Аймақтар • 12 Тамыз, 2022

Орақ науқанына дайындық ойдағыдай

535 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Биыл Алматы облысындағы егіс алаңы 459 мың гектарға жетті. Оның ішінде 178,1 мың гектарға дәнді дақылдар, 121,2 мың гектарға масақты дақылдар, 35,4 мың гектарға майлы дақылдар егілген. Сондай-ақ дәндік жүгері 48,4 мың гектар алқапқа, күріш 6,8 мың гектар жерге, картоп 26,0 мың гектарға және 24,7 мың гектар алқапқа көкөніс өсірілді.

Орақ науқанына дайындық ойдағыдай

Шаруалар дәнді дақылдарды жинау жұмыстарын 5 шілдеден бастаған екен. Қазір жинауға жататын масақты дақылдардың бар­лық 121,2 мың гекта­рындағы жұ­мыс толық аяқталып, оның ішін­де 37,8 мың гектардағы бидай, 83,4 мың гектардағы арпа және басқа да дәнді дақылдар шабылып, жиналған. Өнім де ауыз толтырып айтарлықтай, бастырылған астық­тың алғашқы нәти­жесі бойынша орташа өнімділік гектарына 21,1 цент­нерден айналып отыр. Өткен жылы бұл көрсеткіш 18,2 центнер болған-ды.

Биыл мал азығын дайындау да ширақ жүрді. Мамыр айының соңынан басталған шөп шабу жұмысы нәтижелі. Жылдың жос­пары бойынша, 1,7 млн тонна азық жиналуға тиіс. Оның ішінде құрғақ шөп 1 524,4 мың тонна, сабан 191,5 мың тонна және 671,3 мың тонна шырынды азық дайындалуы керек болатын. Қазір диқан мен шаруа бұл межені орындауға шақ қалды. Міне, көпжылдық дақылдардың бірінші орағы аяқталып, екінші орақ жұмыстары да басталды. Дерек бойын­ша 827,7 мың тонна шөп, 53,3 мың тонна пішендеме, 45,7 мың тонна сабан жиналып, 22,6 мың тонна жем азығы дайындалыпты.

– Облыс бойынша 505 бірлік астық жинайтын комбайн тіркелген, оның 491 бірлігі жөндеуден өтті немесе дайын­дығы 97 пайызды құрады. Жалпы, күзгі дала жұмыстарына 947 бірлік ауыл шаруашылығы тех­никасы кіруде. Бұл қатарда 67 механикаландырылған қыр­ман, 100 бірлік астық тиегіш, 92 ас­тық лақ­тырғыш, 67 астық таза­лау машинасы, 116 автотаразылар жұмылдырылуда. Ал егін жинау жұмыстарын жүргізу үшін Энергетика министрлігінен 3,2 мың тонна кепілдендірілген дизель отыны бөлінді . Қазіргі уақытта егін жинау, шөп шабу жұмыстары және ауыл шаруашылығы дақылдарының егістігін күтіп-баптау бойынша агро­техникалық іс-шаралар кезең-кезеңі­мен жүргізілуде, – дейді облыс­тық ауыл шаруашылығы бас­қар­масының басшысы Дастан Құдабаев.

 

Алматы облысы