08 Мамыр, 2014

Кісінің кісілігі түсінігінен көрінеді

1008 рет
көрсетілді
22 мин
оқу үшін
Ербол-1Жарық дүниедегі елу тоғыз жылға да жетпеген ғұмырында Ербол Шаймерденұлы артына мол мұра қалдырды. Қазақ және орыс тілдерінде жазылған баяндамалары мен ресми сөздерін, өзі міндетті түрде қолымен жазып беретін сұхбаттары мен мақалаларын, көсемсөздерін былай қойғанда, ол екі кітапқа топтаған көптеген өлеңдер мен үш поэманың авторы да болатын. Ал енді ол жинақтаған, аударған афоризмдер 5-6 кітапқа молынан жеткен. Сонымен бірге, афористиканың теориялық мәселелерін жан-жақты зерделеп, бағзы замандардан бүгінге дейінгі қазақ бағландары мен билерінің, ақындары мен жазушыларының аз сөзбен көп ойды жеткізген даналықтарын кітап етіп шығарды. Афоризм жанрын зерттеп, белгілі тұлғалардың афоризмдерін әзірлеу барысында Ербол Шаймерденұлы өзі де қанатты сөздердің талайын артында қалдырыпты. Солардың бірқатары автордың архивінен табылған болатын. Ортамызда жүргенде алпыс дейтін аға жасының табалдырығынан аттайтын досымыздың жан жары Күләш Шаймерденова баспаға әзірлеген еңбегін өзі кезінде жұмыс істеген, арнайы айдар ашып, жүйелі жүргізген «Егемен Қазақстан» газетіне ұсынуды жөн көрдік. Жақсының жаны – шырақ. * * * Тіршіліктің қаны – мейірім. * * * Дүниеге келгенің де далбаса – артыңда із, артыңда іс қалмаса. * * * Әрекетсіз ой – қанатсыз құс тәрізді. * * * Ойға жалғыздық жарасса, сезімге серік тұмар. * * * Бақытты екендігіңді шың басына шығып алғаннан гөрі, шың басына көтеріліп келе жатқанда тереңірек сезінесің. Бақыт деген – көмбе емес, бақыт деген – жол. Бақыт деген – жүлде емес, бақыт деген – процесс. * * * – Жол маңына неге үйір ел осы? – Жетіп қалу мақсат қой бекетіне келесі. – Қайда барып бітеді екен жол осы? – Өтіріктен болған кезде өлесі. * * * Дүниеге мейіріммен қарасаң, дүние де саған мейірімін төгеді. * * * Әркім – өз әлемінің кіндігі * * * Әйгілінің бәрі – ұлы, ұлының бәрі әйгілі бола бермейді. * * * Сау жүрек пен салауатты басшының «мені» білінбейді. * * * Айтқаның – аз, ұққанын айт! * * * Жалғыздықтан қорыққан адам не то­быр­ға барып қосылады, не жүйке ауруы­на ұшырайды. * * * Жақыныңның жанын жегенше, адам болудың қамын же. * * * Өзіңді өгейсіткен (өзің өгей­сіреген) ортада өмір сүруден асқан қасірет жоқ: күнің солумен бірдей. * * * Қозғалмасаң қозғалма, Назаланба озғанға. * * * Атағы зор – асқақ шың, Атағы жоқ – баспақшыл. * * * Өзіңді өзің қамшыламасаң, Өзгеден бұрын жан шығарарсың. * * * Жаманның аты – жортақшыл, Оза алмаған – ортақшыл. * * * Иіле білген ие де біледі, Күйе білген сүйе де біледі. * * * Ардан арылып, ақшаға жалынған жаңа ғасырдың еркіндігі қай кін­дік­ке байланар екен, шіркін?! * * * Қара күш пен интеллектуалдық күштің айырмашылығы: бірі – оз­быр­лықка, бірі – ақылға (білімге) негіз­делген. * * * Шамадан тыс әрекетшілдік шамадан тыс шамшылдық туғызады. * * * Астамшылықтың астарында асқан шылық жүреді. * * * Әрекетсіздік дегеніміз – жақ­сы­лық біт­кенді жөргегінде тұн­шық­тырушы. * * * Жалпиып отыру бар, шалжиып отыру бар – екеуі де астамшылық пен көр­ген­сіздіктің белгісі. Сенім­ді­ліктің емес. * * * Күн – көкте, пенде – жерде. Әлім­сақтан солай жаратылған. Қанша қызғансаң да, күн бола алмайсың. * * * Біреудің қатесін кешіру – өзіңді өзің өсіру. * * * Қиналғанды қысылған құтқарады. * * * Көңіл кірі – тұзақ, Достық жыры – ұзақ. * * * Адам білмейді, заман біледі. * * * Заңына қарай заманы, Айласына қарай амалы. * * * Жақсыны жақсы жақсы көрсе жақ­сы. * * * Көріну үшін көрініп қалғанды көрге тығу керек пе? * * * Жолы болғанның қолы жүреді. * * * Кісі еңбегімен күн көруден асқан кі­сә­пір­лік жоқ. * * * Алсаң – бер: берсең – аласың. * * * «Абылайлап» атқа қону – бір басқа, Абы­лайша жау қайтару – бір басқа. * * * Айғай-шу біткеннің арты қуыс келеді. * * * Әлсізге әйелі де жау. * * * Жолым болсын десең – жолыңнан қалма. Қиянат бас алар, бас алмаса жас алар. * * * Күле білген, кемімей жүре біледі. * * * Жақсыға жамандық жасағанның жамандық жағасынан алар. * * * Әділдік барына сенбесең де, әді­лет барына сен * * * Бір ұрпақ бір ұрпақтан артық та емес, кем де емес. Тек замандары бөлек, тағдырлары әрқилы. Осыны ескермегенде, жаратылыстануда «мутация» деп аталатын берекесіздікке, қоғамда (тарихта) әлеуметтік опасыздыққа жол беріледі. * * * Бірдің аруағы басым ба, мыңның аруағы басым ба – ол бір тәңірге аян. * * * Кешегінің көшелісін бүгінгінің көшесінде сақалынан сүйреп жүрген сүреңсіздіктен сақтасын * * * Адам ғана емес, қоғам да мейірімді болуы керек. * * * Мен – мемлекетшілмін! Бұл – мемлекет мүддесін адам мүддесінен, ұлт мүддесінен жоғары қою жағындамын деген сөз емес. * * * Жалғандық – ар саудалаумен жан сау­ғалау тәсілі. * * * Күшті – күштінің құлы. * * * Бәлсінудің өзі – саясат. * * * Өзгені ойлаймын деп, өзіңді байлайтын да кездер болады. * * * Жүрегі тоқтамағанның қолы қал­тырайды. * * * Күнің түссе басқаға – кіріптарсың тасқа да. * * * Жақсы баланың ұл-қызы болмай­ды. * * * Тәнің ауырса – дәрің сеп, Жаның ауырса – жарың сеп. * * * Сенің қалауың жұрттың бәрінің қалауы бола бере ме?! * * * Өмір өңештен ғана тұрмайды. * * * Жағамын деп сен кімге, Бастың сонша елпілге. Тартады көң қалпына, Желпілдеме, желкілде. * * * «Анау – анық, бұл – бекер», Деудің өзі – құр бекер. * * * Садақ тартпай, мылтық атпай, мерген атанып жүргендер де бар ғой. * * * Бәріне құшақ жетпейді, бұйырған қашып кетпейді. * * * Ерте піспе, көзге түспе. * * * Өнерсіз көрік – піспеген өрік. * * * Жақсының жаны – жақсы достарда. * * * Көзге түсе берме – көз тиеді. * * * Ақылсыздың ашуы қатты. * * * Тәңірдің өзі қамшымен емес, тамшымен қинайды. * * * Сырты нәлсіздің іші де нәрлі болып жарытпайды. * * * Есеп шешкеннен, өсек шешкен қиын. * * * Өсектің төсегі – өтірік. * * * Адам – ұрықтан, адамзат – рухтан. * * * Білмейтіндігінің өзін бұлдай білетіндер болады. * * * Білместік өнер болмағанымен, білмегеніңді білдірмеу – өнер. * * * Бүгінгінің ұраны: білігіңнен ілігің мықты болсын. * * * Ащы шындық: Аңысын аңдаған алысқа барады, Еңбегін жалдаған қалыста қалады. * * * Жұлдызды жерден сөндірмейтіні қандай жақсы. * * * Қазіргі кейбіреулердің «сыртқы саясаты» – жүзге бөлгеннің жүзі күйсінге, «ішкі саясаты» – қанына тартпағанның қары сынсынға саяды. * * * Қалтарысы көп мінез қалтасы көп әмиян секілді, ұтысқа көп