Аймақтар • 15 Тамыз, 2022

Мал басы өссе, олжа көбейеді

169 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Алматы облысында өндіріс пен агроөнеркәсіп кешені қатар дамып келе жатыр десек артық айтпаспыз. Әсіресе, ауыл шаруашылығы саласындағы өнім өндіру көлемінде ілгерілеушілік бар. Бұл бағытта биыл 670 млрд теңгенің өнімін өндіру міндеті тұр.

Мал басы өссе, олжа көбейеді

Ал жылдың өткен алты айы­ның қорытындысына қарағанда, аймақтың аграрлары 179,2 млрд теңгенің өнімін дайындаған. Яғни салыстырмалы түрде алған­да саладағы табыс арғы жыл­дың тиісті кезеңіне қарағанда 3,6 пайызға артып отыр. Сондай-ақ жыл басынан бері облыстағы ірі қара малының басы 4,8 пайыз­ға өскен екен. Қазір аймақ шаруа­ларының қорасында 776,6 мың бас мал бар. Оның ішінде жылқы саны 251,1 мың бас болса, түйе түлігі 7,4 мың бас болыпты. Ал тізімге енген қой мен ешкінің саны 2 млн 988 мың басқа жетті.

Мал басы көбейген сайын­ одан алынатын өнімнің де үле­­сі артатыны белгілі. Яғни есеп бо­йынша жарты жылда тірі сал­­мақта өндірілген еттің кө­лемі 131,6 мың тонна болып, бұр­на­ғымен салыстырғанда 2,4 пайызға көбейген. Сол сияқты агроөнеркәсіп бағытындағы сүт өндірісі 255 мың тоннаны, ал жұмыртқа дайындау 275,8 млн данаға жетіп отыр.

Жалпы, қазір төрт түлік мал­­дың дені жеке адамдардың қо­лында. Жұрт мал өсірудің табысы көл-көсір болатынын баяғыда-ақ ұғынған. Соның нәтижесінде қорадағы ірі қара мен уақ малдың басы жыл сайын көбейіп отыр. Дерекке қарасақ, Алматы облысында ірі қараның 49,4 пайызы, қой мен ешкінің 36,5 пайызы, жылқының 45 пайызы, түйенің 0,07 пайызы және құстың 0,07 пайызы жеке адамдардың қо­лын­да шоғырланған екен. Ал тұр­ғындар өткен алты айда жалпы өндірілген ауылшаруашылық өнімдерінің артуына кәдімгідей үлес қосыпты. Яғни ауыл адамдары нарыққа шығарылған еттің 34,8 пайызын, сүттің 67 пайызын және жұмыртқаның 15 пайызын қамтамасыз еткен.

– Жеке адамдардың қолын­дағы малдың өнімділігін және өнім сапасын арттыру үшін тұқы­мын асылдандыру жұмысын, жайылымдық жермен қамтылуын және төмен бағада мал азығымен қамтудың маңызы зор. Біздің қазіргі жұмыс бағытымыз осы міндетке сай өрбуде. Бүгінде облыс көлемінде ірі қараның аналығын асылдандырудың жалпы үлесі 29,7 пайызға қамтылды. Атап айтқанда, осы бағдарлама бойынша Балқаш ауданында – 22 пайыз, Ұйғыр ауданында – 12 пайыз,Талғар ауданында – 23 пайыз, Райымбек ауданы – 17 пайыз және Қонаев қаласында 6 пайыз шамасында болып отыр, – дейді облыстық ауыл шаруа­шылығы басқармасының басшысы Дастан Құдабаев.

