағы №768 Жарлығы, Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің 2014 жылғы 20 наурыздағы №116 бұйрығы негізінде Қарағанды қаласы Октябрь ауданының Қорғаныс істері жөніндегі бөлімінде Қазақстан Республикасының Қарулы Күштеріне көктемгі мерзімді әскери қызметке шақыру науқаны басталған болатын. Қорғаныс заңнамасына сәйкес әскери қызмет екі түрде жүзеге асырылады: әскерге шақыру бойынша және келісімшарт бойынша. Әскерге шақыру бойынша әскери қызмет еркін және міндетті ретте жүзеге асырылады. Бұрынғы кезге қарағанда, Қазақстан армиясына жастардың көпшілігін әскерге шақыруға қажеттілігі көп болмаса да, кейін келісімшарт жүйесі бойынша жасақтауға толықтай ауыстырылатын болады. Сонда да жергілікті әскери басқару органдары үшін әскерге шақыру басымды және де жай ғана емес, басты жұмыс бағыттарының бірі болып табылады. Әскери бөлімдерді жастармен толықтыру және сапалы жасақтау мақсатында біздің бөлім­нен әскерге шақыруға жататын құрамды алдын ала зерделеу мен іріктеу жұмыстары жүр­гізілді. Бұл жұмыс 15-25 нау­рыз аралығында атқарылды. Бұдан соң сәуір мен маусым айла­рында мерзімді әскерге шақы­рылушыларды іріктеу жұмыс­тары жалғастырылады. Сол бойынша өздерімен және ата-аналарымен жеке-дара, сондай-ақ, жұмыс істейтін немесе оқу оқитын орны өкілдерімен әңгімелесу өткізіліп жатыр. Мұның өзі жас азаматтардың денсаулық жайын, адамгершілік және іскерлік қасиеттерін, жалпы білім деңгейін, дене тәрбиесін, отбасылық жағдайы мен арнайы дайындығын анықтауға мүмкіндік береді. Сонымен бірге, моральдық-психологиялық күйіне, отбасындағы жүріс-тұрысы мен экстремалды жағ­дай­ларда төзімділігіне, ерте жастағы ауру-сырқатына назар аударылады. Әңгімелесу нәтижелері зерделеу парағына жазылады. Қазір қаламызда ҚР ҚК құ­ры­луына 22 жыл және Жеңіс күнінің 69 жылдығына арналған республикалық бірыңғай жаппай-қорғаныс айлығы аясында әскери-патриоттық бағытта белсенді іс-шаралар жүргізілуде. Октябрь ауданының оқу орындарында әскерге шақырылатын жастар арасында спорттық жарыстар мен ойындар, жас әскеридің күндері, жауынгерлік сабақтары өткізіліп жатыр. Октябрь ауданының әкім­дігімен бірлесіп, еңбек ұжым­дары мен оқу орындарында ұлан­дарды әскерге салтанатты түрде шығарып салу кештері ұйымдастырылуда. 1 сәуірден бастап аудандық әскерге шақыру комиссиясы өзінің белсенді жұмысын бастады. Ауданымыздың Қорғаныс істері жөніндегі бөлімінен әскерге шақырылушылар саны жылдан-жылға артып келеді. Барлығы өз ниеттерімен қызмет етуге дайын. Таңдау деңгейі, талап биік. Жоғары және орта арнаулы оқу орындарын бітірушілер бірінші кезекте қамтылады. Әскерге, ең бастысы, саламатты және білімді сарбаздар қажеттігі уақыт талабы болып отыр. Сондай-ақ, болашақ жауынгерлердің ерік-жігері мен психологиялық төзімділігіне үлкен талап қойылады. Ал әскери тәртіпті білу, оны орындауға әзір тұру – өзіңнің жеке басыңды қа­лып­тастыру мен әскери қызмет­ке дайындалу жолындағы маңызды қадам деген сөз. Бөлімнің әскери-техникалық мектебінің тұрмысқа қолайлы жатақханасы бар. Материалдық базасы жаман емес. Ондағы оқы­тушылар 20 жыл және одан да көп еңбек еткен бұрынғы кадрлық әскери қызметшілер. Аталған мектеп бірнеше курсанттарды даярлады. Мұнымен бірге, қаладағы білім беру орындары мен ұйымдарында жастарға алғашқы әскери дайындық бойынша жұмыстар жүргізіледі. Елдік рухты көтеретін, өрен­дердің бойында патриоттық се­зім­ді қалыптастыратын, отан­сүй­гіштікке тәрбиелейтін іс-шаралар маңызы бір бөлек. Әскери-патриоттық тәрбие беруге №77 орта мектеп директоры Зайра Жантыбаева, АӘД сабағының әскери жетекшісі, аға лейтенант Қайрат Кенетаев, қазақ-түрік лицейінің оқытушысы, лейтенант Асқар Қосжанов сияқты ұстаздар зор белсенділік көрсетіп келеді. Бөлім дайындығынан өткен гимназия оқушысы Тимур Аб­дугафаров – бүгінде Алма­ты әскери-инженерлік радио­элек­троника және байланыс инсти­тутының 3 курс курсанты. Агро­техникалық колледжінің әскери жетекшісі, отставкадағы подполковник Леонид Слеменевтің қолдауы мен тәрбиелеуі арқасында Виктор Кравченко әскери оқу орнында білім жалғастыруды таңдап алды. Ауданымыздағы біраз жастар әскери институттарын бітіріп, офицер болып қызмет етеді. Мәселен, Құрлық әскерлері әскери институтының түлегі лейтенант Қуаныш Әбдікәрімов Алматыдағы 55524 әскери бөлі­мінде техникалық взвод коман­дирі қызметін атқаруда, Воро­неж авиациялық инженерлік уни­вер­ситетін бітірген лейтенант Елдос Тисбеков – әскери метео­ро­логиялық қызмет инженері. Жалпы, ұлттық тәрбиеден тереңдеп нәр алған жастарға ұлттық патриотизмді қалыптастыруда ата-бабаларымыздың ұлағатты ойлары мен тәлімдік тәрбиесінің атқаратын орны ерекше. Сондықтан да біз өз тарапымыздан алға қойған мақсаттарды жоғары жауапкершілікпен орындап келеміз. Думан БӘКІРОВ, Октябрь ауданының Қорғаныс істері жөніндегі бөлімінің бастығы, подполковник.  ҚАРАҒАНДЫ. * Дерек пен дәйек

