Қазақстан құрамасы сапындағы ең мықты ойыншылар Александр Бублик пен Михаил Кукушкин екені сөзсіз. 25 жастағы Бублик бұл күндері әлемдік рейтингте 42 орынды иеленуде. Кукушкин қазіргі кезде небәрі 213 орынды қанағат тұтып отырғанымен, кезінде оның ТОП-40 теннисшінің қатарында болғанын жанкүйерлер ұмыта қойған жоқ. Сол себепті де 34 жастағы ардагерге артылар сенім зор. Бубликпен түйдей құрдас Дмитрий Попко да соңғы уақытта тәуір ойнап жүр. Бүгінгі таңда жерлесіміз 219 орынды еншілеген. Ал Андрей Голубев пен Александр Недовесов жұптық сайыста күш сынасады. Осы орайда былтыр Ролан Гаррос турнирінде Бубликпен жұп құрған Голубев финалға дейін жеткенін айта кетсек еш айыбы жоқ деп ойлаймыз.
D тобына түскен жерлестеріміз АҚШ, Ұлыбритания және Нидерланд құрамаларына қарсы ойнайды. Америкалықтар Дэвис кубогында 32 мәрте дара шығып, 28 рет финалда өнер көрсетті. Дәп қазіргі кезде аталған мемлекеттің 13 өрені ТОП-100 ойыншының қатарында. Олар – Тэйлор Фритц (13), Фрэнсис Тиафо (24), Рейлли Опелка (25), Томми Пол (31), Максим Кресси (32), Дженсон Бруксби (43), Джон Иснер (50), Себастьян Корда (52), Маркос Джирон (54), Брэндон Накашима (66), Маккензи Макдональд (72), Джеффри Вольф (82) және Денис Кудла (95). Осы саңлақтарды қандай дүбірлі дүрмекке қоссаңыздар да, сенім үдесіне шығу үшін еш аянып қалмасы анық.
Ұлыбритания аталған турнирде 10 мәрте топ жарып, сегіз рет финалдық сайыста есе жіберді. Бұл команданың үздігі – Кэмерон Норри. 27 жастағы Кэмерон ОАР-да туғанымен, біраз жыл Жаңа Зеландияның намысын қорғады. Кейіннен Тұманды Альбион еліне қоныс аударды. Биыл Уимблдонның жартылай финалына дейін жеткен Норри АТР тізімінде 10-орынды олжалауда. Әлемдік рейтингте 30 сатыға жайғасқан 32 жастағы Дэниел Эванстың да екпіні күшті. Десек те, британдықтардың басты жұлдызы – Энди Маррей екені даусыз. Кезінде Уимблдон мен US open турнирлерін ұтып, Ролан Гаррос пен Аустралияның ашық біріншілігінің финалында ойнаған ол сол шақта әлемнің бірінші ракеткасы атанған еді. Кейіннен жарақатына байланысты Маррей біраз уақыт үлкен спорттан қол үзіп қалды. 2021 жылы кортқа қайта оралған 35 жастағы теннисші бірте-бірте бабына еніп келеді. Бұл күндері Энди үздіктер тізімінде 47-орынды иемденуде. Сондай-ақ мықтылар санатында Джек Дрейпер сынды саңлақ бар. Ол АТР рейтингінде 55-орынға тұрақтады.
Нидерланд құрамасы ондай орасан зор табысымен мақтана алмайды. Олардың ең үздік нәтижесі – 2001 жылы Дэвис кубогының жартылай финалына шығуы. Қазіргі кездегі Қызғалдақтар елі өкілдері арасында Ботик Ван де Зандшульп пен Таллон Грикспурды бөле-жара атап өтуге болады. Екеуі де 26 жаста. Сонымен қатар бұған дейін көлеңкеде қалып жүрген Тим Ван Рийтховен де соңғы уақытта өз ойын өрнегін таба бастады. Ол АТР рейтингінде 120-орынға табан тіреп тұр.
– Біз кіл мықты жиналған өте күшті топқа түстік. Ұлыбританиялықтар өз жерінде ойнайды. Барша көрерменнің соларды қолдайтыны анық. АҚШ құрамасының атағы алысқа жайылған. Америкалықтар Дэвис кубогының басты фавориттері. Ал Нидерландпен 2019 және 2020 жылдары ойнағанбыз. Ол кездегі аталған елдің өрендері жас болатын. Қазір олар әбден ысылды. Сондықтан да Қызғалдақтар елі өкілдерімен санаспауға болмайды. Бірақ біз Глазго кортында еш аянбай айқасып, ширек финалға шығу үшін барынша күш саламыз, – дейді Қазақстан құрамасының капитаны Юрий Щукин.
Өзге топтарда мына командалар өзара күш сынасады: A тобы – Хорватия, Италия, Аргентина және Швеция. Бұл кездесулер Италияның Болонья қаласында өтеді. В тобы – Испания, Канада, Сербия және Оңтүстік Корея. Олар Пирней түбегіндегі ең әсем шаһарлардың бірі – Валенсияда шеберлік байқасады. С тобы – Франция, Германия, Бельгия және Аустралия. Бұл бәсекелер немістердің Гамбург қаласында ұйымдастырылады. Әр топта алғашқы екі орынды иеленген командалар Дэвис кубогының ширек финалына жолдама алады. Бұл межедегі бәсекелер үстіміздегі жылдың қараша айында Испанияның Малага қаласында өтеді.