08 Мамыр, 2014

Ленинград майданындағы қазақ газеті

1038 рет
көрсетілді
21 мин
оқу үшін
женис-70Жалынды жастық шағымыз жаумен арпаласудан басталды. Бұл күнде тоқсанның сеңгірінде тұрып өткен жолыма қараймын. Алыстағы қазақ ауылы... кішігірім мектеп... қарапайым шаруа баласы... ел басына күн туғанда, «ердің туы – намыс» деп, бәрін тастап, винтовкаға жармастық. Қуанарлығы да, мақтанарлығы да сол: еліңді, жеріңді, ерлікті әлемге таныттық. Бір білгір айтқан екен, «өмір деген өткен күндерің емес, есте қалған күндерің» деп. Менің алдымда жатқан сарғайған майдан дәптерінен есілген естеліктер осы қағиданы растайды. Ленин қаласы үшін болған жойқын соғыстар, ондағы қазақтардың ерлік істері бұл күндері ойға қайта оралып, мені аса толқытуда. Зымырап бара жатқан уақыт! Ленин­­град шайқасындағы Ұлы Жеңіске де 70 жыл толып қалыпты. Қазақтардың ерлігі туралы жазылған хабарларды, олардың газеттерге шыққан фотосуреттері көзі­ме түссе жазып қоятынмын. Бұл жаз­ба­ларда ойдан шығарылған немесе құрас­­тырылған оқиға жоқ, сұрапыл ұрыс­тардың көріністері қаз-қалпында. Қарапайым әрбір есім – бір хикая, бір ерлік, тек қана құрғақ фактілер емес. Кәне, үңіліп көрейікші. Мүмкін оқу­шы қауым аяулы адамын, атасын, жерлесін табар. Бәлен тірі немесе шәйт болды деудің де қажеті аз. Өлсе де өмірі өлмейтін ерлік бар. Олар лаулаған от сияқты, мәңгі сөнбейді. 2-1_Страница_21942 жылғы тамыздың соңғы күнде­рінің бірінде ротамыздың саяси жетекшісі, менің тікелей бастығым Краюшкин алдағы шептегі жауынгерлерді аралап жүріп, менің қасыма келіп тоқтады да, «сені дивизияның комиссары шақырып жатыр» дегені. Тез жиналып, төбенің арғы жағындағы штабқа бардым. Комис­сар біздің ротада болғандығын, сонда көргендігін айта келіп, майдан әскери кеңесінің ұйғаруымен орыстан басқа ұлт өкілдерінен саяси қызметкер даярлауды ойлап, Ленинградта әскери-саяси училище ашқанын, оған курсанттар қабылданғанын, біздің ұсынысымызбен сіз де солардың бірі екенін айтқалы шақырғанмын. Жақсы оқып, дивизияға тезірек оралуыңа тілектеспін, деп тұрып қолымды қысты. Екі ай оқып та қалғанбыз, қазан айының ортасында, Пушкин оққа ұшқан Черная речка жағасындағы ағаш үйлерді бұзып, қысқа отын дайындап жүр­генбіз. «Курсант Жұмағалиев училище бастығына тез жет!» дейді бізбен бірге жүрген командир. Жүрегімді қолыма алып жүгіріп келсем, училище бастығы полковой комиссар Мессманның қасында үш шпалды (аға батальон комиссары) кісі отыр. Екі үлкен бастық неге шақырды деп қобалжудамын. Екеуінің де қабақтары ашық, жайдары жүзбен отыруға рұқсат етті. Қызыл Армияның Жоғарғы саяси басқармасы Ленинград майданында қа­зақ тілінде газет шығаруды ұйғарды, соған керек қызметкерлер іріктелуде. Қа­лай әңгімелесейік, деді аға батальон комиссары. Құжаттарыңызбен таныстық. Жамбылдың «Ленинградцы, дети мои» деген өлеңін қазақша айтып бере аласың ба? Мен айтып бердім. «Қазақшасы орысша аудармадан да биік, екпінді болар», деп қойды комиссар. Қазақ жауынгерлері