Іріктеуден өткендер борыштарын өтеуде

Шығыс Қазақстан облысының қор­ғаныс істері жөніндегі депар­таментінің шақыру және келісімшарт бойынша әскери қызметшілерді іріктеу басқармасы бастығының орынбасары, подполковник Ержан Жақыповтың айтуынша, 17 сәуірде әскери борышын өтеуге шақырылған жастардың іріктеуден өткен алғашқы легі шекара қызметінде борышын өтеуге жөнелтілді. Биыл шығыс өңірінде әскер қатарына алынушылардың жалпы саны 1 мыңға тарта адамды құрайды. Оның ішінде ҰҚК шекара қызметіне – 200, Қор­ғаныс министрлігіне – 200-ден астам, Рес­пуб­ликалық  ұланға – 20-ға жуық, Төтен­ше жағдайлар министрлігі мен Ішкі істер ми­нистрлігіне 400-ден астам жас  жіберілмек. Думан АНАШ, «Егемен Қазақстан». ӨСКЕМЕН.

Сарбаз болу – мақтаныш

Шындығын айтқанда, бұл күнде балалары әскер қатарына шақырылушы барлық ата-аналар секілді біздің де көңіліміз толқулы. Үлкен ұлымыз Жұманның есейіп, Отан алдындағы азаматтық парызын өтеу жасына толып қалғандығын байқамай да қалыппыз. Ол өзі мұны мақтаныш етіп, нағыз сарбаз атанғанша асық. Әсіресе, шекарашылар сапына қосылып, еліміздің шығыс аймағында тыныштығымызды күзетпектігі тілеуінен шыққандай болды. Шекарашы болу жасынан арманы еді. Теміржол колледжін бітірген тұңғышымыздың қаладағы Октябрь ауданы қорғаныс істері жөніндегі бөлімнің арнаулы комиссиясынан өтуде денсаулығы да, алғашқы әскери дайындығы да жақсы екені қуантып тастады. Бүгінде әскери міндеттілік жастардың бәрі үшін өздерінің патриоттық борышын атқаруға деген тамаша үрдіске айналғаны аян. Бұл олардың отаншылдық сезімі өсуінің нақты айғағы болса, сондай-ақ, еліміз армиясының беделі биіктеуін танытатындығы анық. Басқа да тұрғылыстарындай, қастерлі міндетін атқаруға жағдай барына еш алаңымыз жоқ. Жалпысында, армия – өмірлік үлкен мектеп. Сондықтан сонда шынығып-шыңдалудың орны бөлектігін білеміз. Әке-шешесі ретінде ұлымыз Жұманның азаматтық сынақты адал, абыройлы атқара алатындығына сенеміз. Аманатымыз да сол. Күш-қуаты жылдан-жылға нығаюдағы жас мемлекетіміздің тағы бір болашақ қорғанының ағасы жолын жалғастырмақтығы да таяу. Олар сарбаз болуына қуанса, Отан қорғаушыларды өсіруші тұрғысында біз де қуаныштымыз. Фариза, Қажыбек ШАДИЕВТЕР, ата-ана. ҚАРАҒАНДЫ.

Шар болаттай шыңдаламыз

20140416_121847Мен 1995 жылы Шығыс Қазақстан облысының Зырян қаласында дүниеге келдім. Өткен жылы Зырян қаласындағы №11 орта мектепті тәмамдадым. Әскер қатарына осыдан бір ай бұрын шақырылған едім. Жалпы, өмірімде бірінші рет әскери міндетімді өтеуге шақырту алдым. Бұл – кез келген ер азамат үшін үлкен қуаныш деп білемін. Өйткені, туған еліңнің Қарулы Күштері қатарында қызмет ету – бір жағынан перзенттік парызымыз, екінші жағынан шар болаттай шыңдалып шығуымызға көмектеседі. Жолым оң болды. Әскери комиссариатта барлық сыннан, медициналық тексеруден сүрінбей өттім. Денсаулығымда кінәрат жоқ. Мені еліміздің Ұлттық қауіпсіздік комитетінің шекара қызметіне жөнелтуге шешім шығарды. Жақында  жолға шығамыз. Офицерлердің айтуынша, алдымен Алматы қаласына бармақпыз. Ата-анам Зырян қаласында тұрады. Өзім аудандағы көлік және құрылыс колледжіне сырттай оқуға түскенмін. Отбасында жалғыз ұлмын. Әскери қызметімді абыроймен орындауға тырысамын. Борышымды өтеп оралған соң, туған қаламыз –  Зырянның ішкі істер бөлімінде жұмыс істегім келеді. Сергей РОДИОНОВ. Шығыс Қазақстан облысы, Зырян ауданы.