шығасың. * * * Айсыз-күнсіз аспан ай мен күн болғысы келген алаяқтарға, ай мен күн жасағыш алыпсатарлар мен жұлдыз жаққыш жылпостарға қолайлы. * * * Күнсіз көк те күлтөбеге айналады. * * * Айлы түн де біреуге – арман, біреуге – қарғыс: ғашықтар ұтады, ұрлықшылар ұтылады. * * * Кейде көз арбалғанға көңіл де алданады. * * * Көзбояушылық мінез құрылы­сын­дағы ар­занқол материал бол­ғанымен, кей­бі­реулер үшін нағыз табыстың көзі. * * * Тіл табысқыш адам да желім тә­різді: жабысқан жерінен айырыл­майды және кәдеге аспайтын кезі жоқ. * * * Жайлы адам – майлы қасық: қайда салсаң да, керегін алады. * * * Өзіңдікін өзіңдікі дегенде өзге біреу­лердің шамына тиіп, шабына шоқ байлайтыны несі екен? * * * Бұл – көзден көзілдірік озған заман. * * * Талантты тірісінде тентіретіп, өлген соң өбектеу кімге пайдалы екен? * * * Тіріде есепте жоқ талант өлген соң кезектен тыс тіркеледі. * * * Қылығы көптің былығы көп. * * * Таланттың табытының тасасында гүлдейтін аты жоқ алапес гүлдер болады. * * * Қазір кітап шығаруда жазушының шеберлігінен гөрі, қисапшының қарекеті өтімдірек. * * * Ғылымдағы жолбике жазушы мен жур­налистің нағыз ғалымнан бір «артық­шылығы» – бір асап, екі жейді: жазғаны үшін әрі ғылыми атақ, әрі әдеби сыйлық алады. * * * Көңілге қаяу салмай бет қай­та­рудан өт­кен өнерпаздық бола қояр ма екен?! * * * О, тоба! Сырқат та сыйлық алуға жол ашатын аргументтердің бірі көрінеді. * * * Билік жүйрік машина тәрізді: бір мінген соң түскің де келмейді, түсе де алмайсың. Құласаң – құрығаның. * * * Мұхтар – аңыз, Ғабит – әлі аңызға айналып үлгермеген ақиқат. * * * Мұқаң – шың, Ғабең – айсберг. * * * Шерхан – шарт-шұрт етіп жар­қыл­даған найзағай да, Әбіш – ағыл-тегіл төгілген ақ жаңбыр. * * * Жаңбыр тілеген жұрт найза­ғайдың шартылына да риза. * * * Шәкірт тәрбиелегеннен гөрі ойын-сауық ұйымдастырған көп жеңіл, әрине. * * * Замана сипаты: әкім орнында әнші би, теңіз орнында тамшы би. * * * Есек те есепсіз бақырмайды. * * * Тау қопарған күрек те топырақ астында шіриді. * * * Талантты алаяқ талайды қан қақ­са­тады. * * * Алаяқтың алпыс екі айласы бар. * * * Сотталған сотқа сот жоқ. * * * Аузыңды ашсаң да, көзіңді қыссаң да бірдеңе алғың келгені ғой: бірақ біріншісінен гөрі екіншісі өтімділеу. * * * Әлсіз биліктің ескегі ожар келеді. * * * Үміт құсын да атып түсіруге болады. * * * Таң қалды деп таңданба, Тамаша аз ба жалғанда. * * * Сен білгенді ел де біледі. * * * Сүрінбесіңе сенімді болсаң ғана секір. * * * Аяқасты болғың келмесе – ая­ғың­ды жиып отыр. * * * Айтарың аз болса да, астары қанық, терең болсын. * * * Құмартқанды құрықтау жеңіл. * * * Достық ойлағанға қастық ойлама. * * * Көңіліңе келсе де, жүрекке жі­берме. * * * Басқаныкін басқа жоқтамас. * * * Бастай алмасаң – қостай біл. * * * Өзің болмағанды біреу болдырып жарытпайды. * * * Күлместі күлдірем деп әуре болма. * * * Басыңа шығып кеткенді құла­масаң құлата алмайсың. * * * Өліара – өлі мен тірінің арасы. * * * Күші асқанмен алыспа – аяғың аспаннан келер. * * * Күштіге қоқан-лоққы өтпейді. * * * Жүйрік болсаң, озып көр! * * * Ескі ертеңге бармайды, жаңа жолда қалмайды. * * * Пайдаланылмаған