Жәкеңнің бұл өлеңін бәрі дерлік жатқа біледі, өлең біздің рухымызды көтеріп, атамыздың ақ батасы ретінде әрқашан есімізде жүреді, дедім. Сонымен майдандық «На страже Роди­ны» газетінің жанынан қазақ тілінде шығатын газетке қызметке алындым. Біз үшеу болдық –Түймебай Әшімбаев, Ақмұқан Сыздықбеков, үш кісіге газет шығару оңай шаруа емес. Оның үстіне әлі бастығымыз жоқ. 2-1_Страница_1Жаңа жыл қарсаңында бізге бас­тық болып аға политрук Абдолла Мада­лиев келді. 40-тан асқан, егде тартқан кісі. Алматы обкомының жауапты қыз­меткері, Ленинградтағы жоғары партия мектебінде оқып жүргенде соғыс басталған соң армияға алып, майданға аттандырғандардың бірі екен. Байыпты да салмақты адам. Бірақ газет шығару жайынан тіпті хабарсыз. Әбекең орысша түгіл, қазақша материалдарымызды қарап шығудан қашады. Алғашқы кезде көп мақалаларымыз орысшадан аударылатын. Тек қана Ақ­мұқан жазған жауынгерлердің ерлік хроникалары сол күйінде жарияланатын. Бірақ оны редакторға көрсету үшін Түймебай орысша аударып шығатын. Айта кетейін, Ақмұқан бұрын колхозда есепші болған. Соғыстың басынан майданда, ысылған жауынгер, мерген, қажырлы да ыждағатты. Алғы шепке баруды ұнататын. «Өзіне жеке берілген» оптикасы бар мергендік винтовкасын ала кететін. Алғашқы шеп алыс емес, ол көбінесе жаяу жүретін. Ақмұқан бармаған Ленинград түбіндегі әскери бөлімдер жоқ десек қателеспейміз. Ақжарқын, қа­рапайым Ақмұқан майдандағы қазақ жауынгерлерінің ерлігіне қуанатын, біздің ағайындар туралы командирлерден, комиссарлардан, басқа ұлт өкілдерінен жылы сөзден басқа естімегеніне мәз-мейрам болатын. «Көш жүре түзеледі» дегендей, 1943 жылдың ортасынан бастап, орысшадан аударып тек қана «официозды» басатын болдық. Қалған материалды өзіміз қазақша әзірлеп, бұрынғыдай орысшаға аударып машақаттанудан құтылдық. Майданның саяси басқармасының сені­міне ие болып, өзіміздің ой-пікіріміз бо­йынша жұмыс істеуге мүмкіндік ал­дық. Ал осының бәріне Түймебайдың еңбекқорлығы мен іскерлігі, жоғары лау­азымды адамдар алдында өз пікірлерін тайсалмай айтатын, білгірлігі себеп болғаны анық. Сөйтіп газетіміз, ең алдымен майдандағы қазақ жауынгерлерінің өмірін жан-жақты көрсетуге мүмкіндік алды, «Туған Қазақстанда» деген әдейі бөлім ашып, елдің хабарларын кеңірек бере бастадық, қазақ ақындарының өлеңдерін, «ән үйренейік» деген рубрика астында әр нөмірге халық әндерін бе­ру дағдыға айналды. Мұның бәрі га­зет­тің мазмұнын арттырып, оқырман­да­рымыздың көңілінен шығуға жол ашты. 943 жылдың көктемінде А.Мадалиев бізден кетті. Бізге бастық болып Карим Усманов деген майор келді. Соғыстан бұрын Саратовтағы Чернышевский атын­дағы университетті бітірген, Астра­хань облысының жігіті. Ұстамды, әскери істен әжептәуір тәжірибесі бар. Түсінісіп істей бастадық. Күзге қарай тағы бір жаңа қызметкер келді. Ол Асылхан Тұрғанов. Соғыстан бұрын Қазақстанның совхоздар министрлігінің жоспарлау-экономика басқармасы бастығының орынбасары болған. Біздің