07 Мамыр, 2014

Біз парадқа қатысамыз!

558 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

ОтанҚазағымның  ел қорғаған сардары!

Бақытбек СМАҒҰЛ, Парламент Мәжілісінің депутаты. Өр кеудесін оққа тосқан ел үшін, Жанын берер, Отан-Ана жер үшін. Тәуелсіздік мәңгілік ел ұраны Ар- намыстың арқалаған жеңісін. Қыран қабақ дұшпан мысын басатын,парад 11 Отанына бейбіт нұрын шашатын. Тұрақтылық, тыныштықтың сақшысы Қазағымның офицері жасасын. Туған елдің тыныштығын сақтаған, Отан үшін таңға кірпік қақпаған. Офицерлер мақтанышы елімнің, Берген антын ар алдында ақтаған. Атыңды естіп ата жауың жайрасын, Бауыржандар намысыңды қайрасын. Сағадат пен Қасым қаһармандарың, Талғат қыран жауға асырған айласын. Адамзаттың бақытының өлшемі, Әрқашанда мақтан тұтар ел сені. Егемен ел, Ертүріктің ерлері – Қазағымның сертке ұстаған семсері. Азат елдің көк байрағы қолыңда, Арды қойып ең бірінші орынға, Теріңді төк, жаныңды да аяма, Мәңгілікке, Мәңгі Елдің жолында. Жаса-жаса бабалардың арманы, Жаса-жаса Тәуелсіздік әр таңы. Жаса-жаса, Жоғарғы Бас қолбасшы – Қазағымның ел қорғаған сардары! Астана. Он төрт жылдан бері  әскер қатарындамын Жулдыз ІлиясоваМен «Шығыс» өңірлік қол­бас­шылығына қарасты әскери бөлімде қызмет етемін. Қыздар сапының алдыңғы шебінде жүріп, бағытты бастайтын рота командирі ретінде әскери парадқа осымен екінші рет қатысқалы отырмын. 2011 жылы өткен әскери парадта рота командирі қызметін атқарған болатынмын. Биылғы парадта да осы қызметіме қайта тағайындалдым. Парадқа қатысушылардың тұрмыстық жағдайы өте жақсы. Бірінші рет қатысып отырғандарға ақылымызды айтып, көмек қыламыз. Алдыңғы, ортаңғы немесе аяқ жағындағы сапта тұрғандардың шалыс басқан қимылы көрінбей қалады деуге болмайды. Бір шалыс басқаның тұрмақ, көзқарасыңның өзі қараған адамға анық байқалып тұрады. Сондықтан тәртіп бойынша басымыз оң жақ бағытқа және өзіміз сол жаққа қарай қарап, бағдарлап жүруіміз қажет. Оң қапталда тұрған адам жолымызды бағыттап, бізді алып жүріп отырады. Соның жүрісінен жаңы­лыс­пауға тырысамыз. Әскер қатарында он төрт жылдан бері қызмет етіп келемін. «Шығыс» өңірлік қолбасшылығынан 54 әскери қыз іріктеліп, осы қалаға келгендердің тек 28-і ғана сыннан сүрінбей өтіп, парадқа қатысу құ­қына ие болды. Екінші рет әскери парадқа қатысып отырғандығымды үлкен мәртебе санаймын. Жұлдыз Ілиясова,  майор, әскери парадқа қатысушы.

