Аймақтар • 14 Тамыз, 2022

Өңірде өнім көлемі артып келеді

328 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Жамбыл облысында өнеркәсіп кәсіпорындары өздеріне жүктелген міндеттерді ойдағыдай атқарып келеді. Өйткені уақытында кездескен барлық қиындық бүгінгі таңда еңсерілген. Кәсіпорындардың толық қуатында жұмыс істеуіне толық жағдай жасалған. Бір анығы, кәсіпорындар салаға көрсетілген қолдаудан құр алақан қалған емес. Өңір басшысы Нұржан Нұржігітовтің тапсырмасы шеңберінде атқарылған жұмыс алдағы уақытта да жалғасын таба бермек.

Өңірде өнім көлемі артып келеді

Осы жылдың қаңтар-маусым айларындағы көрсеткіштерге зер салсақ, өңір кәсіпорындары 390,7 млрд теңгенің өнімін өндір­ді. 2021 жылдың тиісті кезеңі­мен салыстырғанда нақты көлем индексі 108,1%-ды құраған. Бұл бағыттағы жұмыстар жыл соңына қарай тағы да еселене түспек. Өйткені нақты жоспар бар, соған сай тындырылатын тірлік те аз емес.

Облыс әкімдігі кәсіпкерлік жә­не ­индустриалды-инновациялық да­мыту басқармасының басшысы Аспандияр Сейсебаевтың айтуын­ша, тау-кен өндіру өнеркәсібі сала­сындағы жұмыстар ауыз толтырып айтарлықтай нәтиже берген. Жартыжылдықтың қорытын­ды­сы бойынша өндірілген өнім көле­мі 46,7 млрд теңгені немесе өткен жылмен салыстырғанда 100,6 пайызды құраған. Әлбетте, жыл соңына дейін өнім көлемі тағы да артады.

«Өңірімізде өңдеу өнеркәсібі де айрықша маңызға ие екені белгілі. Жарты жылдағы нәтижеге көз жүгіртсек, өнім көлемі 277,9 млрд теңгеге жеткен. Тиісінше, өт­кен жылмен салыстырғанда нақ­ты көлем индексі 105,9 пайызды құрағанын айта кеткен ләзім. Жалпы айтар болсақ, өндірілген өндірістік өнім көлемінің үлес салмағы 71,1 пайызды құрады. Қысқасы, саладағы тындырылған жұмыстар көңіл тоғайтады. Алда­ғы уақытта осы қарқынды үдете түсуге ниеттіміз. Себебі жұмысты толық қуатында жандандыруға барлық мүмкіндігіміз бар.

Өңдеу өнеркәсібі құрылымын­да үлкен үлеске ие бағыттарды айта кеткеннің артықтығы бол­мас. Химия өнеркәсібі – 33,8%, металлургия өнеркәсібі – 10,8%, тамақ өнімдері өндірісі – 12,8%, өзге де металл емес минералдық өнімдер өндірісі 6,1 пайызға жеткен. Жыл соңына дейін бұл көрсеткіштердің тағы да ұлғая түсетіні даусыз», дейді басқарма басшысы саладағы жұмыстардың нәтижесі туралы.

Өңірде дайын металл бұйым­дарын өндіру, жеңіл өнеркәсіп саласын дамытуға да баса назар аударылып отыр. Ал химия өнер­кәсібін өркендетуде «Қазфосфат» ЖШС мен «Talas Investment Com­pany» ЖШС филиалдары және шағын кәсіпорындардың ала­тын орны айрықша. Аталған жауап­кершілігі шектеулі серіктес­тік­тердің өндірген өнімінің нәти­жесінде өңдеуші өнеркәсіп құры­лымындағы саланың үлесі 47,5 пайызға жеткен.

«Осы жылдың алғашқы жар­тысындағы көрсеткіштерге сүйен­сек, өндіріс көлемі 132,1 млрд теңгені құрады. «Қазфосфат» ЖШС компаниясының филиалдары сары фосфор және оның қосындыларын, фосфорлы және азотты минералды тыңайтқыш­тар өндіруге мамандандырылған. Ал «Talas Investment Company» ЖШС натрий цианиді мен аммоний сульфатын өндіріп келеді. Сала кәсіпорындарының тұрақ­ты жұмысы арқылы көрсеткіш айтарлықтай артып отыр.

