Қазақстан • 12 Тамыз, 2022

«Жер аманаты» комиссиясының «жедел желісіне» мыңға жуық өтініш түсті

1093 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

«Жер аманаты» комиссиясының «жедел желісіне» жер мәселелері бойынша 985 өтініш келіп түсті. Оның барлығы өңірлік комиссиялардың қарауына берілді, деп хабарлайды Egemen.kz.

«Жер аманаты» комиссиясының «жедел желісіне» мыңға жуық өтініш түсті

«Бүгінде ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер тапшылығы мәселесі өзекті проблема болып отыр. Партияның мобильді қоғамдық қабылдауы ел аралаған кезде өңір тұрғындары осы мәселелерді көтерді. Бір айда «Жер аманаты» комиссиясының «жедел желісіне» жер мәселелері бойынша 985 өтініш келіп түсті. Көбінесе бұл өтініштер жайылым жер бөлу мәселесіне – 62%, шалғайдағы жайылымдар мен жер учаскелерін алу кезінде көмек көрсетілуіне – 28% қатысты болды», деді AMANAT партиясы Республикалық қоғамдық қабылдау бөлмесінің меңгерушісі Әлия Садырбаева. 

7 шілдеде «Жер аманаты» комиссиясының жер мәселелері жөніндегі «жедел желісі» іске қосылған болатын. Осылайша, қазақстандықтар барлық заң бұзу фактілері туралы 8 800 080 44 41 телефоны бойынша хабарлай алады. Өтінімдер WhatsApp арқылы да + 77008004441 нөмірі бойынша қабылданады. 

AMANAT партиясы Республикалық қоғамдық қабылдау бөлмесінің ақпаратына сәйкес, жер мәселелеріне қатысты өтініштердің басым көпшілігі Түркістан (53,1%), Шығыс Қазақстан (17%), Ақмола (8,3%) және Павлодар (8,3%) облыстарының тұрғындарынан келіп түсті. 

Айта кету керек, «Жер аманаты» комиссиясы жұмысының нәтижесінде мемлекет меншігіне еліміз бойынша 293,2 мың гектар жайылым жер қайтарылды. 

Атап айтқанда, Қарағанды облысында – 82 мың га, Қостанай облысында – 67,1 мың га, Жамбыл облысында – 46,3 мың га, Жетісу облысында – 41,9 мың га, Ақтөбе облысында – 20 мың га, Түркістан облысында – 17 мың га, Солтүстік Қазақстан облысында – 18,9 мың га. 

«Жер аманаты» комиссиясының жұмысы жалғасуда.