Көрмеге ақынның 50-ден астам кітабы қойылды.
«Абайдың әдеби еңбектері ылғи да дүкен мен кітапхана сөрелерінің төрінде орналасады. Ақынның шығармалары Қазақстаннан тыс жерлерде де танымал. Бұл жерден құнды кітаптарды табуға болады. Арасында Анатолий Ким аударған ақынның «Қара сөздері», Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» романы, Теймур Атаевтың «Абайдың ұлылығы немесе XXI ғасырдағы ойшылдың портретін жасауға талпыныс», Құлмат Өмірәлиевтің «Абай афоризмі», Дүкенбай Досжанның «Абайдың рухы» секілді кітаптар бар. Оқырмандар осы және өзге де кітаптарды кітапхана залында отырып оқуға немесе өзімен бірге үйіне алып кетуіне болады. Біздің кітапханашылар күн сайын әлеуметтік желілерде пост жазып, жаңа басылымдар туралы хабардар етеді», деді кітапханашы Анар Әкімбекова.
Сондай-ақ оқушылар көрмеде өлең оқып, ән шырқады, ал жұртшылық Абайдың шығармашылық жолының басты кезеңдері туралы білімін арттырды.
«Мен «Сегізаяқ» өлеңін оқыдым, онда автор адамның бойындағы жаман қасиеттерді әшкерелейді. Абайдың шығармашылығын зерттеуден ләззат аламын. Онда адамның өзін-өзі дамыту туралы терең ойлар қамтылған. Және де ақынның философиялық шығармаларында алға ұмтылу, Отанға деген сүйіспеншілік дәріптеледі», деді мектеп оқушысы Айғаным Сатан.
Сонымен қатар ақынның 177 жылдығына орай елордада зиялы қауым өкілдері Абай ескерткішіне гүл шоқтарын қойды. Салтанатты жиынға мемлекет және қоғам қайраткерлері, зиялы қауым, қалалық ардагерлер кеңесінің өкілдері, ғалымдар, мәслихат депутаттары, Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары Есет Байкен қатысты.
«Абайдың сөзі – мыңжылдықтардың еншісі. Сондықтан «Жаңа Қазақстанды» өркендету үшін Абайдың даналық ғибраттарын ісімізде, қарекетімізде, ойымызда қолдануы-
мыз керек. Бастысы, Абайдың ғибраттарын, кемеңгерлік кеңестерін өмірімізде лайықты пайдалануымыз қажет. Сол кезде ғана біз рухани жетілеміз және «Жаңа Қазақстанды» дамытамыз. Абай – адамзаттың сөзін сөйлеген адам. Ол адамзат ойшылдарының қатарында тұрған адам. Ол – Пушкин мен Лермонтовты сөйлеткен адам. Абайдың жолы – «Жаңа Қазақстанның» жарқын жолы деп есептеуіміз керек», деді ғалым Серік Негимов.
Жиналған қауым ұлт перзентіне тағзым жасап, гүл шоқтарын қойды.
«Жыл сайын 10 тамыз күні дәстүр бойынша Абайдың ескерткішіне гүл шоғын қою рәсімі болады. Кейін елордада ауқымды іс-шаралар басталады. Мәселен, мектептер мен ЖОО-ларда танымдық іс-шаралар өткізіледі. Сонымен қатар биылдан бастап ірі-ірі сауда орталықтарында Абайдың өлеңдері мен қарасөздерінің аудио нұсқасы жарияланып тұрады. Бұл күнделікті 15-20 рет шығып тұрады», деді Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігі Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Сәкен Есіркеп.
Айта кетейік, елімізде 2020 жылы Үкімет қаулысымен 10 тамыз – Абай күні деп белгіленген болатын.