ішіміздегі балалы-барандымыз осы Асекең еді. Қостанай облысының тумасы. Сонымен бес кісі болып, көбейіп қал­дық. Ақмұқан мен Асылхан тілші, майданның алғы шебіне барып-келіп жүреді. Екеуі де есепші, әкелген материалдары жалаң, статистикаға бара-бар, олардың бәрін редакциялайтын Түймебай екеуміз. Әрине, соғыс көріністері, жауын­герлердің іс-қимылдары біркелкі ғой, дегенмен, Түймебай «жазып отырған кісілердің ішкі сырын, көңіл-күйін ашуға ұмтылмайсыңдар, әр адамның өзіне тән мінез-құлқына үңілмейсіңдер», деп отыратын. Редакцияның ішкі мехнаты екеуміздің мойнымызда. Дегенмен, Түй­мебай да, мен де анда-санда іссапарға шы­ғып, көлемді, мазмұнды мақалалар жаздық. 1943 жылдың көктемінде барлық газеттерде қазақ халқының майдандағы қазақ жауынгерлеріне хаты жарияланды. Біздің майданнан жауап хатты әзірлеуді саяси басқарма бізге тапсырыпты. Екі-үш күннен соң майданның әскери кеңесі қабылдаған хатымыз қолымызға тиді. Қарасақ, ешбір өзгеріссіз екен. Қуанып қалдық. Енді хатты майдандағы қазақ жауынгерлеріне өз тілінде оқып, олардың мақұлдап, қол қоюын ұйымдастыру үшін бәріміз алға шепке жол тарттық. Редакциямыз тұрған жерден алғы шеп 5-10 шақырым болатын. Елге хат жаз­ған ағайындарымыздың қуанышы қан­дай еді! Бәрінің көңілі көтеріңкі, жау­ды жеңіп, елге ораламыз деген ойдың құшағында. Ленинград майданындағы қазақ жауынгерлерінің қазақ халқына хаты Ленинградтың барлық газеттерінде, «Социалистік Қазақстан», «Казахстанская правда» газеттерінде жарияланды. Соғыс уақытында тоғыз майданда қа­зақ тілінде әскери газеттер шығып тұр­ды. Олардың басқаларын қайдам, біздің Ленинградтың «Отанды қорғауда» газетінде «Социалистік Қазақстан» газеті байыпты шолу беріп, өте жоғары бағалады. «Қаламының желі, сөздерінің уыты, ыстық лебізі бар Т.Әшімбаев, Б.Жұмағалиев, А.Сыздықбеков сияқты қызметкерлері бар» деп жазыпты. Көңі­ліміз көтеріліп, масайрап қалдық. Майданның әскери кеңесі де біздің еңбегімізді жоғары бағалады, үшеуміз де «Қызыл Жұлдыз» орденін алдық. согыс кезиндеги газет 1944 жылдың күзінде майданның саяси басқармасының шешімімен Түймебай Алматыға сапарға шықты. Бұл оның қажырлы еңбегін бағалап, елге барып келуіне берілген рұқсат еді. Газетіміздің барлық шыққан нөмірлерін жақсылап түптеп, Қазақстан Компартиясының екінші хатшысы Жұмабай Шаяхметовке, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі төралқасының төрағасы Әбдісәмет Қазақбаевқа, Қазақ КСР Халық комиссарлары кеңесінің төрағасы Нұртас Оңдасыновқа бір-бірден табыс етуді ұйғардық. Түймебай Алматыда алдымен Жұмекеңде болыпты. Ленинградтағы жағдайды, қазақ жауынгерлерінің ерлік істерін айтыпты. Хатшы жылы шыраймен қабылдап, Қазақстанның майданға керектің бәрін беріп жатқанын айтыпты, тапсырған газетіміздің түптемесін аздап ақтарыпты да, жақсы екен депті. Әбекең де жақсы қабылдапты. Қазақ халқының бір дәуірлеп тұрған кезі, жігіттеріміз намысына дақ түсірмей аса ерлікпен соғысуда, ал тылдағыларымыз қажырлы еңбектің