мүмкіндік­тер­дің бәрі өкініш: өзегіңді өртейді. * * * Билікте бәрі оңай: ұнау да, құлау да. * * * Көзқарас – көру ғана, қозғау үшін күш керек. * * * Жүйрікке жер жақын. * * * Кейде қулық та сулыққа жарамайды. * * * Алқа топта айтқаның – ашу-кектің қайтқаны. * * * Көз тимесін десең, көзге түспей-ақ қой. * * * Бақыт – кұс: үркітсең де ұшады, үркітпесең де ұшады. Қалмайын десең қанатында отыр. * * * Барын бағалай білмегенге бақ та қонбайды. * * * Өз көңіліңді өзің көтер: өзгеге оның қажеті шамалы. * * * Менмен болғанша, елмен бол. * * * Кемшілікке кеңшілік – кердің ісі. * * * Қулыққа қулық – қу ісі, Өнеріңмен озу – дұрысы. * * * Сатады – сатып алады... Неткен құнсыз тірлік! * * * Өңірі – бояу, өзегі – өтірік. * * * Билікке біреу өз аяғымен, біреу біреудің таяғымен шығады. * * * Будан су сорғалатқандай, сулықтан сыйлық жасайтындар болады екен. * * * Итше абалаған иіс алмастар иесінің маңдайы тасқа тиген күні ғана есін жия­тын шығар... * * * Іші сары, сырты көк құбыжыққа ұқсай­тын бір пенделер болады. Іші қыз­­ға­ныш­­тың өті құйылып сарғайса, сырты ішкі мерездің табынан көгерген тәрізді. * * * Қиянатқа күйлегендер тозақта билегендер тәрізді әсер қалдырады. * * * Есерге есе жіберме, Тұяқ қалмас тігерге. * * * Әпербақан, әңгүдік, Таққа отырар таң қылып. Екі көзді төрт қылар, Жұртты есінен тандырып. * * * Қиянат қиялап келеді, ашықтан емес, жабықтан енеді. * * * Қиянатты да қолын жылы суға мал­ғандай қызықтап отырғандар бар. * * * Қолы ашықтың жолы ашық. * * * Ақыл ақшаның өлшемі бола алмайды, ал ақша ақылға өлшем бола алады: қазір ақшасы көптің ақылы да көп деп саналады. * * * Кейбір сүйісулер сиырдың күйіс қайыр­ғаны сияқты. * * * Құлақ керең болса, ауыз ашылады. * * * Шамшылға шаң жұқпайды. * * * Коммунистерден жұқтырған аса бір ұят әдет: еркек-әйел, бала-шаға демей жаппай жабысып, бір-бірінің ерінінен сүю. * * * Шамдану мен шамырқану – екі басқа. * * * Үркек те үркіте алады, Қорқақ та қорқыта алады. * * * Айызын қандырып айта алғанға не жетсін, Қойны-қонышын толтырып қайтар­ғанға не жетсін. * * * Алдағанның алданғаны да сауап: ен­дігәрі жайына жүреді. * * * Кейде ешкім алдамай-ақ ал­да­насың. * * * Өсек – өзгенің тұтатқан шаласы, өтірік – өзіңнің жаққан отың: бірақ екеуі де бірдей күйдіреді. * * * Талқан болған қалқан болмайды. * * * Кері кеткеннің күймесіне отыр­ғанша, шыңға шырқағанның шанасына отыр. * * * Қасқайып жеке-дара озу – жүй­рік­тің жүй­рігінің ғана пешенесіне жа­зылған ба­қыт, көп болып қау­малап ұту кез келген қу­лық-сұмдығы асқанның қолынан келетін іс. * * * Алаяқтардың ауылдастары таусылып, жымысқылардың жолдас-жоралары біткенше, төрдегілердің туған-туысқандары түгенделгенше бүйрегің бүлкілдемей-ақ қойсын, бауырым. * * * Сырғанағанның ізі білінбейді. * * * Құлаққа арнасаң – сылдырлатып, сыңғыр­латып сан әуезді сақ сөй­легейсің, жүрекке арнасаң – күм­бірлетіп, қоюлатып ақ сөйлегейсің. Ал сөзіңді құлаққа да, жүрекке де арнасаң – қалай сөйлей алсаң, солай сөйлей бер. * * * Әділдікті әркім өз көрпесіндей көреді. * * * Адал алғанша ғана адал * * * Біреуді – аяғы, біреуді – біреудің таяғы көтереді. * * * Көсем орнына көсеу билік құр­ғаннан