Нақтырақ айтар болсақ, 43,1 мың тонна сары фосфор, 10 мың тонна натрий триполифос­фаты, 20,5 мың тонна азот ты­ңайт­қыштары, 7 342 тонна нат­рий цианиді өндірілді. Бұл бағыт­тағы жұмыстар алдағы уақытта да қарқынды жүргізіле береді. Өйткені сұраныс бар. Ал сұра­ныс бар жерде өнімнің көптеп өндірілетіні айтпаса да түсінікті. Сондықтан кәсіпорын да қол қу­сырып отырмайды», дейді Аспан­дияр Сейсебаев саладағы жұмыс жайын түсіндіріп.      

Басқарма басшысының айтуын­ша, өңірде металлургия өнер­­кәсібін өркендетуге барынша жағдай жасалған. Облыс әкімі Нұржан Нұржігітовтің өзі де бұл салаға қолдау көрсетіп отыр. Ал­ғашқы алты айдың өзінде 42,1 млрд теңгенің өнімі өндірілді. Бұл көрсеткішті еселеуге мүмкіндік жеткілікті.

«Саланың негізгі кәсіп­орын­дарының атқарып жатқан жұ­­мысы өте ауқымды екеніне тоқтал­­масқа болмас. Ферроқорытпалар ­өн­ді­рі­­сі бойынша «Тараз металлур­гия-­­­
лық зауыты» ЖШС, бағалы метал­дар (алтын және күміс) өндіретін «АК Алтыналмас» АҚ, алтын және күміс өндіретін «Golden Compass Capital» АҚ, болат құю бұ­йымдарын өндіретін «Запчасть» АҚ секілді кәсіпорындар өз жұ­мыс­тарын жүйелі жүргізіп жатыр. Осы жылдың алғашқы жартысында 15 220 тонна ферросиликомарганец, 1 133,2 килограмм алтын өн­дірілген болатын. Белгілі бір се­бептерге байланысты өндіріс кө­лемі біраз азайғанымен, алдағы уақытта қарқынды қайтадан үдете түсу жоспарланып отыр. Сол ба­ғытта барынша еңбектенуге әзір­міз», дейді басқарма басшысы мәселенің мәнісіне үңіліп.

Өңірде азық-түлік өнімде­рін өндіруге де баса назар ауда­ры­лып отыр. Алғашқы жарты жыл­дағы көрсеткіштерге зер салсақ, қаңтар-маусым айлары ара­лығында өндірілген өнім көлемі 50,2 млрд теңгеге жетіп жығылыпты.

«Тараз қант зауыты», «Меркі қант зауыты», «Бурный сүт компаниясы», «Меркі ірімшік зауыты» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері мен сүт, макарон және кондитерлік өнім өндіретін шағын кәсіпорындар бүгінгі таңда тынбай жұмыс істеп жатыр. Нәтижесінде 95,2 тонна қант, 1 214 тонна сүзбе сауда айналымына шыққан.

«Бүгінде портландцемент өн­діру бойынша «Жамбыл цемент өндірістік компаниясы» ЖШС, құрылыс гипсін және оның құ­рылғыларын өндіретін «Жам­былгипс» АҚ, темір бетон бұйымдарын, бетоннан жа­салған құрылыс құрастырмалы құры­лымдарын өндіретін «Гимарат Темірбетон» ЖШС, «Жам­был­химстрой» ЖШС-нің де өңір өндірісін ұлғайтуда айтарлықтай рөл атқарып отырғанын айта кетуге тиіспіз.

Жалпы алғанда, саланың өн­діріс көлемінің ұлғаюы немесе азаюы тапсырыс берушілердің сұранысына, құрылыс монтаж жұмыстарының маусымдық сипатына байланысты болып отыр. Бүгінге дейін портландцементтің 737,3 мың тоннасы өндірілсе, 115,9 мың тонна құрылыс гипсі, 33,5 мың тонна тауарлы бетон өндірілді. Алдағы уақытта өндірісті ұлғайтудың жолдары қарастырылып жатыр. Ең бастысы, өнімге деген сұраныс азай­мағаны қуантып отыр», дейді А.Сейсебаев.

