Әдебиет • 15 Тамыз, 2022

Шираз бұлбұлы

280 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Аударма өлеңді оқу – жасанды гүлді иіскегенмен бірдей. Аударылған жыр түпнұсқадағы телегей сезімді толық сақтап тұра алмайды. Бірақ кейбір тәржіманы оқығанда, автордың өзімен жолыққандай адуын көңіл күйді бастан кешесіз. Әбірәш Жәмішевтің Хафиз ғазалдарын жоғары шабытпен, асқан ыждаһатпен аударғаны байқалады.

Шираз бұлбұлы

Иранда әрбір жас Хафиз жырларын жатқа айтып, төбесіне тұтады. Үйлердің кітап сөресінде қасиетті Құранмен бірге Хафиз томдары қатар тұрады. Шайыр жырлары – мәңгілік тақырыптарды қарпып, жұмбақ құбылыстарды сөз етсе де, бесіктегі баладан еңкейген қартқа дейін сүйікті, ұғымды. Гректер үшін Гомер, италиялықтар үшін Данте, ағылшындар үшін Шекспир қандай қадірлі болса, ирандықтар үшін Хафиз есімі құдіретті, кемел есім.

Ханаанға қайтып Жүсіп те келер, жылама,

Гүлстан сынды лашығын көрер, жылама.

Қасірет шеккен сенің де жаның

жай тауып,

Алланың өзі рахымын төгер, жылама.

Көктем де шығар, қонарсың гүлге бұлбұлым,

Көкорай шалғын нуына бөлер, жылама.

Көк-зеңгір аспан қашанғы теріс айналар,

Ол-дағы бір күн еміреніп өбер, жылама.

Ақын жаны жауыннан соңғы шөп ұшына қонған тұмса шықтай, таңғы алма ағашында дірілдеген сәруар тамшыдай. Оқырманның жанын тасқындай шайып, жүрек дерттерін жұлып өтер «зеңбірек» жырлар нұрлы күйге түсіреді. Хафиз ғазалдарында «сахи», «шарап», «гүл», «көбелек» сөздері символикалық ұғымдармен астасып беріледі. Мәселен, шарап дегеніңіз Құдайдың нұры, кесе болса жүрек ретінде қолданылады. Яғни көзеге толтырып шарап ішу – Құдайдың нұрын жүрекке толтыру. Хафиз өмірін зерттеушілер оның ешқандай бүлікшіл, қызқұмар, маскүнем болмағанын, керісінше тәлімді, өнегелі өмір сүргенін, отбасына тиісті қамқорлық танытқанын баян етеді. Содан да батыс өнерпаздары «қорапта» өмір сүрген ақынға ренжіп те жатады. Өз заманындағы ең озық ғылым жетістіктерін меңгеріп, өзге пән салаларымен қатар Құранды түсініп оқу, жаттау ісінің жүйрігі болған ол желдей ескен сергек, ақылды адам болған деседі.

Хафиз тек Құдайды мадақтап, жаратылыстың әсемдігіне таңданумен ғана шектелген жоқ. Аласапыран уақыттарда қашан да қарапайым халық мүддесін жақтап, заманның бағдарын танып отырды.

Қомағайлық кең дүниені бара жатыр

тарылтып,

Адал жан жоқ, жұрттың

бәрі ардақтамас арын түк.

Жаны дархан, ақылы мол адамды да

бұл күнде,

Күйкіліктің күші

басып алыпты ғой бағынтып.

Қасиет, қадір иесі деп жүргендердің өзі де,

Қажып біткен осы кезде

қасірет әбден сабылтып.

Тайраң қағып ақылы аз,

ақшасы көп надандар,

Зыр жүгірткен талайларды

бір өзіне бағынтып.

Иә, Хафиз дәуірінде әлеуметтік олқылық­тары, адамдардың адамшылықтан алтынды артық көргені, салмақсыз жылпостардың қасиетті адамдардың үстінен қоқилана үкім жүргізер әлпеті ғазалда көрініс табады. Сірә, қай ғасырдың да тартысқа түскен мәселелері бір-біріне ұқсас келіп жатады. Ежелгі рим ақыны Овийдидің «Махаббат алхимиясын» оқысаңыз немесе Гай Валерий Катулл жырларына үңілсеңіз де заман адамдарының рухани ахуалына, жаннан гөрі тәнді, ардан гөрі атақты сүйер тобыр жаңғырығына куә боласыз. Қай заманның да өз Фаусты мен Мефистофелі, Ақаны мен балта асынған Батырашы бар.

Хафиз – ғаламның ғажайып жарасымын, көз жетпес көркемдігін жырға қосады, табиғат тұтастығын елжіреп сүйеді, еміне құшағын алады. Таңданудан, таңдай қағудан танбайды.

Түсімде көрдім жарқырап жаңа ай туғанын,

Айы жоқ кезде қара түн көкте тым қалың.

«Алыста жүрген аяулы досым келер», – деп,

Жорыдым түсті, тәңірім білер шын мәнін.

Сол үшін кәне шалқып бір бүгін ішелік,

Құмыраңдағы шараптың түгел құй бәрін.

Хафиз өмірінің соңғы уақыты Шах Мансұр Мұзаффаридтың ел билеген тұсына тап келді. Бұл кезең Әмір-Темір шапқыншылығының долданған дауылдай үдеп, жел тиген өрттей қаулап тұрған сәті еді. Ақын мен әмірдің арасындағы аңызға құрылған диалог жазылып та, айтылып та жүрді. Хафиз жанының түсі, қалыбы, арайы адамға үміт пен қуаныш сыйлайды. Жарқын күнге жол ашады. Әдетте, жылату көп адамның ісі де, жұбату нар адамның ісі. Шираз бұлбұлының жыры өрекпіген, өршеленген, өмір асуларынан деміккен кісі көңілін жұбатушы алақан іспетті.