Отанымды қорғау – басты парызым 

Асанов Марат– Марат, әскери қызметкер болуды таңдапсың, отбасыңда әскери адамдар бар ма еді? – Менің әкем Ахан 20 жылын әскери салаға арнады. Соның ішінде көп жыл әскери комиссариатты басқарды. Қазір запастағы полковник, үнемі әскери киіммен сымдай тартылып жүретін әкемізге қарап әскери саланың маманы болсам деп армандаушы едім. Бұл күндері сол арманым іске асып, тәуелсіз Қазақстанның Қарулы Күштері қатарындағы қызметімді абыройлы атқара бастадым. – Жоғары білімді қандай оқу орнында алдың? –Түркістан қаласындағы №15 М.Жұмабаев атындағы мектеп-гимназияны бітірген жылы алдымда сан тарау жол тұрды. Өз елімізде де бірнеше әскери оқу орны бар ғой. Мектепте бірге оқыған қатарластарым басқа саланы қалап жатты. Дегенмен, мен Ресей Федерациясы Қорғаныс министрлігіне қарасты Әскери университетте білім алуды қаладым. Оның үстіне Ресей мен Қазақстан арасында жоғары білімді әскери мамандарды даярлау жөнінде келісім жасалған екен. Осы келісімге сәйкес Мәскеудегі Әскери университетке оқуға түскен қазақстандық студенттерге мемлекеттік оқу гранты бөлінеді. Міне, осы мүмкіндікті пайдалануды көздедім. Бағым бар екен, ҰБТ қорытындысында жоғары балл жинадым. Сөйтіп, 2007 жылы Мәскеудегі әскери университетке әлеуметтанушы мамандығына оқуға түстім. Осы университетте оқи жүріп, 2011 жылы қосымша полиграф курсын бітірдім. – Алғашқы офицерлік қызметің қалай басталды?  – Әрине, қай салада жұмысты бастау оңай болмайтын шығар. Әсіресе, әскери саланың тәртібіне көндігуге тура келді. Өйткені, бұл өзімнің қалаған мамандығым ғой. Рас, бастапқыда қиналмадым дей алмаймын. Азамат деген атымыз бар, тәуелсіз еліміздің аумақтық тұтастығын қорғау, тыныштығын күзету, жалпы, Қазақстанның мемлекеттілігін сақтау біз секілді бүгінгі жастардың парызы болуы керек деген ойға бекіндім. Мұны әкем де, шешем де, бұл күндері әскери салада абыройлы қызмет етіп жүрген ағаларым да санама сіңіре берген еді. Сол тәрбиенің жемісі болар, сонымен бірге, көкейімде әбден піскен ізгі арманым мені әскери бөлімде қызмет етуге жетелей берді. Сөйтіп, 2012 жылдың тамызында Ақтөбе облысында орналасқан әскери бөлімде қызметімді бастадым. Әскери бөлімде маған бірден үлкен жауапкершілік жүктеліп, рота командирінің тәрбие және әлеуметтік-құқық жұмыстары жөніндегі орынбасары лауазымын атқардым. Алдыңғы толқын аға офицерлер ақыл-кеңесін беріп, әскери қызметтің ұңғыл-шұңғылын көп үйретті. Осы әскери бөлімдегі жұмысым мені әскери ортаға тез үйренуіме көп көмегін берді. – Қазір Атыраудағы әскери бөлімге ауысыпсың, мұнда қандай қызмет атқарып жүрсің? – Иә, қазір осындағы әскери бөлімге ауысқаныма бір жылға жақындады. Мұнда да әскери саланың қыр-сырына әбден қаныққан аға буынның тәжірибесінен үйреніп жатқаным өте көп. Біз секілді жас офицерлердің осы салада тұрақтап қалуына «Батыс» өңірлік қолбасшылығы әскерлерінің қолбасшысы Мұрат Нұғыманов секілді тәжірибелі офицерлер көп еңбек сіңіріп келеді. Ал атқаратын қызметіме тоқталар болсам, міндетім –әскери қызметке келісімшартпен келушілердің тез бейімделуіне психологиялық тұрғыдан қолдау көрсету. Қазір біздің әскери бөлімге келісімшартпен қызмет етушілер келіп жатыр. Олардың бәрінің бірдей отбасылық жағдайы тұрақты болмауы мүмкін, немесе, әскери қызметке шақырылғаннан кейін де отбасылық қиындықтар туындауы ғажап емес қой. Әрбір әскерге шақырылушымен жеке сөйлесемін, отбасылық жағдайымен жете танысамын. Олардың проблемалық мәселелерін әскери бөлім басшылығымен ақылдаса отырып, оң шешуге ықпалым тисе, деймін ғой. – Әңгімеңе рахмет, еңбегің жемісті болсын. Әңгімелескен Жолдасбек ШӨПЕҒҰЛ, «Егемен Қазақстан». Атырау облысы.

Парадта  үшінші рет боламын

Марал Амантайкызы(1)Әскери парадқа осымен үшінші рет қатысатын боламын. Әр жылғы парадтың қиындығы мен қызығы қоса жүретіні белгілі. Үздіксіз жаттығу бірте-бірте өз нәтижесін беруде. Алғашқыда аяғымыз ауырып, талып кететін. Қазір етіміз әбден үйренді. Дегенмен, қатты шаршайсың. Тек осы бір ауа райының салқындығы болмаса, жаттығуымыз жақсы жүріп жатыр. Бастапқы кездегідей емес, қалыпты жағдай сияқты әбден үйреніп алдық. Шынымды айтсам, осы жолы да парадқа қатысып отырғаныма қуаныштымын. Әркімнің де арманы ғой деп ойлаймын. Алдағы уақытта да қатыссам деген ниетім бар. Мен – «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығына қарасты әскери бөлімінен келіп әскери парадқа дайындалып жатқан әскери қызметшілердің бірімін. Дайындықтың арқасында көп тәжірибе жинақтағанымды әрі әскери біліктілігімнің артқандығын айта кеткім келеді. Марал Амантайқызы, аға лейтенант, әскери парадқа қатысушы.