Облыста мұнай өнімдерін өн­діру жұмыстары соңғы жылдары нақты қолға алына бастаған болатын. Нәтижесінде қазіргі кезге дейін 4,8 млрд теңгенің өнімі өндірілгенін айта кеткен ләзім.

«Жеңіл өнеркәсіп саласын дамытуға бүгінде мықтап көңіл бөлініп жатыр. Салада 2022 жыл­дың қаңтар-маусым айлары ара­лығында 2,3 млрд теңгенің өнімі өндірілді. Өңдеу өнеркәсіп құрылымындағы үлесі 0,8 пайызды құрап отыр. Бұл көрсеткішті де арттыруға ниеттіміз.

Өңірде былғары аяқ киім өндірісі, тоқыма бұйымдары, киім өндірісі жолға қойылғанын жұрт­­шылық жақсы біледі. Сала­ның негізгі кәсіпорны – «Тараз­КожОбувь» ЖШС. Аталған се­ріктестіктің негізгі қызметі тері бұйымдарын өндіруге және был­­ғары аяқ киімнің кең ассор­ти­ментін тігуге негізделген. Сала­да өнім көлемінің ұлғаюы немесе азаюы тапсырыстарға, сұранысқа байланысты.

2022 жылғы қаңтар-маусымда 94,4 мың жұп аяқ киім тігілді. Аумақтық кесімде өнеркәсіп өнді­рісінің көлемі 7 ауданда артты: Жамбыл (104,6%), Қордай (102%), Сарысу (102,9%), Талас (101,4%) және Шу (100,2%), Байзақ (100,3%), Меркі (101,7%).

Тараз қаласының кәсіпорын­дарымен 2022 жылдың қаң­тар-маусым айларында 238,3 млрд теңгеге өнім өндіріліп, 2021 жылдың тиісті кезеңімен салыс­тырғанда 108,5%-ды құрап отыр. Облыс орталығының жалпы өнеркәсіптегі үлесі 61 пайызды құрайды.

Дайын металл бұйымдарын өндіруге басқарма тарапынан айрықша назар аударылып отыр­ғанын атап өткім келеді. Салада 2022 жылдың қаңтар-маусым айлары аралығында 4,4 млрд теңгеге өнім өндірілді. Өнімнің негізгі бөлігін «ЖЗМК Имсталькон» ЖШС және «Металлоконструкция және резервуарлар зауыты» ЖШС беріп отыр», дейді ол.  

Облыста өнеркәсіп, кәсіпкер­лік салаларының өркендеуіне ­өңір басшысы Нұржан Нұржігітов ­ерекше назар аударып отырғанын айта кеткен жөн. Оның ойынша, нәсібін кәсібінен тапқан аза­маттарға қолдау толастамауға тиіс. Жергілікті жердегі шенеуніктер кәсіп иелерімен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеуі керек.

«Жалпы алғанда, кәсіпкерлер мен шаруалар бізге емес, біз оларға жұмыс істеуіміз керек. Жағдай жасап, қолдау білдіріп, тиісті жеңіл­діктерге қол жеткізу үшін кө­мек көрсетуіміз қажет. Осыны бар­лық деңгейдегі басшылар қапер­де ұстауы керек», дейді өңір басшысы.

Әлбетте, өңірде өндіріс саласын өркендетуге соңғы жылдары барынша қолдау көрсетіліп жатыр. Қысқасы бірнеше жыл бұрын еліміздегі карантинге байланыс­ты өндіріс көлемін қысқартқан кәсіпорындар енді қайтадан ес жиып, жұмыс қарқынын арттыра түсті. Олар алдағы уақытта да өңір экономикасын өркендету жолын­да аянбай еңбектенуге әзір.

«Өндіріс көлемінің артуы об­лыс экономикасын көтеруге айрықша ықпал ететінін білеміз. Сол бағыттағы жұмыстарды уақыт өткен сайын жандандыра түсуге бейілміз», дейді А.Сейсебаев.

 

Жамбыл облысы