Бейсенбі және жұма күндері қоржынымыз тағы бірнеше жүлдемен толықты. Ауыр атлеттер сайысында 55 кило салмақтағы Арли Чонтейге тең келер ешкім табылмады. Әлем чемпионы қоссайыстың қорытындысы бойынша 253 (114+139) килоны еңсеріп, жеңіс тұғырының ең биік сатысына көтерілді. Командалық әріптесінің жеңісті жолын Зульфия Чиншанло жалғастырды. 59 кило салмақта сынға түскен Олимпия ойындарының қола жүлдегері, әлемнің үш дүркін чемпионы 220 (95+125) килолық зілтемірді тік көтеріп, алтыннан алқа тақты. Ал 61 кило салмақта өнер көрсеткен Өтепберген Әлиев қола медальды мойнына ілді.
Таеквондошылар тартысында 73 кило салмақтағы Жансел Дениз үшінші орынға табан тіреді. Азия ойындары мен Дүниежүзілік Универсиаданың күміс жүлдегері тек түркиялық Суде Узунчавдар мен ливандық Сельман Вардтан ғана қалып қойды. Тағы бір қола медальды Иорданияның өкілі Рама Або-Алруб еншіледі. Әйелдер күресінен өткен жарыста Елена Шалыгинаның (65 кило) асқан шеберлігіне тәнті болдық. 35 жастағы ардагер спортшы барлық қарсыласын қапы қалдырып, бас жүлдені олжалады. Грек-рим күресі шеберлерінің бәсекесінде Аманғали Бекболатов (55 кило) қола медальды иемденді.
Сенбі күні Қазақстан құрамасының қоржынына алғашқы жүлдені ауыр атлет Алексей Чуркин (73 кило) салды. Қоссайыста 315 (145+170) килоны еңсерген ол екінші сатыға жайғасты. Көп кешікпей Анадолы елінен тағы бір қуанышты хабар жетті. 50 метрлік қашықтыққа брасс әдісімен жүзуде Аделаида Пчелинцева алдына жан салмай, Түркия көгінде Қазақстанның әнұранын тағы бір мәрте шырқатты.
Жексенбі күнге дейінгі жағдайға зер салсақ, Қазақстан құрамасы 13 алтын, 9 күміс және 21 күміс медальмен жалпы есепте бесінші орында келеді. Барлығы – 43 жүлде. Алдымызда – Түркия (60 алтын+59 күміс+50 қола), Иран (27+23+23), Өзбекстан (20+17+26) және Әзербайжан (13+14+15) құрамалары. Естеріңізге сала кетейік, Ислам ынтымақтастығы ойындары 18 тамызда өз мәресіне жетеді.