Агроөнеркәсіп кешеніндегі маңызды бағыттың бірі – мал бор­дақылау алаңдарының кө­беюі. Бұл тараптағы істе де ілге­рі­леушілік бар. Бүгінде облыс­та қуат­тылығы 50,1 мың басқа ар­налған 54 ірі қара бордақылайтын арнайы алаң жұмыс істейді. Биыл қуаттылығы 1,6 мың басқа арналған 2 ірі қара бордақылау алаңы іске қосылды. Бұл қатарда Еңбекшіқазақ ауданындағы «Исаев» шаруа қожалығының 100 басқа арналған алаңы мен «Агро Балтабай» серіктестігінің 1 500 басқа арналған бордақылау орнын айтуға болады. Одан бөлек, жыл соңына дейін қуаттылығы 1,7 мың басқа арналған 3 ірі қара мал бордақылау алаңы іске қосылады деп жоспарлануда.

Тағы бір міндет – тауарлы­сүт фермасының санын көбейту. Қазір облыста қуаттылығы 20,4 мың бас болатын 54 тауарлы-сүт фермасы бар. Олар бүгінде 75 пайыз сүт өндіруде. Жақында қуаттылығы 400 бас болатын тағы бір тауарлы-сүт фермасы іске қосылды. Ал жыл соңына дейін қуаттылығы 1 мың басқа арналған және бір тауарлы-сүт фермасының өндірісін кеңейту жұмысы аяқталмақ.

Әрине, мал басын көбейткен өңірде қыстың қамын да ерте бастан ойлау керек. Биыл өңірде мал азығын дайындау жұмысы ширақ жүріп жатыр. Мамыр айының соңынан басталған шөп шабу жұмысы нәтижелі. Биылғы жоспар бойынша 1,7 млн тонна азық жиналуға тиіс. Оның ішін­де құрғақ шөп 1 524,4 мың тон­на, сабан 191,5 мың тонна және 671,3 мың тонна шырын­ды азық дайындалуы керек. Қазір диқан мен шаруа бұл ме­жені орындауға шақ қалды. Міне, көп­жылдық дақылдардың бірінші орағы аяқталып, екінші орақ жұ­мыстары да басталды. Дерек бо­йынша 827,7 мың тонна шөп, 53,3 мың тонна пішендеме, 45,7 мың тонна сабан жиналып, 22,6 мың тонна жем азығы дайындалыпты.

– Өткен жартыжылдықтың қорытындысы бойынша облыста ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі 3,6 пайызға өсіп, 179,2 млрд теңгені құрады. Бұл – республикада екінші көрсеткіш. Ал агроөнеркәсіп кешенін қолдауға 34,4 млрд теңге бюджет қаражаты бағытталды. Бұл қаржының ішінде 31 млрд теңге субсидия бар. Нәтижесінде, ауыл шаруашылығы дақылдарының егіс алаңы өткен жылмен салыстырғанда 1,7 мың гектарға ұлғайып, 459 мың гектарға жетті. Бұл дегеніңіз жем-шөп қорын молайтуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ жайылым мәселесі де оң шешімін тауып келеді, – деді Д.Құдабаев.

Жайылым демекші, бүгінде облыс бойынша 461,7 мың гектар жайылымдық жер белгіленген. Бірақ бұл қажетті алқаптың 29,6 пайызы ғана. Ал ел-жұрттың жазғы маусымда еркін мал жаюы үшін 1 559,1 мың гектар жер керек. Есепке жүгінсек, аймақтағы жайылыммен ең аз қам­тамасыз етілген Қарасай ­ауданы. Бұл жақта 5,9 мың гектар ғана жайылым бар немесе мал өсірушілердің 3,7 пайызы ғана қамтылған. Жалпы, Алма­ты сияқты алып мегаполис­тің маңындағы аудандарда жайы­лым мәселесі өте күрделі. Қазір Талғар ауданындағы жайы­лым­дық жердің үлесі 2,7 мың гектар болса, Жамбыл ауданында 43,2 мың гектар және Іле ауданында 10 мың гектар шамасын­да ғана болып отыр. Сондай-ақ облыс бойынша 1,3 млн гектар пайда­ланылмайтын ауыл ша­руа­шылығы жері анықтал­ған болатын. Оның 1,2 млн гектары немесе 89,6 пайызы қажетті мақсатқа пайдалануға берілді. Ал 27,5 мың гектар жер мемлекеттік меншікке қайтарылыпты.

 

Алматы облысы