Қазақстан • 15 Тамыз, 2022

Әскерилер шеберлік сынасады

229 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Елордада VIII Халықаралық армия ойындарының ашылу рәсімі өтті. Ұлттық қорғаныс университетінде өткен Халықаралық армия ойындарының салтанатты ашылу жиынына Әзербайжан, Армения, Беларусь, Венесуэла, Вьетнам, Зимбабве, Қазақстан, Қытай, Қырғызстан, Мали, Ресей, Тәжікстан және Өзбекстан Қарулы Күштерінің өкілдері қатысты.

Әскерилер шеберлік сынасады

Қорғаныс министрі, генерал-полковник Руслан Жақсылықов Қазақстан аумағындағы VIII Армия халықаралық ойындарын салтанатты түрде ашық деп жариялады.

Қазақстан қорғаныс ведомствосының басшысы халықаралық ойындарға қатысушыларға арнаған сөзінде сайыс­тың әскери қызметшілердің жауынгерлік даярлығы мен кәсіби шеберлігін же­тілдірудегі маңыздылығын атап өтті.

– Әскери ойындар бейбітшілік пен ынтымақтастықтың кепілі ретінде шын мәнінде түрлі мемлекеттер әс­керлерінің өзара іс-қимылының жаңа және жетілдірілген үлгісіне айналып, қатысушы елдер қарулы күштерінің жа­уынгерлік қабілеті мен кәсіби деңгейін арттыруға ықпал етіп отыр, – деп атап өтті генерал-полковник Руслан Жақ­сы­лықов.

Биыл еліміздің аумағында үш байқау өткізіледі. Олар – «Артиллериядан оқ ату шеберлері», «Меридиан» және «Тактикалық мерген» байқаулары. Соңғы екеуі Қазақстанда алғаш рет ұйымдастырылып отыр.

Елімізде өтетін сайыстарда барлығы 26 команда бақ сынайды. Жамбыл облысының Гвардейск гарнизонындағы оқу-жаттығу полигонында минаатқыш есептоптарының үздіктері анықталады. Ақмола об­лысының Щучинск қала­сындағы «Амандық» полигонында әс­кери то­пографтардың сайысы өтсе, Қарағанды облысының «Спасск» оқу-жаттығу орталығында армия мергендері жа­рыспақ.