үлгісін көрсетуде, халқымыздың одақтағы беделі бек жоға­рылап кетті, депті. Нұрекең де жылы шыраймен әңгіме дүкен құрыпты. Түймебайдың бір таңғалғаны, «қандай бұйымтайың бар» деп сұрапты Нұрекең. Ешқандай шаруамыз жоқ. Ленинградтағы қазақ жауынгерлерінің ыстық сәлемін алып келдім ғой, аға дейді Түймебай. «Дегенмен, құр қол жіберіп болмас, редакциядағы жолдастарыңа, келіп тұратын ағайындарға дәм беріп жіберемін, алып кетерсің». Нұрекеңнің сәлемдемесінен көп қазақ дәм татып, мәз-мейрам болды. Осы кезде редакциямызға тағы бір қызметкер келді. Ол лейтенант – А.Бақтыгереев. Әрине, бұл қызметкерді біз емес, майданның сая­си басқармасы таңдап алған, шынында, бізге оның керегі де аз еді, соғыс болса аяқталып келеді, жеңістің төбесі көріне бастады, қалыптасқан ұжымымыз бар. Қазекеме тән шынайы пікірмен «ой, бауырым» деп қошеметтеп жатырмыз. Газетіміздің беделі көтеріліп, өзіміз­дің де шығармашылық шабытымыз өсіп, жүріп жаттық. Жұмысымызға бас­тықтарымыз да дән риза. Соғыс та бітті. Жеңіске жетіп, төбеміз көкке көтеріліп, мәре-сәреміз. Газетіміз әлі шығып тұр. Алдымен Ақмұқан елге демалысқа кетті. Ақыраптың ортасында маған да демалыс берілді. Еліме барып, төрт жыл сағынышпен күткен анамды, ағайын-туыстарды көріп, қуаныш құшағында жүрдім. Тек қана елу жасында армияға алынып, ешбір хабарсыз кеткен әкемді ойлағанда көңіл күңгірттенетін. Псков-Новгород тоғайларының арасын­дағы сұранып соғысқа қатысқаны ғана белгілі. Демалыстан келген кеште редакцияда жалғыз А.Бақтыгереев қана отыр. Түймебай, Ақмұқан, Карим ол кезде пәтер алып, сонда тұратын. Редакция бөлмесінде Асылхан үшеуміз жататынбыз. Аманшылық сұрастырам, селқос жауап қайтарды. Ашып ештеңе айтпайды. Тынышсыздау ұйықтап, ертерек тұрып Ақмұқанға бардым. «Ой сұмдық болды ғой», деп күрсініп біраз отырып, Карим, Түймебай, Асылхан үшеуі тұтқында жатқанын айтты. Көзіне жаз іркіліп, тамағын керней береді. Мен есімнен танып қалдым. «Бұл қалай, не болды, айтсайшы», десем үндемеді. Сөй­тіп отырғанда, есік қағылды, таныс капитан Фельд кіріп келді де, Ақмұқанға «прой­демте со мной» дегені. Екеуі кете барды. Жаңағы капитан Фельд А.Бақтыгереев пайда болған соң редакциямызға келе беретін болды. Өзін майдан саяси басқар­масында істеймін деп таныстырды. Бұрын көрмеген бейтаныс, өте жылпос, иненің көзінен өтетіннің өзі. Бірде келгенінде қолында кішкене қара чемоданы бар-тын, «рұқсат болса тастап кетейін, ертең алармын» дегені есіме түсе кетті. Қазір ойлаймын, сөз жазатын аппарат шығар. Оның жансыз екенін енді аңғара бастадым. Ертеңіне Ақмұқан редакцияға келді. Өңі күңгірт тартқан, әншейінде ақжарқын батырым өзіне тығылып, үндемейді. Сұрау да ыңғайсыз, А.Бақтыгереев отыр. Ақмұқан кеткен соң А.Бақтыгереев «Отан­ды қорғауда» газетінің мен де­малыс­қа кеткенде шыққан бір нөмірін әдейі көрсетіп, «осы үшін» дегені. Газет­тің бірінші бетінде Саяси Бюроның мү­шесі А.