Аймақтар • 13 Тамыз, 2022

Шымкентте есірткіні пошта арқылы жолдаған азамат 5 жылға сотталды

223 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Шымкентте 30 жастағы ер адам есірткі затын өткізумен айналысқаны үшін 5 жылға сотталды, деп хабарлайды  Egemen.kz.

Шымкентте есірткіні пошта арқылы жолдаған азамат 5 жылға сотталды

Шымкент қаласының тұрғыны жалпы салмағы 79,1 грамм марихуананы түзеу мекемесінде жазасын өтеп жатқан ағасына жеткізу үшін пластиктен жасалған майонез шелектерінің түбіне жасырған.

Содан кейін кептірілген «марихуана» салған ыдысты Шымкент қаласындағы пошта бөлімшелерінің біріне әкеліп, рәсімдеп, екі рет пошта арқылы Тараз қаласындағы түзеу мекемесіне жолдаған.

Алайда түзеу мекемесінің қызметкерлері сәлем-сауқатты тексеру барысында есірткіні тауып алған.  

«Шымкент қаласы Абай аудандық соты жергілікті тұрғынды ҚР ҚК 297-бабының 1-бөлігінде (есірткі, психотроптық заттарды, сол тектестерді өткізу мақсатында заңсыз дайындау, қайта өңдеу, иемдену, сақтау, тасымалдау, оларды жөнелту не өткізу) көзделген қылмыстық құқық бұзушылықты жасағаны үшін кінәлі деп танып, 5 (бес) жыл бас бостандығынан айыру түрінде жаза тағайындау туралы үкім шығарды. Сот процесі барысында сотталушы өз кінәсін толық мойындап, өзінің әрекетіне шынайы өкінетінін жеткізді», делінген Шымкент қаласы ПД таратқан хабарламада.