07 Мамыр, 2014

Қазақстанда күн сәулесімен жүретін арба жасалды

241 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Қазақстан өнертапқыштары күн сәулесімен жүретін, мүгедектерге арналған арба жасап шығарды. Оны Халықаралық қазақ-түрік университетінің ғалымдары өмірге келтірді. Бұл оқу орнының бұдан 22 жыл бұрын Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Түркия басшысы Сүлеймен Демирелдің ортақ мәмілеге келулері арқасында ашылғаны мәлім. Міне, осы оқу орнының оқы­ту­шылар қауымы Елбасының «Қа­зақстан-2050» Стратегиясында ғылымға қатысты атап көрсетілген қағидаттарға ерекше назар аударды. Ал аталмыш құжатта еліміздің үздік 30 мемлекеттің қатарына қосылуы үшін инновациялық жүйелердің тиімділігін арттырып, ғылым мен білім сапасын жақсартуға зор көңіл бөлінген болатын. Түркістандық ұстаздар бірден қазіргі заманның алға қойып отырған өзекті мәселесі төңірегінде ізденуге күш салды. Соның нәтижесінде жоғарыда айтылған қоларба дүниеге келді. Қазір бұл оқу орнының корпустарын баламалы электр қуатына көшіру жөнінде жұмыстар жасалып жатыр. Осы 22 жылдың ішінде уни­вер­ситетті 100 мыңға жуық түлек бі­тіріп шықты. Қазір олар еліміздің әр түкпірінде түрлі салада еңбек етіп жүр. Бүгінде оқу орнында 26 мемлекеттен 10 мыңнан астам студент білім алуда. Мұнда ғылыми-инновациялық жобаларға да ерекше көңіл бөлінген. Университет ғалымы Ферхад Чайыр ұзақ жылдардан бері күн нұрынан қуат алатын бірнеше жобаны жүзеге асырды. Ал Түркия тарапының қаржыландыруымен іске асқан төртінші еңбегі мүгедек жандар үшін таптырмас құрал болды. Алғашқы арбаны оқу орнының басшылары Кентау қаласының тұрғыны Жәнібек Бердімұратовқа тегін сыйға тартты. Ағаштан бұйым­дар жасаумен айналысатын жас кәсіпкерге бұл үлкен демеу болды. Мұрат АЙТҚОЖА.