сақтасын. * * * «Америка мүддесі» деген ерте­гі­дегі «ұш­қыш кілем» немесе «си­қыр­лы таяқ­ша» тәрізді: құпия сөзді сыбырласаң болды, кесе-көлденең тұра қалады. * * * Көштен із қалар, ұстадан біз қалар. * * * Кейінгі ақыл – кеш ақыл. * * * Қуат – құт, сезім – сүт. * * * Иілгенге – түйінген, Сүйінгенге – күйінген. * * * Орындығың барда орның бар. * * * Тойға да бедел шақырады. * * * Бедел буған бел бекем. * * * Есікті бесікпен ауыстыру – адасудың белгісі. * * * Есік – көп, төр – біреу. * * * Кіжінген кісілікке жатпайды. * * * Жерді сатсаң да, елді сатпа. * * * Мерейтой мешелді де аяғынан тік тұрғызады. * * * Талантты адам өзін-өзі мақтаған кезде де талантты. * * * Мақтау ішіңді жылытатын ыстық шай тәрізді. * * * Бүгінгілердің білген сайын бүліне түсе­тіні не екен? * * * Ой көп сөйлесе өз көзін өзі ояды. * * * Ойдың көп сөйлегені өлгені. * * * Саясатшы адамдықты ұмыт­қанының орнын адамдардың есімін есте тұту қабілетімен толтырады. * * * Қызметіміз барда іні болдық, қызмет­тен түс­кен күні қаймана көп қазақтың бірі бол­дық. * * * Мөлигеннен елжірегеннің еншісі артық. * * * Қазір кісі болғысы келгеннің кісі бол­ған­мен ісі болмайтын әдеті. * * * Жалғыздық – жанынан түңіл­гендер ға­на не­месе жүрегінің алау отына сеніп, бі­легі тү­рілгендер ғана баратын қараңғы қуыс. * * * Анау-анау дегенге аузың ашыла берсе, жасыңа жетпей жағың айырылар. * * * Ханның қайғысы – бір басқа, қара­ның қайғысы – бір басқа. * * * Әкесі болған баланың бойында жоқ таланты да ашыла береді. * * * Күйеуі көкте жүргеннің әйелі де жерге сыймайды. * * * «Басқару» мен «баюдың» бас­тапқы әріп­тері ғана емес, бастапқы мағыналары да бір болса керек. * * * Жанға сенбеген санға сенеді. * * * Шабыттануға да шаршы топ керек болғаны ма? * * * Қазір қоғам – жекешелікке, талант – ұжымшылдыққа бет бұрған заман. * * * Жақсыны жақсы дегізетін жақ­сылығы ғана емес, жоқшысы да. * * * Қазір өнердегі тұшынудың да дәмі кетіп бара жатыр. * * * Талант – тұшыну, парасат – түсіну. * * * Талғам? Талғам әдіре қалған! * * * Ілгегің бар, ілгенің жоқ. * * * Шағынғаны шаққаны болар, Табынғаны тапқаны болар. * * * Қаша берме, тоса бер. * * * Атқаның – алғаның, Жатқаның – қалғаның. * * * Есе берме, кеше бер. * * * Еспесең – кешпейсің, Бөспесең – өспейсің. * * * Ұмтылған ұтады, Жұтынған жұтады. * * * Жылан-жылан дегенге, Жиырыла берме елеңдеп. * * * Бүгін бар, ертең жоқ, бүгін аш, ертең тоқ дүние! * * * Үзілгеннен тізілген. * * * Сөздің сиқы: «Нағыз ұлылар біздің ауылдан ғана шығатыны белгілі. Бұл – ақиқат. Бірақ басқа ауылдан да ара-тұра тәуір кісілер шығып қалуы ғажап емес. Оларды да алаламай, құрмет көрсетіп жатсақ артық болмайды деп ойлаймын. Жүзге бөлгеннің жүзі күйсін, ағайын!». * * * Кісінің кісілігі түсінігінен көрінеді. * * * Теңге тазға шаш өсірер. * * * Қария: қызға күйеу болар, бізге сүйеу боларын айт. * * * Қазанның құлағында отыру бар, аттың құлағында ойнау бар: бірі – билік, бірі – өнер. * * * Қалай өтірік айтпайсың, шыныңа ешкім сенбесе! * * * Сұсыңмен емес, ісіңмен қорқыт. * * * Қадірің барда қысылмайсың. * * * Төменшіктеп жүріп-ақ төбеңе шығып алатындар болады. * * * Өлмегенге көрмеген таң.