Андреевке БК(б)П Орталық Комитетінің құттықтауы. Ол 50 жасқа толған екен. Бірден жүрегім суып қоя берді. «Андреев» аршынды әріптермен терілген. Екі әрпі ауысып кетіпті. Әрине, мақтанғаным емес, мен болсам мұндай техникалық қате кетпейтін еді. Газеттің бірінші нөмірінен барлық материалды өз қолымнан көшіріп (машинка жоқ), терілгеннен соң гранкадан оқып, түзетіп, газет беті қалыптасқаннан кейін тағы ұқыпты оқып, басуға қол қоятынмын. Менің айтарлықтай қырағылық тәжірибем бар-ды. Ойлаймын, бұл әдейі жасалған әрекет сияқты. Сол нөмірдің корректурасын оқыған А.Бақтыгереев екен. А.Андреевтің фамилиясының екі әр­пінің ауысып кетуі саяси қате, соны әдейі жіберген деген желеумен редактордың орынбасары Карим Усманов, жауапты секретары Түймебай Әшімбаев, тілші Асылхан Тұрғановты ұстап, түр­меге жапқан. Редакцияда «қазақ ұлт­­шылдарының ұйымы құрылған, оны басқарушысы үштік бар», соны әшке­релеу үшін А.Бақтыгереевті біздің іші­мізге енгізген, оның үстінен қарайтын капитан Фельд. Біз саяси қызметкер деп жүрген Фельд «үш әріптің» тергеушісі екен. Ол Ақмұқаннан екі рет жауап алған. Одан ешкімге ештеңе айтпайсың деп қолқат та түсіріп алған. Мені ешқайда шақырған жоқ. 1945 жылдың аяғында Ленинградта үш жыл шығып тұрған қазақ газеті жабылды. Арыстай үш жігітімізді әскери трибунал жеті жылға соттап жіберді. Мұқан екеуміз қала бердік. Соғыс бітті, қиындыққа белшеден батсақ та аман қалдық, елге барып, бақытты өмір сүреміз деп жүргенімізде осындай қайғыға тап болдық. Көп ұзамай Ақмұқан армиядан босап, Павлодарға кетті. Мен 1947 жылдың мамырында ғана елге оралдым. 1954 жылдың маусым айында Алматы­да іссапармен жүргем. Ол кезде мен Орал­да облыстық газеттің редакторы едім. Түс­те Калинин көшесімен келе жатсам, қарсы алдымнан Түймебай тап болды. Сенерімді-сенбесімді білмедім. Кәдімгі Түймебай, үстінде бұрынғы, ескі тартқан офицер френч, аяғында етік, жалаңбас. Мені құшақтай алды, көзімізге жас айналды. Қасымызда «Лето» деген кафе бар екен, соған барып, әңгімелестік. Бірталай лагерьлерде болып, әйтеуір Қазақстанға жеткеніме қуандым, дейді Түймебай. Лагерьдің азабына шыдай алмай, жадап-жүдеп жүріп, Карим мен Асылхан өліп қалыпты. Мен тірі қалдым, кескен мерзімін түгел өтеп шықтым. Алматыға келіп бір отын мекемесінде есепші болып жүрмін, Университетке сырттай оқу ойымда. – Қандай айып тақты? – Қандай болатын еді, осы қазақтар тым ұйымшыл болды, жұмыстарына да берік деп күндеушілер болған ба, қайдам. Бізді «ұлтшыл» деп айыптады, Қазақстанды, соғысып жүрген қазақтарды асыра мақтайсыңдар», деп жала жапты. Осының бәрін А.Бақтыгереевтің қолымен ұйымдастырған. Бәріміздің обалымызға қалған, жойқын соғыстан аман шыққан Карим мен Асылханның өмірін қыршыннан қиған сол пәлекеттің арам пиғылы. 1956 жылдың жазында Түймебайдан хат алдым. Ол кезде Фурманов аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы едім. «Жоғарғы сот маған жабылған айыптың жалған екендігін анықтап, біржолата ақтады. Енді партиялығымды қайтып алу үшін Кеңес Армиясы Жоғарғы сая­си басқармасының парткомиссиясына өтініш бергенмін, олар білетін кісілерден кепілдеме сұрайды, мені сенен артық білетін кім бар, қарықпасаң сұрайтын бұйымтайым сол». Мен Түймебайдың барлық жақсы жақтарын айтып кепілдеме жаздым. Аққа кір жұқпайды деген ғой, коммунистігін қай­тарып алып, қуанып жазған хаты да келді. Біздің азамат болып қалыптасуымызға Ленинградтың, оның аты әйгілі мәдени орталықтарының, әсіресе, аралас-құралас жүрген орыс журналистерінің, атақты ақын-жазушылар Николай Тихоновтың, Всеволод Вишневскийдің, Александр Прокофьевтің, Виссарион Саяновтың, Михаил Дудиннің шынайы ықыластары ерекше ықпал жасағанын айтатын едік. Ленинградта өткізген жылдардан алған рухани азық өмірімізге арқау болды. 1947 жылдан Ленинградқа жол түс­пеген. Көкшетауда істеп жүргенде бір күні ашық хат келгені. «Мүмкін сіз басқа Жұмағалиев боларсыз, онда кешіріңіз. Маған керек Бисен Жұмағалиев, Ленин­град майданында шығып тұрған қазақ газетінің қызметкері. М.И.Гордон». Біз­дің редакторымыздың қолтаңбасы, көзіме оттай ұшырады. Хат жібердім. Максим Ильич көптен бізді іздейді екен. Ленинградқа Қазақстаннан барған бір орыс журналисіне кездейсоқ тап болып, әңгіме арасында бізді сұрапты. Әлгі журналист «Жұмағалиев Көкшетау обкомында істейді, мүмкін сол болар дейді». Осылай қартайған шағында бізді тапты. «Невский,2» деген кітап шығарды, онда Түймебай, Ақмұқан үшеуміз туралы біраз жылы сөздер айтылған. 1975 жылы жол түсіп Ленинградқа бардым. Гордонмен көп әңгімелестік. Соғыс біткен соң оның тағдыры да өкінішке толы болыпты. 1951 жылы атышулы «Ленинград ісі» пайда болды. Соғыс біткесін өткізілген жәрмеңкеде көптеген ысырапшылық болды деген желеумен кезінде Ленинградтың басшылары болған КСРО Министрлер кеңесі төрағасының бірінші орынбасары А.Вознесенскийді, КОКП Орталық комитетінің хатшысы А.Кузнецовты, Ленинград обкомының бірінші хатшысы П.Попковты атып жіберді. Олардың сыбайластары деп көп адам ұсталды. А.Кузнецовқа жақын жау деп «На страже Родины» газетінің редакторы полковник М.И.Гордон сегіз жылға сотталып, Қарағандыда шахтада істепті. Қазақ газетінің қызметкерлерінің беделі жоғары болды, сіздердің ұйым­шылдығыңыз, ауызбірлігіңіз, іскерлігіңіз, қашанда көңілді жүретіндеріңізге қызыға қарайтынбыз, деді М.И.Гордон. Басынан өткізген қиыншылыққа мойымай, Түймебай университет бітіріп, екі диссер­тация қорғап, экономика ғылымдарының докторы, академик дәрежесіне ие бол­ғанына өте қуандым. Ол жасынан алғыр, терең ойдың адамы еді. Ең жасы, сенде әжептәуір өсіпсің, обком хатшысына дейін көтеріліпсің, кеудеңе бірталай орден тағыпсың. Ал Ақмұқан да беделді болыпты, көп жыл үлкен совхоз парткомын басқарған көрінеді. Мен өз шәкірттерімнің осындай ірі де жауапты лауазымға ие болғанын мақтан етемін. Өмір жолдарың дұрыс болған, деді. Бисен ЖҰМАҒАЛИЕВ, Ұлы Отан соғысының ардагері,  Қазақстанның құрметті журналисі. Батыс Қазақстан облысы. Суреттерде: Б.Жұма­ғалиев кеше (1943 ж.) және бүгін (2014 ж).